Жетісуда 22 жастағы ер адам 15 жастағы қызды интим суреттерімен бопсалаған

07.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Жетісу облысында кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы материалдарын заңсыз таратты деген күдікпен 22 жастағы тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің Алакөл ауданының тұрғыны екені анықталды.

Тергеу мәліметінше, ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджер арқылы жалғастырған. Күдікті қыздың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге беремін деп уәде етіп, одан интимдік сипаттағы фото және бейнематериалдарды алған.

Кейін ол бұл материалдарды мессенджердегі жабық арналарда заңсыз таратып, одан материалдық пайда тапқан.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция ата-аналарды балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Ведомство кәмелетке толмағандарға бейтаныс адамдармен хат алмасудың қауіпті екенін түсіндіріп, жеке фото мен бейнематериалдарды ешкімге жібермеуді ескертеді. Егер интернет арқылы бопсалау, қорқыту немесе жеке деректерді заңсыз тарату деректері анықталса, азаматтарға дереу полицияға жүгіну ұсынылады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью