7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанда экономикалық өсім байқалғанымен, халық табысының айтарлықтай артпауы қоғамдағы басты сұрақтардың біріне айналды.
Үкімет бұл жағдайдың себебін өндіріс құрылымы мен мұнай бағасының өзгеруімен байланыстырып отыр.
Үкіметте өткен брифингте Серік Жұманғарин халық табысын өсіру бағытында қандай шаралар қарастырылып жатқанын түсіндірді.
Оның айтуынша, басты назар жаңа жұмыс орындарын ашуға және жалақысы жоғары салаларды дамытуға аударылмақ. Әсіресе өндіріс, нақты сектор және шағын әрі орта бизнеске қолдау күшейтіледі.
«Халық табысының шамамен 77 пайызы жалақыдан құралады. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту және еңбекақы қорын көлеңкеден шығару маңызды», – деді вице-премьер.
Министрдің сөзінше, Үкімет ең төменгі жалақы мәселесін де қайта қарап жатыр. Сонымен қатар бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің табысын арттыруға қатысты жобалар әзірленуде.
Жұманғарин халықтың экономикалық өсімді өзінің нақты табысымен тікелей байланыстыратынын қалыпты құбылыс деп атады. Алайда кей жағдайда ЖІӨ өсімі азаматтардың күнделікті табысына бірден әсер ете бермейді.
Мысал ретінде ол мұнай секторындағы жағдайды келтірді. 2025 жылы мұнай өндірісі 13,4 пайызға артқанымен, әлемдік мұнай бағасы 14,4 пайызға төмендеген. Соның салдарынан жалпы ішкі өнім өскенімен, экономикалық тиімділік күткендей жоғары болмаған.
«Өндіріс көлемі өскендіктен ЖІӨ артты. Бірақ мұнай бағасының төмендеуі оның экономикаға әсерін әлсіретті. Сондықтан бұл жалақы өсіміне айтарлықтай ықпал еткен жоқ», – деді министр.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасындағы басты мәселенің бірі — өсімнің халықтың нақты әл-ауқатына толық жетпеуі. Өйткені экономикалық көрсеткіштердің көтерілуі көбіне шикізат секторымен байланысты болса, қарапайым азаматтар үшін маңыздысы — жалақы, баға және күнделікті шығын деңгейі.
Қазір Үкімет алдында экономикалық өсімді тек статистикада емес, халықтың нақты табысында сезілетін деңгейге жеткізу міндеті тұр.