Жетісуда этнокітапхана ашылды

29.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Кейінгі жылдары об­лыс­­та кітап­хана сала­сы­на ерекше көңіл бөлінді. Облыстың аудан-қала­ла­рында кітапхана­лар жаңар­тылып, елді мекен­дегі­лерінің материалдық-техникалық базасы біршама жақ­сар­ды. Қорлары толық­ты­ры­лып, электронды кітап­тар саны көбей­ді. Тіпті цифр­лық қызметтер кеңі­нен енгі­зілді. Мұның барлығы Мем­лекет басшысы айқындаған кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағы­тының өңірде нақты іске асып жатқанын көрсетеді.

Осы игі жұмыстардың заңды жалғасы болған этнокітапхана Жетісу­дың өзіндік тарихи ерек­шелігін ескере отырып жасақ­тал­ған. Интерьерін безендіру бары­сында қазақтың ұлттық мәде­ние­тінің элементтері кеңінен қолданылған. Бұл келушілерге ұлттық нақыш пен заманауи кітапхана үлгісі үйлескен ерекше атмосфера береді. Этномәдени кеңістік тұжырымдамасы негізінде оқырманға жаңа әсер сыйламақ. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айдос Игембайдың айтуынша, бұл әдебиет арқылы түрлі этностың мәдени мұрасын дәріптеуде жаңаша қадам болмақ.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, кітап оқуға баулу – өркениетті қоғам құрудың және озық ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Сондықтан азаматтарымыздың, әсіресе жастардың арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауымыз керек. Бүгінгі ашылып отырған этнокітапхана – осы ұстанымның жарқын көрінісі. Бұл жоба мәдениеттердің өзара жақындасуына ықпал етіп қана қоймай, өңірде ғылыми ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кітапхана оқу-әдістемелік орталықтың негізіне айналады деп жос­парлап отырмыз. Сонымен қатар Жетісу облысының этнодемографиялық және этномәдени ерекшеліктерін қамтитын заманауи цифрлық этнокарта жобасы әзірленді», дейді А.Игембай.

Бұл бастама кітапхананың қызметін дәстүрлі кітап сақтау орнымен ғана шектемейді. Келе­шекте мұнда ғылыми кездесулер, этномәдени дәрістер, кітап та­ныс­тырылымдары, дөңгелек үстел­дер мен зерттеу жобалары ұйым­дастырылып, жастар мен ғы­лыми қауымдастықтың басын қосатын маңызды алаңға айнал­мақ. Этнокітапхана облыс тұр­ғындарына, жастарға, студенттерге, ғылыми қызметкерлерге, оқы­ту­шыларға, этномәдени бірлес­тік­тердің мүшелеріне және жал­пы кітапсүйер қауымға арналған.

Кітапхана қорында шама­мен 1 500-ге жуық басылым жинақ­талған. Оның ішінде қазақ әде­биетінің жауһарлары, әлем әде­биетінің үздік үлгілері, түрлі сөздік, ғылыми еңбектер бар. Оған қоса Жетісуда өмір сүріп жат­қан көптеген этностың ана тіліндегі тарихи деректер қамтыл­ған. Ғылыми-әдістемелік еңбектер мен балалар әдебиеттері де орналасқан. Бұл кітаптар өңірдегі сан алуан мәдениеттің ортақ рухани байлығын таныстырып қана қоймай, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге де ықпал етеді.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де жаңа кітапхананың ашылуына жоғары баға берді. Олардың пікірінше, мұндай орталық өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттырады.

«Бұл кітапхана тұрғындардың кітап оқуға деген ынтасын оятып, түрлі этнос­тар­дың тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің рухани және зияткерлік дамуына қызмет ететін заманауи мәдени кеңістікке айналады деп сенеміз», дейді Әзербайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Эмиль Рахимов.

Бүгінде ауылдық кітапханалар жаңа­рып, олардың саны артып жатса, екін­шіден цифрлық технологиялар енгізіліп, электронды кітап қорлары кеңейіп келеді. Бұл оқырманның кітапқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, заман талабына сай қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Кітапхана – ұлттың рухани жады. Ол тек кітап сақталатын орын ғана емес, ұрпақтың дүниетанымын қалып­тастыратын, қоғамды білім мен пара­сатқа үндейтін мәдени институт. Ал этнокітапхана – осы міндетке қоса, түрлі мәдениетті жақындастырып, ортақ құн­дылықтарды дәріптейтін ерекше кеңістік. Сондықтан облыс орталығында ашылған жаңа этнокітапхана – Жетісудың рухани өміріндегі тағы бір маңызды белес болмақ.

Жетісу облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью