Жинақты доллармен сақтаған дұрыс па?

17.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Маусым айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетті. Бұл – 2024 жылдың ортасынан бері алғаш рет қабылданған шешім. Мамандар мұны ақша-несие саясатының біртіндеп жұмсара баста­ғанының белгісі деп баға­лайды. Соған сәйкес алда­ғы уақытта теңгелік депо­зит­тердің сыйақысы да төмен­деуі мүмкін. Осындай жағдайда кейбір азаматтар жинағын қайтадан долларға аударуды ойластырып жатыр. Алайда тәуелсіз қаржы кеңесшісі Аман Әлімбаев мұндай шешімнің де өз тәуекелі бар екенін айтады. Оның сөзінше, көпшілік теңгенің бағамына ғана назар аударып, доллардың өзіндегі инфляцияны ескере бермейді.

«Доллар теңгенің құн­сыз­дануынан белгілі бір деңгейде қорғай алады. Бірақ доллардың өзі де уақыт өте келе құнын жо­ғал­тады. Мәселен, кейінгі 30 жылда оның сатып алу қабілеті шамамен екі есеге азайды. Басқаша айтқанда, бұрын 100 долларға алуға болатын дүниені бүгін сол ақшаға толық сатып алу мүмкін емес. Ал осы уақыт аралығында S&P 500 индексі доллардағы инфляцияны есептегеннің өзінде шамамен 805 пайызға өсті. Бұл ақшаны жай сақтап қою мен оны ұзақ мерзімге тиімді инвестициялаудың айырмашылығы өте үлкен екенін көрсетеді», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жинақ­ты бір жерге сақтай салмай, екіге бөліп басқар­ған дұрыс. Біріншісі – күтпеген жағдайға арналған қор. Бұл – жұмыссыз қалып қалғанда, сырқаттанып емделуге ақ­ша керек болғанда неме­се басқа да тосын шығын шық­­қанда жұмсалатын қара­жат. Мұндай қор отба­сының кемінде алты ай­лық, мүмкін болса бір жыл­­дық негізгі шығынын өтеуге жетуі керек. Ең бас­тысы, бұл ақша кез келген уа­қытта қолда болуы қа­жет. Сондықтан оны акция сияқты құны құбылып тұра­тын құралдарға салуға болмайды.

«Егер күтпеген жағдайға деп жинаған қаражат долларда сақталса, оны қысқа мерзімді ақша нарығы қорларына немесе мерзімі әртүрлі шетелдік облигациялардан құралған ин­вестицияға салуға бола­ды. Бұл құралдардың тәуе­келі салыстырмалы түр­де төмен, сонымен қатар жылы­на шамамен 4-6,5 па­йыз көлемінде валюталық табыс әкелуі мүмкін. Ал қаржылық қордан тыс қал­ған қаражатты ұзақ мер­зімге инвестициялаған дұрыс», дейді қаржы кеңес­шісі.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью