ЖИ дамуы: Қытайда роботтарға арналған деректер орталықтары көбейіп келеді

23.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Өткен жыл Қытай үшін адамтәрізді роботтарды жаппай өндірудің алғашқы жылы болды: 140-тан астам отандық өндіруші 330-дан аса түрлі модель ұсынды. Алайда бұл жетістіктерге қарамастан, мұндай роботтарды жаппай коммерцияландыруға кедергі келтіріп отырған басты мәселе – деректер тапшылығы.

Осы мәселені шешу үшін Қытай мультимодальді деректерді жинайтын ұлттық орталықтар желісін белсенді түрде дамытып жатыр. Бұл елдің «робот өндіруден» «роботтандырылған интеллектке» көшу стратегиясының маңызды бөлігіне айналды.

Мұндай инфрақұрылымның айқын мысалы – Сычуань провинциясының Цзыгун қаласында ашылған адамтәрізді роботтарға арналған көпфункционалды деректер жинау және сынақ орталығы. Аумағы 6 мың шаршы метр болатын нысан биыл 8 қаңтарда жұмысын бастады және наурыз айында толық қуатына шығуды жоспарлап отыр. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: робот буындарындағы күш датчиктері, жоғары дәлдіктегі RGB-D көру жүйелері мен лидарлар арқылы деректер барынша нақты жиналады.

Фото: Синьхуа

Толық қуатында орталық күніне 15 мың жазба, жылына 3 миллионға дейін жоғары сапалы дерек жинай алады. Бұл деректер роботтарды нақты өндірістік жағдайларда — жүк сұрыптау, заттарды ұстау, тасымалдау және дәл орналастыру сияқты операцияларға үйрету үшін қолданылады.

Деректер жинау орталықтарын дамыту мемлекеттік деңгейде қолдау табуда. Қытай адамтәрізді роботтар мен «ендірілген» жасанды интеллекттің толық өндірістік циклі мен өмірлік кезеңін қамтитын ұлттық стандарттар жүйесін енгізді. Бұл стандарттар техникалық талаптарды, бағалау өлшемдерін және өзара әрекет ету хаттамаларын біріздендіріп, саланың бытыраңқылығын азайтады.

Мұндай орталықтар елдің түрлі қалаларында қарқынды түрде ашылып жатыр. Атап айтқанда, Бейжің, Шанхай, Тяньцзинь, Гуанчжоу, Лючжоу, Цзюцзян, Уси, Ухань, Шаосин және Чжэнчжоу қалаларында да осындай деректер жинау алаңдары құрылды.

Фото: Синьхуа

Жалпы, адамтәрізді роботтар индустриясы әлем бойынша бір ортақ мәселеге тап болып отыр — нақты ортада оқытуға қажетті деректердің жетіспеуі. Мұндай деректерді жинау көп қаржы мен уақытты талап етеді: бір ғана дерек жинау сессиясының құны 1000 юаньнан (шамамен 145 АҚШ доллары) асады, ал қарапайым операцияларды үйрету үшін ондаған мың әрекет қажет.

Қытай орталықтары бұл мәселені аралас тәсілмен шешуде: адам VR-құрылғылар арқылы қашықтан басқаруды және автоматты дерек жинауды қатар қолданады. Бұл жасанды интеллект модельдерін тиімді оқытуға, алгоритмдерді жетілдіруге және роботтардың түрлі жағдайларға бейімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылдың ақпан айының соңына қарай Сычуань провинциясында робототехникаға қатысты 1138 кәсіпорын тіркелген.

Бұдан бұрын Қытайда робототехника назарын механикадан басқару жүйелеріне аудара бастағанын жазғанбыз.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью