Жол таңбалары жаңартылып жатыр

09.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Бұдан бөлек, Тараз шаһа­рында жыл сайын жаһандық қолөнершілер көрмесі тұрақ­ты ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде, талай тарихи тұлғаның табанының табы қалған шаһарға келетін турис­тердің де қарасы көбейді. Ал қала басшы­сы Бақытжан Орынбековтің ай­туын­ша, облыс орталығында 5 жұл­­дызды екі бірдей қонақ үй салу жұмысы жоспарға сай жүргі­зіл­мек.

Тарихпен тамырлас шаһарға кел­ген шетелдік қонақтар облыс орта­лығының бай тарихымен танысуға айтар­лықтай ден қоятыны анық. Мұндай­да инфрақұрылымның, әсіресе көше жолдарының талапқа сай болуының маңызы зор. Облыс әкімі Ербол Қара­шөкеевтің тікелей тапсырмасы негізінде қала басшысы Бақытжан Орынбеков соңғы бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығындағы көшелерге асфальт төсеуге ден қойғаны мәлім.

«Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығында жол жөндеу жұмысы қарқын алды. Қаланы дамытудың үш­жылдық жоспарында бұл мәселе назарымыздан тыс қалмағанын айта кеткен жөн. Шаһардың сән салтанатынан бөлек, қала ішіндегі жолдардың сапасына айрықша ден қойып отырмыз. Өйткені облыс орталығындағы көше жолдарын уақыт сұранысына сай асфальттау – маңызды міндет. Сондықтан да осы жұмысқа ерекше басымдық беріледі», дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Нақты дерекке жүгінсек, бір ғана 2024 жылы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше жолы орташа жөндеуден өткізілген екен. Одан бөлек, шағын аудандардың ішкі жолдарына да жөндеу жұмысы талапқа сай жүр­гізіліпті. Бұл көрсеткіш жыл өткен са­йын ұлғайып отырғаны мәлім. Әсіре­се, Бурыл, Барысхан тұрғын алабында­ғы көптеген көше жолдарының қайту жаңғыртылғанын айта кеткен ләзім. Жылдар бойы шешімін таппаған жол мәселесі кейінгі жылдары қала әкімінің ықпалымен оңынан шешілгені көпшілікті қуантып отыр. Өйткені атал­ған тұрғын алаптардың халқы сапалы ­­жол мәселесін жылдар бойы көтеріп кел­ген
болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі жолдардың сапасын арттыру мәселесін ұдайы назардан тыс қалдырмағаны баршаға мәлім. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыс аумағында да, Тараз қаласында да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де осы шаруаны ширатуға ден қойған.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, қаладағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріліп отыр екен. Сол мақсатта қазіргі уақытта шаһар көшелеріндегі жол таңбалары талапқа сай жаңартылып жатыр. Сәтімен бастау алған жұмыс алдағы уақытта тоқтап қалмақ емес. Өйткені облыс орталығында жүздеген көше бар. Олардың барлығында жаңарту жұмысын жүргізудің маңызы зор.

«Қазіргі уақытқа дейін жалпы ұзын­дығы 32 шақырымнан асатын 11 көшенің жол таңбалары толыққанды жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасады. Тұрғындардың қауіпсіздігі қала билігінің назарынан тыс қалмақ емес.

Нақтырақ айтар болсақ, қазіргі уақытқа дейін Жібек жолы және Жалпақ­төбе көшелерінде (Балуан Шолақ көшесінен қала шекарасына дейін), Самарқанд көшесінде (Жібек жолы көшесінен Абай көшесіне дейін), Демьян Бедный көшесінде (Самарқанд көшесінен Абай көшесіне дейін), Абай көшесінде (теміржол көпірінен А.Байтұрсын­ұлы көшесіне дейін), А.Байтұрсынұлы көшесінде (Абай көшесінен Лұқманов көшесіне дейін), Лұқманов көшесінде (А.Байтұрсынұлы көшесінен Ақылбеков көшесіне дейін), Пірманов көшесінде (А.Байтұрсынұлы көшесінен Аппаев көшесіне дейін), Толстой көшесінде (Пірманов көшесінен Лұқманов көшесіне дейін), Жангелдин (Тектұрмас) көше­сін­де (Жібек жолы көшесінен Тектұрмас тұрғын алабына дейін), «Ұлы дала» шағын ауданында (Сүлейменов көшесінен Пушкин көшесіне дейін) және Көшек батыр көшесінде (Телжан Шонанұлы көшесінен Жамбыл даңғылына дейін) жол таңбалары толықтай сызылды», делінген Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген ресми деректе.

Ресми мәліметке сүйенсек, қала билігі бірінші кезекте жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне баса назар аударып отырған көрінеді. Осы мақсатта жалпы ауданы 1260,6 шаршы метрді құрайтын 51 жаяу жүргіншілер өткелінің жол таңбалары толыққанды жаңартылған. Нақты дерекке сенсек, 37 өткелге арнайы жол бояуы­ қолданылған болса, 14 өткелге суық плас­тиктен жасалған таңбалар талапқа сай салыныпты. Осылайша, жергілікті тұр­ғындар өтінішін қанағаттандыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны көңіл тоғайтады.

«Жаңартылған жаяу жүргіншілер өткелдері Қант зауыты, Қарахан, теміржол вокзалы, темір жолдың арғы бетіндегі тұрғын алабы, «Ұлы дала» шағын ауданы аумақтарында орналасқан.

Суық пластикпен салынған жол таңбалары негізінен білім беру ұйым­дарының маңында жүргізілді. Атап айтар болсақ, 13 мектептің жанында және Демьян Бедный көшесіндегі емхана алды жаңартылып отыр. Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жос­парға сәйкес алдағы уақытта да жал­ғасады», дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Қала басшылығы жыл өткен сайын­ жоспардағы жұмысты толыққанды ат­қарып жатыр. Облыс орталығындағы көп­­теген көше жолдары негізінен тұр­ғын­дардың талап-тілегіне сай жаңар­тыл­ғанын айта кеткен ләзім. Бір сөзбен айт­қанда, жергілікті атқарушы билік өкіл­дері бірінші кезекте шаһар халқының өтінішіне сай жұмыс атқарып жатқаны көңіл қуантады.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, Тараз көше­леріндегі жолды уақыт сұранысына сай жаңарту, таңбаларын жаңалау жұмысы ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Ол облыс орталығын гүлдендіру шаруасы да назардан тыс қалмайды дегенді алға тартып отыр. Көне шаһардың гүлденгені, тотыдай таранып түрленгені – бәрімізге ортақ қуаныш. Сол бағыттағы жұмыстың толассыз жалғасып жатқанына жергілікті халық та дән риза.

Тараз 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью