Жол мен жауапкершілік: ақылы асфальттың астары

04.04.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Темір тұлпар иелерінің қара жолға төлеген ақысы – тек асфальттың құны ма, әлде мемлекет пен қоғам ара­сындағы сенімнің де өлшемі ме деген сауал көкейге қонып, көңілді мазалайды. Ақылы жолдардан пайда бол­май тұрғанын парламентшілер де айтып жүр. Ақырында қо­ғамдық қысым мен депутаттық сын шенеуніктерді бел­гілі бір жеңілдіктерге баруға мәжбүр етті.

Қаржы шығыны артып келеді

Қазақстанда алғашқы ақылы жол 2013 жылы пайда болды. Жоба «қар­лығашы» – «Астана – Щу­чинск» автобаны еді. Артынша бұл бас­тама тежеліп, жолға қараған ел көңіліндегі алаң басылды. Алайда Үкімет трассаларды жаппай ақылы етуге 2021 жылы қайта оралды, со­дан бері ақылы жолдар желісін тоқ­таусыз кеңейтіп келеді. Десек те, жол жөндеуге қаржы шығыны да артып келеді. 

Өткенге шола қарасақ, 2020 жылы Қазақстандағы 9 жол учас­кесінде төлем алу жүйе­лерін ор­на­ту-монтаждау жұмыс­тары бас­тал­ды және жыл соңында ақылы жол­дар сынақ режимінде іске қо­сыл­ды. Бұл учаскелер: «Шым­кент – Таш­кент», «Қапш­а­ғай – Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Павлодар – Омбы», «Атырау – Ақ­тау», «Бейнеу – Ақ­жігіт», «Ақ­тө­бе – Орал», «Орал – Тас­қала» жә­не «Орал – Самара» еді.

Қоғамда туындаған нара­зы­лық­қа үн қатқан Үкімет мұны ел игі­­лігі  ретінде ұғындырды. Өйт­ке­ні осының арқасында бюджеттің тап­шылығы азаятыны, қазынадан ха­лықаралық және республикалық трассаларды жөндеуге кететін ұлан-ғайыр шығын тыйылып, ол қар­­жы халықтың әлеуметтік мәсе­ле­­лерін шешуге жұмсалатыны уәде етілді. 

«Ақылы жолдардан алынған қара­жат жол учаскелерін ағымдағы жөндеуге, күтіп-ұстауға, ақы жи­нау жүйесіне қызмет көрсетуге жә­не ин­весторға төлем жасауға ба­ғыт­талады. Басқаша айтқанда, ақы­лы жол­дар өзін-өзі ақтайтын дең­гейге шы­ғып, ел бюджетінің қар­жы­лан­дыруын қажет етпейді», – деген еді сол кездегі салаға жауапты орган, Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігі. 

Бірақ уақыт өте келе бұл сөздің шынайылығы күмән тудырды. Өйт­­кені кейінгі деректер мен сал­дар керісінше көріністі аңғартты. Жа­рияланған қағида мен нақты ахуалдың арасы алшақ. Бюджет тап­шылығы бірнеше есе өсті. Кө­лік министрлігінің мәлімдеуінше, ха­лықаралық дәліздерді және рес­пуб­ликалық көлік инфра­құры­лы­мын дамыту үшін 2026 жылы 8,9 мың шақырым автожолда жөндеу жүр­гізіліп, триллиондаған теңге шы­­­­ғындалмақ. 

Мәселен, Көлік министрі Нұр­лан Сауранбаевтың дерегінше, жал­пы ұзындығы 3,25 мың шақы­рым­ды, ал қаржыландыру көлемі 4,6 трлн теңгені құрайтын жаңа жо­­баларды жүзеге асыру жос­пар­лан­ды. Олар транзиттік әлеуетті арт­тырып, экономикалық тиім­ді­лік­ті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл сан­дар бір қарағанда, даму қар­қы­нын білдіргенімен, екінші жа­ғы­нан жүйенің өзін-өзі толық ақтай ал­мағанын көрсетеді. Яғни, ақылы жол­дар бар, бірақ олар бюджетке тәуел­ділікті толық жойған жоқ.

Мерзім ұзартылды, мазмұн өзгермеді

Халық алдындағы айыбын мойындамағанымен, ше­неу­ніктер қоғамның қатаң сы­нынан кейін ақылы жолдарда тө­лем жасау ережелерін жұмсартуға мәж­бүр болды. Көлік министрлігі ақылы жолдармен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізетін бұй­рыққа қол қойды. Не өзгерді? Бұған дейінгі нормаға сәйкес, жүр­гізуші жол ақысын 7 күн ішінде тө­лемесе, 8-ші күні ақылы жол опе­­­раторы – «ҚазАвтоЖол» ұлт­тық компаниясы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәй­кес айыппұл салуы үшін «айып­ты­ға» қатысты материалды көліктік ба­қылау органына жіберетін. Жаңа тәр­тіпте жеке тұлға жол жүрген кү­­­­нінен 30 күн ішінде төлем жаса­ма­са, материалдар 31-ші күні жол­да­нады. 

Яғни, айыппұлды азайту не ам­нистия жасап, бұқараны одан бо­сату туралы сөз жоқ. Тек қалтасы жұ­қарған қазақстандықтардың үс­тінен іс қозғалатын күнді әрі ысы­рып­ты. Бір қарағанда, бұл да – жеңіл­дік. Бірақ мәніне үңілсек, өз­геріс тек мерзімге қатысты. Айып­пұл жойылған жоқ, тек кейін­ге шегерілді. Яғни, мәселе ше­шілген жоқ. Бұл – әкімшілік тә­сіл­дің ішкі мазмұннан гөрі сырт­қы формаға көбірек мән бергенін көрсетеді.

Тек шағын бір игілік: «Қаз­Авто­Жол» хабарлауынша, ақылы жол­дарда ақаулар анықталған жағ­дайда ғана жол жүру ақысын уа­қыт­ша тоқтату нормасы енгізілді. Бү­гінде 14 учаскеде жалпы көлемі 1 миллион 100 мың шаршы метр ақау тіркелген. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы бастал­ған­да қолға алынбақ. Апат тудыратын жол үшін ақы алу әділет пен адам­гершілікке жат болса керек. 

Бұдан өзге, жеке тұлғалардың ма­шиналары ағынынан компа­ния­ларға тиесілі көліктер ажыра­ты­лады: заңды тұлғалар үшін бө­лек тәртіп енгізіліп отыр. Заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, ма­териалдар келесі күні көліктік ба­қылау органдарына жіберіледі. Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаске­ле­рі­мен жүргені үшін төлем жасауға жүр­гізушілерге қосымша уақыт бере­ді. Қол қойылған бұйрық ал­ғаш­қы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң, сәуір айында күшіне енді.

Көлігімен қара жолмен өт­кен бұқара мен бизнестің қал­тасынан суырылатын судыр­ла­ған ақша ағыны күрт ұлғайыпты. Осы­­дан ауқат жиятын (ақылы жол­­­­­­дардан түскен қаражат бюд­жет­­ке бағытталмайды) ұлттық ком­­­­­пания 2025 жылдың қоры­тын­ды­­сында Қазақстанда ақылы авто­жол­дардан түсетін түсімдер 2 есеге жуық артқанын жариялады. Көлік ие­лерінің қалтасынан жүз мил­лиард­қа жуық қаражатты сыпы­рып алыпты. Биылғы жыл қоры­тын­­дысында тағы еселенеді деп бол­­жанған. 

Себебі «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясының басқарма төраға­сы Дархан Иманашев 2026 жылы республикада ақылы автожолдар са­ны бірден 6 трассаға көбейетінін мә­лімдеді. Олардың жалпы ұзын­дығы 2 мың шақырымнан асады. Ақы әрбір шақырым үшін алына­ты­нын ескерсек, «қара жолдың қо­жайыны» байлыққа бек бататын түрі бар.  

Сонымен, 2026 жылы ақылы ата­натын жаңа автожол учаскелері ке­лесідей: «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» (554,6 шақырым), «Бу­рылбайтал – Күрті» (226,4 ша­қы­рым), «Ақтөбе – Қандыағаш – Ма­қат» (89 шақырым), «Талдық­ор­ған – Өскемен» (773 шақырым), «Аты­рау – Астрахан» (277 шақы­рым), «Меркі – Шу – Бурыл­бай­тал» (78 шақырым).

– Бүгінде Қазақстанда жалпы ұзын­дығы 4 мың 900 шақырым бо­ла­тын 26 ақылы жол учаскесі бар. 2025 жылы ақылы жолдармен жүр­­гендерден 87 миллиард теңге жи­налды. 2024 жылы  48 млрд тең­ге жиналған еді. Бұл қаражат ақы­лы учаскелерді күтіп-ұстауға ба­ғыт­­талды», – деді Дархан Има­­­на­шев. Оның айтуынша, ақылы учаске­лер­ден түскен кіріс 1 мың 456 бір­лік арнайы техника мен жабдық са­тып алуға, 354 мың шаршы метр жол жамылғысын ағымдағы жөн­деу­мен қамтуға, сондай-ақ 340 мың текше метр көктайғаққа қар­сы ма­териал себуге мүмкіндік бе­ріп­ті.

Ақылы жолдар мәселесі тек ха­­лық пен кәсіпкерлердің қалта­сын қағумен шектелмейді. Оларды салу және жөндеу үшін мемлекет шетелден мол қарыз алып жатыр. Бұл Сенат депутаттарының көңіл тол­мастығын туғызды. Олардың сұра­ғына жауап берген Премьер-ми­нистр Олжас Бектенов қарыз алу негізінен коммерциялық тұр­ғы­дан тартымды әрі өзін-өзі ақ­тайтын жобаларға тартылатынына сендіріп бақты. Олар сондай-ақ жол құрылысына тартылған бұ­рын­­ғы қарыздарға қызмет көр­с­е­теді.

– Мысал ретінде қазірдің өзін­де үлкен пайда әкеліп отырған ав­то­жол жобаларын айтуға бола­ды. 2024 жылы бюджетке ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен бол­са, оның 10 млрд теңгесін Қа­зақ­стан арқылы транзитпен өтетін шетелдік көліктер төлеген. Ал 2025 жылы ақылы жолдардан алынған 17 млрд теңгеден астам кіріс – шет­елдік автокөліктерден түсті, – дей келе, Олжас Бектенов Үкімет бұл ба­ғыттағы жұмысты жалғастыра­ты­нын атап өтті. 

Ол ақылы жолдарға қатысты сын айтатын сарапшылар қарыз есе­бінен салынған нысандардың жал­пы экономикалық әсер бере­ті­нін ескергені маңызды екеніне тоқ­талды: «Жоғары сыныпты ма­гистраль салынған жерде эко­но­микалық белсенділік жанданады. Неге екені белгісіз, сынаушылар жол бойында 50 жанармай құю бе­кеті, 100 дәмхана салынатынын ес­кермейді. Бұл – жұмыспен қам­ту, төленген салық, экономикалық өсім. Мұндай инфрақұрылым жо­ба­ларына инвестиция салынбаса, да­му да болмайды. Қарыз қара­жат­ты қандай жобаларға жұмсау кере­гін мұқият қараймыз», – деген еді Премьер-министр.

Үкімет уәжі: аумақ кең, мүмкіндік тар

Журналистер де бұған дейін Премьер-ми­нистр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр­ға сұрақ қойып, дамыған емес, да­мушы елдерде жолда жүру негі­зі­нен тегін екенін алға тартты және жұрт­шылық арыз-шағымдарында, пе­тицияда ақылы жолдардан бас тар­туды ұсынып жүргенін еске сал­ды. Мұның сыртында Қазақ­стан­да жүргізушілер бензин мен ди­зель сатып алғанда акцизін қоса өтеу және көлік салығын төлеу ар­­­­­­­­қылы онсыз да жол ақысын бюд­­­­жетке аударады емес пе? Бірақ №1 вице-премьер аталған тә­жіри­бе­­нің сақталатынын меңзеді.

– Біз аумақ бойынша әлемде то­­­ғы­зыншы орынды иемденеміз. Өкі­нішке қарай, халқымыз өте аз. Ал автомобиль жолдарының жал­пы желісі 95 мың шақырым, оның шамамен 25 мыңы – респуб­лика­лық желі. Мұндай ауқымды авто­жол­дар желісін тек  бюджеттен кү­тіп-ұстау өте қиын. Біз ма­гист­рал­­дарда ақылы жүйені белсенді ен­­­гізіп жатырмыз, алайда бұл қара­жат тек жолдарды қысқы жә­не жазғы күтіп-ұстауға және ағым­дағы жөндеуге ғана жетеді. Бұл тек ақы­лы учаскелерде жүргізетін шұң­­қырлы жөндеу жұмыстары, – деді Р.Скляр. 

Оның мәлімдеуінше, Үкімет бір­­неше жылдан соң ақылы жол­дар­ды өзін-өзі ақтау деңгейіне шы­ғарады. Соған қарағанда ол трас­саларда жиналатын ақы да өсе­тінге ұқсайды. Халықаралық қар­жы ұйымдарынан алынатын қа­рыздың өтемі ондаған жылдарға со­зылады, ал бүгін салынған жол ер­тең қайта жөндеуді қажет етеді. Бірінші вице-премьердің дере­гін­ше, 2009 жылы пайдалануға беріл­ген «Астана – Бурабай» автоба­нын­да енді жоспар бойынша күр­делі жөндеу жүргізілуге тиіс. 

Роман Скляр күрделі жөндеу­дің не екенін түсіндірді: ескі жол жа­мылғысы (80 см) толық бұзып тас­талып, жаңа қабаттары қайта тө­селеді, яғни іс жүзінде сол гео­мет­риялық параметрде жаңа жол са­лынады. Жол сәл ғана кеңейтіл­се, бұл «қайта жаңғырту» саналады. Тағы бір мысал: 2012 жылы төсел­ген «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» дәлізін де осы тағдыр күтіп тұр. Оған кезінде Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қай­та құру және даму банкінен қа­рыз алынған. Енді оны қайта жөн­деу үшін тағы несие тарту та­лап етілуі мүмкін екені ескертілді. 

Скляр өзге де автожол учас­ке­лері, мысалы «Астана – Павлодар» бағыты 10 жылдан аса пайдаланып келе жатқанын еске салды. «Ас­та­на – Теміртау» немесе 1999 жылдан бас­тап салынған «Атырау – Бей­неу» жолына да едәуір уақыт өтті: күр­делі жөндеу не қайта жаңғырту қа­жет. Олай болса, трассаларға қар­жы триллиондап тапталады. Бұл  инфрақұрылымның үздіксіз шы­ғын талап ететін сала екенін көр­сетеді.

– Көлік инфрақұрылымын да­мыту үшін 2025 жылғы жол-құ­ры­лыс маусымында жалпы 8 мың 800 шақырым автожол барлық жұмыс түрімен қамтылған еді. Биыл тағы 8 мың 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Со­ның ішінде 3 мың 400 шақы­ры­мы – құрылыс және қайта жаңарту жобалары, 324 шақырымы – күр­де­лі жөндеу, 5 мың 200 ша­қы­ры­мы – орташа жөндеу. Сондай-ақ апат­тық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.  Биылғы жол-құрылыс маусымында шама­мен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы және 193 ас­фальтбетон және бетон зауыты жұмыл­дырылады», – деді «Қаз­Авто­Жол» басшысы Д.Иманашев. 

Жол – елдің бет-бейнесі, эко­но­мика күретамыры десек, тек оның сапасы ғана емес, шығын­ның қисындылығы мен білікті бас­қарылуы да маңызды. Бүгін­гінің талабы  тасжолдың тегіс­ті­гін ғана емес, халық қалтасына тү­сер салмақтың әділдігін қажет ете­ді.

Елдос СЕНБАЙ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью