Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Жетісу облысында медицина саласындағы кадр тапшылығы дәрігерлерге көтермеақы төлеу арқылы шешіліп келеді.
Кейінгі екі жылда 153 маман жұмысқа қабылданды. Әрқайсысына 5 млн-нан бастап 10 млн теңгеге дейін берілді. Жергілікті бюджеттен төленетін қаржылай қолдау емдеу мекемелеріндегі қызмет сапасын жақсарту мақсатында қолға алынды.
Бұрын Бақтыбай ауылындағы амбулаторияда жалғыз жалпы тәжірибелік дәрігер болатын. Былтыр өңірлік бағдарлама арқылы Гүлбаршын Елжанқызы жұмысқа алынып, оған 10 млн теңге көлемінде көтермеақы төленді.
Гүлбаршын Елжанқызы, Бақтыбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері:
- Қазіргі таңда әріптесіміз екеуіміз пациенттерді екі жақтан қабылдаймыз. Дәрігер көбейгеннен кейін медицинаның сапасы, пациенттерге берілетін көмек сапасы да жақсарды. Бұрыңғыдай емес пациенттер жылдам көмек ала алады.
Аймақта медицина қызметкерлерін қолдаудың тағы бір тетігі қарастырылған. Екі ай бұрын Көксу ауданында 20 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде жергілікті дәрігерлердің қызметтік баспанаға деген мұқтаждығы толықтай шешімін тапты. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында жас отбасылар да бар.
Самал Ержанқызы, Көксу аудандық ауруханасының дәрігері:
- Бір реттік 10 млн теңге берілді. Жұмысқа кіргеніміз үшін баспана берілді. Жас отбасының ондай көлемдегі қаражат жинауы қиын. Жұмыс істегеннің өзінде ондай ақша жинау оңай емес. Бірден 10 млн беріп, баспана беру жас маман үшін өте үлкен мүмкіндік. Екіншіден біздің көршілеріміздің бәрі әріптесіміз. Біз ортақ кәсіпте бір жұмыста істейміз. Былай айтқанда, өте жақын араласамыз.
Келісімшарт бойынша ауылдардағы емдеу мекемелеріне барған дәрігерлерге 10 млн, ал қалаға келгендерге 5 млн теңге төленеді. Өз кезегінде олар бес жыл бойы тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Кадр тапшылығын шешіп, медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бағдарлама екі жыл бұрын қолға алынды.
Алмагүл Кенжеғұлова, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Екі жылдың ішінде 153 дәрігерге көтермеақы төленді. Олардың ішінде 69 ауылдық жерлерге орналастырылды. Қалған қалалық жерлерге орналастырылды. Бүгінгі күні резедентура мамандығында 152 резидент оқып жатыр. Осы шаралардың барлығы дәрігер тапшылығын 202-ден 144-ке азайтып отыр.
Облыстағы емдеу мекемелеріне травматолог, хирург, анестезиолог, акушер-гинеколог сынды медицина қызметкері жетіспейді. Жас мамандарды тарту үшін биыл да 80 дәрігерге көтермеақы төлеу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев