Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Нұрсая шағын ауданындағы саябақ құрылысы 2023 жылы басталғанымен, алаңды дайындау жұмыстарынан әрі аспаған. Жоба түзетуге жіберіліп, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама аяқталғаннан кейін ғана құрылыс қайта жалғасады деп күтіліп отыр.
Бұл туралы журналистік сауалға жауап берген қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов мәлімдеді. Оның сөзінше, жұмыстар 2023 жылдың IV тоқсанында басталған, алайда алаңда тек демонтаж жұмыстары жүргізіліп, бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілген. Учаске тазартылып, топырақ төселіп, тегістелгеннен кейін жоба қайтадан түзетуге жіберілген.
Жобаның бастапқы құны 1 млрд 493 млн 24 мың теңгені құраған. Қазір бұл сома нарықтағы баға өзгерістеріне байланысты қайта қаралып жатыр. Жаңартылған құны әзірге жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта жобаға қатысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, жаңартылған жоспарға сәйкес, болашақ саябақта субұрқақ, ойын-сауық алаңдары, воркаут аймақтары, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған демалыс орындары қарастырылған.
Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде. Сараптама қорытындысын 2026 жылдың мамыр айының соңына дейін алу жоспарланған. Оң қорытынды алынған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданады.
«Аталған нысанның құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда», – деді қала әкімінің орынбасары. Алайда нақты мерзім жобаның келісімдер кезеңінен қаншалықты жылдам өтетініне байланысты болады.
Айта кетейік, «Атырау қаласы Нұрсая шағын ауданында саябақ құрылысы» нысанының тапсырыс берушісі – «Қалалық құрылыс бөлімі» ММ, ал мердігер мекеме – «Сұңқар Құрылыс ЛТД» ЖШС.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 19:15