ЖИ зертханасы іске қосылады

10.10.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Алғашқы кезеңде зертхана мамандары заңнама­дағы қайшылықтарды анықтауға, заң жобаларын талдауға және заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалауға арналған құралдарды сынақтан өткізеді. Бұл технологияларды Құрылтай депутатта­ры­ның жұмысына енгізбес бұрын олардың дәлдігі, сенімділігі және заңнама талаптарына сәйкестігі жан-жақты тексеріледі. Сынақтан сәтті өткен құралдарды e-Quryltai цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Зертхана жұмысының тағы бір бағыты – дерек­терді талдау. Жасанды интеллект азаматтардың өті­ніштерін саралап, өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтауға және оларды заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеруге көмектеседі.

«Әділет» партиясы төрағасының цифрландыру жө­ніндегі орынбасары Қаныш Төлеушиннің айтуын­ша, зертхананың алғашқы жұмыс кезеңіне бес пи­лоттық жоба іріктелген.

– Әуелі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі мен дербес деректерді қорғауға қатысты заң жобаларын талдауға басымдық береміз. Сондай-ақ депутаттық сауалдардағы мәліметтердің дұрыстығын тексеретін жасанды интеллект құралын сынақтан өткіземіз. Бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалау әдістемесін әзірлеп, жасанды интеллектіні заң шығару ісінде қолдану талаптарын айқындаймыз, – деді ол.

Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева жа­сан­ды интеллектіні заң шығару ісінде қолдану үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар заңнамамен тікелей жұмыс іс­тейтін мамандардың қатысуымен мұқият тексерілуге тиіс. Зертхана жұмысына заңгерлер, бағ­дар­лама­шы­лар, ғалымдар мен салалық сарапшылар тартылды. Олар жаңа технологиялардың мүмкіндік­терін, заң­нама талаптарына сәйкестігін және іс жүзінде қолдану тиімділігін бағалайды.

Алдағы уақытта зертхананың техникалық мүмкін­діктерін кеңейту, заңнамалық дерекқорларды дамыту және ғылыми әрі сарапшылық ұйымдармен ынты­мақ­тастықты нығайту көзделіп отыр. Пилоттық жо­ба­лардың нәтижелері жасанды интеллект құрал­дарын заң шығару ісіне одан әрі енгізуге және Құрыл­тайдың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға негіз болмақ.

 Бекбол Амангелді

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью