Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Конституция – құқықтық мемлекеттің негізі» тақырыбында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуіне арналған дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиынды университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев жүргізіп, қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.
Өз сөзінде ректор жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің құқықтық жүйесіндегі маңызды кезең ғана емес, мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Бұл – мемлекетіміз үшін тек құқықтық меже ғана емес, терең дүниетанымдық мәні бар тарихи оқиға. Жаңа Конституцияда адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияларды дамыту жеке ведомстволық міндет ретінде емес, мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілгені ерекше маңызды. Бұл жоғары білім беру ұйымдарына жүктелетін жауапкершіліктің арта түскенінің айқын көрінісі», – деді Ермек Бөрібаев.
Дөңгелек үстелде Жетісу университеті базасында филиалы ашылған Италияның Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальяринидің бейнеүндеуі көрсетілді.
Энрико Куальярини Қазақстан халқын жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтап, екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
«Италия мен Қазақстанды өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген достық қарым-қатынас байланыстырады. Біздің университеттеріміз білім беру, ғылыми зерттеулер және студенттер алмасуы арқылы осы достықты нығайтуға үлес қосып отырғанына мақтанамыз.
Марке политехникалық университеті мен Жетісу университеті арасындағы серіктестік қос дипломды бағдарламалар, оқытушылар алмасуы, бірлескен ғылыми зерттеулер, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы Жетісу университеті кампусында жұмыс істейтін университетіміздің филиалы арқылы жыл сайын нығайып келеді. Алдағы уақытта да көптеген жаңа бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдіремін.
Осы ерекше күні шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар. Конституция күні құтты болсын! Қазақстанның барша халқына ізгі тілектерімді арнаймын», – деді Энрико Куальярини.
Жиын барысында Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан, Физика-математика факультетінің деканы Ілияс Есенғабылов, Құқық және экономика факультетінің деканы Ғалым Телеуов, Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Әлібек Ізбасаров және Гуманитарлық факультет деканы Райгүл Желдібаева баяндама жасады.
Баяндамашылар жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев өз сөзінде жаңа Конституцияда айқындалған құқықтық мемлекет қағидаттарының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Ол Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты әділетті қоғам мен тұрақты мемлекеттің негізгі тірегі екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа Конституцияның Қазақстанның тұрақты дамуының, заң үстемдігі мен қоғамдық келісімнің берік негізіне айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттыру және конституциялық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.