Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Кезекті сот тыңдалымы Ерболат Жанабыловтың жауап беруінен басталды. Сот барысында оған негізгі сұрақтарды адвокаты Гаухар Айтжанова қойды.
Блогер алдымен өзі сатқан онлайн курстар туралы мәлімет берді.
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform– Жұбайыммен Қытайға бірнеше рет барып жүрдік. Себебі әйелім косметика және тоқыма бизнесімен айналысты. Осы тәжірибеге сүйене отырып, оқу курсын әзірлеуді қолға алдық. Бұл ретте бізге спикер Асет Акбар көмектесті. Курстың негізгі мақсаты – барлық процесті қарапайым әрі түсінікті тілмен көрсету. Тапсырысты қалай тез беру керек, қандай қадамдар жасау қажет – барлығы телефон арқылы кезең-кезеңімен көрсетіліп, толық түсіндіріледі. Ал Сұңғат Өтеболатов техникалық жұмыстарға жауап берді: түсірілім жүргізіп, монтаж жасауды ұйымдастырды, - деді блогер.
Оның айтуынша, «барабан сәттілігі» жүйесін техникалық маман Сұнғат Өтеболатов әзірлеген. Бұл жүйеге оның кіру құқығы болмаған.
– Менің бұл жүйеге кіру мүмкіндігім болған жоқ. Соңғы рет компьютерді, шамасы, 9-сыныпта пайдаланған шығармын. Сондықтан ұтыс нәтижесіне әсер етуге мүмкіндігім болмады, – деді Жанабылов.
Сондай-ақ блогердің сөзінше, ол өз әріптестерінің курс сатып, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын білмеген.
– Мен бұл туралы білмедім. Дархан Жолшыбековтің стористерінде салық төлеу қажет екені туралы ақпараттар болды. Сондай-ақ интернетте оның салық төлемегені туралы үлкен резонанс болған еді. Мен оны салық төлемегені үшін жауапкершілікке тартылып жатыр деп ойладым. Ал лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік айыппұл салынғанын білмедім. Ал Нұрбек Нұртаза әкімшілік айыппұлды біздің жағдайдан кейін, қоғамда резонанс туған соң төледі, - деді ол.
Осы тұста Жанабылов өзімен ұқсас жағдайға тап болған блогер Дархан Жолшыбаевтың тек әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын алға тартты. Ал өзіңе қатысты неге қылмыстық іс қозғалғаны түсініксіз екенін де жеткізді.
Дархан Жолшыбаевтың өзі де әкімшілік айыппұл салынғанын айтқан. Ол сотқа өзі бармаған, оның орнына адвокаты қатысқан, сондай-ақ апелляциялық шағым берілген. Ол да кінәсін толық мойындамаған. Бірақ оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.
– Менде де дәл сондай жағдай болды. Бірақ маған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заң бәріне бірдей емес пе? Неге бір жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал басқа жағдайда – қылмыстық іс? Әлде мұнда қоғамдық резонанс әсер етті ме? - деді Ерболат Жанабылов.
Мұнан соң айыпталушы істің алғашқы сәтінен бастап осы күнге дейінгі сот процестерін тізбектеп баяндады. Оның пікірінше, ол бастапқыда әкімшілік процеске қатысуды жоспарламаған. Сондай-ақ сотта сөз сөйлеуге дайын болмағанын және жағдайды толық түсінбегенін де жеткізді.
– Біз сол әкімшілік сотқа бардық, мен тіпті ол жерде сөйлейтінімді білмедім. Маған ештеңе айтылған жоқ, мен ештеңе түсінбедім, мені дайындаған жоқ. Жеті ай бойы мен үнсіз жүрдім, – деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекеті Қазақстан Туризм және спорт министрлігі назарына іліккен болатын.
2025 жылғы 26 тамызда Ерболат Жанабыловқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Ал 2025 жылғы 16 қазанда блогерлерге қатысты әкімшілік сипаттағы іс қылмыстық өндіріске ауыстырылды.
Алайда 13 наурызда өткен алдын ала сот тыңдалымында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова істі прокуратураға қайтаруды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Осы жылдың 16 наурызында блогерлерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталып, куәгерлер сөз сөйледі.
Ал 30 наурыз күні өткен кезекті сот тыңдалымына куә ретінде Алматыдан блогер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза келді.