24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
«Алдағы 5 жылда жасанды интеллект адамнан да асып түседі». Осылай деген Америкалық миллиардер Илон Маск экономикалық форумда жаңа технологияның кең мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
Microsoft, NVIDIA, Google сынды алпауыт компаниялардың өкілдері де сала қарқындап дамитынына сенімді. Дегенмен кей сарапшылар оның болашағы бұлыңғыр деген болжам жасап отыр. Ақпараттық технология заманында адамзатты алда не күтіп тұр?!
Адамзат 100 жылда жететін жетістікке жасанды интеллект небәрі бір жыл ішінде жетеді. Экономикалық форумның жасанды интеллект жөніндегі орталық жетекшісі Кэти Ли осылай дейді. Оның айтуына қарағанда, бүгін танымал қосымша, тез ескіреді. Бұл ақылды машинаның болашақта жай алгоритм емес, кез келген салада маңызды тетікке айналатынын білдіреді. Сондай-ақ, экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы ықтимал. Санасы былай тұрсын, саны жағынан келешекте жер бетінде адам емес, гуманоид роботтар көбеюі ғажап емес. Илон Масктің де болашаққа бағдары осылай. Алайда оған жету үшін керегі - қуат көзі болмақ. Адамзат оны ғарыштан игеруге де дайын.
Илон Маск, Tesla компаниясының бас директоры:
- Алдағы бірнеше жылда біз SpaceX-пен бірлесіп, күн энергиясымен жұмыс істейтін жасанды интеллект спутниктерін ғарышқа ұшыруды жоспарлап отырмыз. Ғарыш – орасан зор энергия көз әрі онда кеңістік шексіз. Бұл өндірісті барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай АҚШ-та күн энергетикасына қатысты тарифтер өте жоғары. Себебі одан қуаттың басым бөлігі Қытайда өндіріледі.
Саланың қарқынды дамуы әлемдік экономиканың бұрын-соңды болмаған өсіміне әкелері сөзсіз. Алайда бұның салдары еңбек нарығын шайқалтуы мүмкін. Қазір жұмыстағы қысқартулар, еңбек күшінің жетіспеушілігі технология мен адам арасындағы тепе-теңсіздікті көрсетеді, - дейді кей сарапшылар.
Саадия Захиди, Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры:
- Еңбек нарығы елдер арасындағы бәсекелестіктің әсерінен өзгереді. Мемлекеттер бизнесті аз реттейтін болады. Автоматтандырудың нәтижесінде адам орнын жасанды интеллект жылдам алмастырады. Адам еңбегі барынша аз қолданылады. Жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Бірақ ол тез өзгеріп, жойылып отырады. Бұрын технологиялық даму кезінде де осылай болған. Уақыт өте келе қысқартулар теңсіздікті және саяси шиеленісті күшейтуі мүмкін.
Бұл тұста, Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг технологиялық серпіліс жоғары инновациялық құрылыс пен жаңа жұмыс орындарының ашылуын ынталандырады дейді. Сондай-ақ жасанды интеллектпен айналысатын компаниялар деректерді өңдеу орталықтарын, энергетикалық инфрақұрылымды және микрочиптер өндіретін зауыттарды көптеп салуға мүдделі. Ал бұл үшін білікті мамандар қажет, -дейді сарапшы.
Дженсен Хуанг, NVIDIA компаниясының бас директоры:
- Бұл – адамзат тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық даму жобасы. Ол көптеген жұмыс орындарын ашады. Атап айтсақ электрик, құрылысшы, болат өндіруші, желі технигі сияқты көптеген кәсіп иелеріне сұраныс артады.
Түптеп келгенде табыс кілті – жасанды интеллектіні экономикалық дамуға барынша ықпал ететіндей етіп қолдану. Кей сарапшылар осыны алға тартады. Яғни әңгіме ЖИ технологиялары мен адам еңбегі, адам капиталы арасындағы ынтымақтастықта жатыр.
Авторы: Фариза Жағанаева