ЖИ мен дрондарға сүйену: Тоқаев құтқарушылардың жұмысын өзгертуді ұсынды

19.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Жасанды интеллект, ұшқышсыз аппараттар және жаңа технологиялар қазақстандық құтқарушылар жұмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлардың алдын алуға және жаңа буын мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөліп, азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртуды ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.

"Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.

"Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек", – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.

"Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр", – деді Президент.

“Осындай күрделі жұмысты рухы мықты адамдар ғана таңдайды“: Тоқаев құтқарушыларды марапаттады

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью