Жетісу экологиясы алаңдатады

10.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәселе айыппұлмен шешіле ме?

«Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғанда көпшілік оны көше сыпыру, ағаш отырғызу, ауланы абаттандыру секілді науқанмен байланыстырды. Бірақ экология мәселесінің түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Табиғатқа ең үл­кен зиянды қарапайым тұрғын емес, өн­діріс орындары, заң талаптарын елемейтін кәсіпорындар мен жауапсыз басқару жүйесі келтіреді. Экологиялық мәдениет тек сенбілікпен өлшенбейді. Ол ең алдымен заңның үстемдігімен, мемлекеттік бақылаудың пәрменділігі­мен, кәсіпкерлердің жауапкершілігімен айқындалуға тиіс. Облыстық экология департаментінің басшысы Тілеухан Байқуатов жариялаған мәліметтер өңір­дегі экологиялық ахуалдың әлі де алаң­датарлық жағдайда екенін көрсетті.

«Басты мақсатымыз – экологиялық мониторингтің сенімділігін қамтама­сыз ету, өңірдің қауіпсіздігін арттыру. Әсіресе Сырымбет ауылы тұрғындары­ның ұжымдық арызынан кейін жүргізіл­ген тексеріс бірнеше ірі заңсыздықтың ­бетін ашты», дейді Т.Байқуатов.

Заң бұзушылықтардың бірқата­ры мемлекеттік мониторингтің емес, тұр­ғындар шағымының нәтижесінде белгілі болған. Демек, қоғам дабыл қақпаса, кей­бір кә­сіпорындардың әрекеті ұзақ уақыт назар­дан тыс қалуы мүмкін еді. Айталық, жыл басынан бері жүргізілген 17 ірі тек­се­рудің нәтижесінде 66 заң бұзушы­лық анық­талған. Оның 39-ы өрескел құқық бұзу­шылық санатына жатады. Бұл жай ғана статистика емес, табиғатты қорғау сала­сындағы жүйелі тәртіпсіздіктің нақты көрінісі. Қоршаған ортаға залал келтірген кәсіп­орындарға салынған айыппұл көлемі 303,7 млн теңгеге жеткен. Бір қараған­­да қомақты қаржы сияқты көрінеді. Алай­да мәселенің екінші жағына үңілсек, мил­лиондаған теңге айыппұл табиғатқа келген шығынды өтей ала ма деген заңды сұрақ туындайды.

Өкінішке қарай, елімізде экологиялық заң бұзушылықтарға қатысты қалыптасқан тәжірибе көбіне «айыппұл төледім – мәселе жабылды» деген түсінікке тіреледі. Кәсіпорындардың табиғатты ластағаны үшін төленетін айыппұл кейде өндірістік шығындардың бір бабына айналып кеткендей әсер қалдырады. Бұл жағдай заң талаптарын сақтауға емес, оны айналып өтуге үйре­тетін қауіпті үрдіс қалыптастырып отыр. 

Ауа жайылған кәсіпорындар

Тағы бір көлеңкелі мәселе – «Текелі-мрамор» серіктестігі қызметіндегі ке­леңсіз­дік. Кәсіпорынның экологиялық рұқсаты­ның мерзімі аяқталғанына қара­мастан, өндіріс жарты жыл бойы жұ­мысын тоқтат­паған. Бұл – жай құжат­тық қателік емес, заң талаптарын саналы түрде елемеу. Та­би­ғатты пайдалану құқығы – мемлекет тара­пынан уақытша берілетін мүмкіндік, сол құ­қық­тың мер­зімі аяқталғаннан кейін жұмысты жал­ғас­тыру қоғам алдындағы жауап­кер­шілік­тің жоқтығын көрсетеді. Бүгін­де кә­сіпорын қызметін сот арқылы уақыт­ша тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр.

«Талдықорғанды таза қала дегенімен, экологиялық әлеуеті өте төмен. Ауаның сапасы жылдан-жылға нашарлап барады. Тіпті түнде терезе ашсақ, әйнектің іші майланып тұрады. Қала ішіндегі кәсіп­орындардан ауаға ұшатын химиялық эле­менттер мен түрлі зиянды зат өте көп. Оны ешкім елеп жатқан жоқ» дейді қала тұрғыны Ақмарал Жауынбаева.

Тұрғындар сөзінің жаны бар. Бұрын­дары да экологтер осы мәселені көтерген еді. Бірақ жабулы қазан жабулы күйін­де қал­ды. Мысалы, «Алатау Мрамор» ЖШС-не қатысты жағдай бұдан да күр­делі. Кәсіпорын жарылыс-бұрғылау жұмыс­ын рұқсатсыз жүргізген. Оның үстіне шаң-тозаңды басуға арналған су шашу жүйелері ұйымдастырылмаған. Өндірістік шаң экологиялық проблема ғана емес, адамдардың денсаулығына тіке­лей қауіп төндіретін фактор. Мұндай жағдай­да жақын маңдағы елді мекен тұрғын­дары тыныс алу жолдары ауруларына, аллергиялық реакцияларға жиі ұшырайды.

«Бизнеске де оңай емес. Құжат рәсім­деу мерзімі ұзаққа созылады. Кейде мемлекеттік органдардың келісімдерін бірнеше ай бойы күтеді. Дегенмен бұл заң талаптарын сақтамауға себеп болмауы керек. Біз өндірісті жүргізумен қатар қоршаған ортаны қорғауға да міндеттіміз», дейді кәсіпкер Айдос Белбаев.

Шынында да, бизнестің өз қиындықтары бар. Бірақ қандай жағдайда болсын заң бәріне ортақ болуға тиіс. Егер кәсіпкер пайда табу жолында табиғатты құрбан етсе, оның әлеуметтік жауапкершілік туралы айтқаны бос сөз болып қала
береді.

Сұрыпталмаған қоқыс – жүйесіздіктің «жемісі»

Жетісудағы ең күрделі экологиялық түйткілдің бірі – қалдықтарды басқару жүйесі. Өңірдегі жеті полигонның тек үшеуінде ғана экологиялық рұқсат бар. Қалған төртеуі құжатсыз жұмыс істеп отыр. Бұл жағдайдың өзі мемлекеттік басқару жүйесіндегі олқылықты көрсетеді.

Қоқыс полигондарының жиі жануы да ерекше алаңдатады. Қоқыс өртен­ген кезде атмосфераға ондаған улы химия­лық қосылыстар таралады. Олардың құрамын­да канцерогенді заттар да болуы мүмкін. Мұндай түтіннің әсері кейде өндірістік шығарындылардан да қауіпті болады. Мәселен, облыста жыл сайын 220 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Соның небәрі 17,8%-ы ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі полигондарға жөнелтіледі. Бұл көрсеткіш дамыған елдердегі қайта өңдеу деңгейінен бірнеше есе төмен.

«Мұның басты себебі – сұрыптау инфрақұрылымының жоқтығы. Алайда бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Сондықтан жауапты органдардың алдын ала жос­парлау жұмысы жеткілікті болды ма деген сұрақ туындайды», дейді эколог Едіге Бегімбаев.

Шын мәнінде, облыс әкімдігі мен салалық басқармалар экологиялық проб­ле­ма­ларға көбіне салдары пайда болған­нан кейін ғана араласатын секілді әсер қал­дырады. Заңсыз қоқыс үйін­ділері пайда болған соң ғана оларды жою жұмысы бас­талады. Полигон өртенген соң ғана тек­серіс жүргізіледі. Кәсіпорын заң бұзғаннан кейін ғана айыппұл салынады. Ал қазіргі заманғы экологиялық саясаттың негізі алдын алу болуға тиіс. Айталық, әкімдік жанынан тұрақты экологиялық мониторинг штабтарын құруға болар еді. Сон­дай-ақ өндіріс орындарының қызме­тін онлайн бақылау жүйелерін көбейту керек. Қоғамдық экологиялық кеңестер­дің жұмысын күшейтіп, тұрғындар­дың шағымдарына жедел әрекет ету тетіктерін енгізу маңызды. Мектептер мен колледждерде қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға бағыттал­ған бағдарламалар қажет. Әр ауданның қалдықтарды басқару жөнінде нақты жол картасы болуға тиіс.

Бүгінде геопортал арқылы анықталған 35 заңсыз қоқыс үйіндісінің тек 11-і ғана жойылған. Бұл жұмыстың баяу жүріп жатқанын көрсетеді. Қоқысты уақытында тазаламағаны үшін бірнеше шенеунікке 1,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда бұл жерде де басты мәселе айып­пұл емес, басқару тиімділігі болуы керек. Өйткені әкімдік өкілдері жауапкершілікке тартылғанымен, заңсыз үйінділердің өзі бір күнде жойылып кеткен жоқ. Демек мәселенің тамыры тереңде жатыр.

«Облыста оң өзгерістер де жоқ емес. «Alacem» мен «Талдықорғанжылу­сер­вис» автоматтандырылған монито­ринг жүйесін енгізіп, шығарындылар туралы мәліметтерді онлайн режімде ұсы­нып отыр. Бұл – ашықтыққа қарай жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін шығарындылар лимитінің 3,1%-ға қысқартылуы да оң нәтиже беруге тиіс», дейді жауапты департамент басшысы.

Жетісудағы экологиялық ахуал көр­се­тіп отырғандай, табиғатты қорғау жұ­мысы тек жазалау шараларымен шек­тел­меуі ­керек. Айыппұл салу – мәсе­ле­нің соңғы кезеңі. Ал басты міндет – заң бұзу­шылыққа жол бермеу. «Таза Қазақстан» идеясының шынайы мәні де осында. Тазалық тек көшенің көркі емес. Ол – кәсіпкердің адалдығы, шенеунік­тің жауапкершілігі, қоғамның белсенділігі, заңның бәріне бірдей қызмет етуі. Егер өңірдегі кәсіпорындар табиғатты табыс көзінен жоғары қоя алмаса, жауапты органдар алдын алу шараларын күшейтпесе, онда миллиондаған теңге айыппұл да экологиялық қауіптің алдын ала алмайды.

Табиғаттың тілі жоқ. Бірақ оның үнсіз да­былы бар. Бүгінгі Жетісудың экология­лық мәселелері сол дабылдың барған са­йын қаттырақ естіліп келе жатқанын аң­ғартады. Оны есту де, әрекет ету де – билік­тің, бизнестің, қоғамның ортақ міндеті.

Жетісу облысы 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью