​Жол, жарық және апатты үйлер: Махамбет ауданының тұрғындары Ақшолақовтың алдында мәселе көтерді

22.09.2026

Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовпен кездесуде Махамбет ауданының тұрғындары жол, қоғамдық көлік, электрмен қамтамасыз ету, су қоймасын салу, медициналық көмек сапасы, ауылішілік инфрақұрылымды дамыту және апатты тұрғын үй мәселелерін көтерді. 

Өңір басшысы 29 мыңнан астам адам тұратын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Атап айтқанда 2023–2026 жылдары ауданда жалпы ұзындығы 92 шақырымға жуықтайтын, құны 13 млрд теңге шамасындағы 14 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы 42 шақырымдай жол пайдалануға берілді, қалған 50 шақырымынан астамында жұмыс биыл аяқталады деп күтіліп отыр.

Таңдайда 44 отбасының 22-сі көшірілді, қалғаны қыркүйектің аяғына дейін көшеді. Махамбетте төртінші 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Келесі айда пайдалануға беріледі.

Аққайыңда медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Нысанды 2026 жылғы қазанда пайдалануға беру жоспарланған. “В.В.NURA” ЖШС жыл аяғына дейін аудандық аурухана базасындағы гемодиализ кабинетін ашуға дайындық үстінде.

Есбол, Қосарал ауылдарындағы мектептер мен Қ. Қалыбеков атындағы мектеп реновациясының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген, жұмыс келесі жылы басталады. Таңдай мен Алғада 300 орындық жаңа мектептер салынып жатыр. Екі нысан бойынша да сараптаманың оң қорытындысы алынды. “Көктем гүлі” (Жалғансай) және “Жауқазын” (Махамбет) балабақшалары күрделі жөндеуден өтті, “Балдырған”(Бейбарыс) және “Жасдәурен” (Ақтоғай) балабақшаларын жөндеуге ЖСҚ әзірленді, ол жұмыстар да келесі жылы басталмақ. Ақжайықта 160 орындық балабақша, Алғада “Қарлығаш” балабақшасының 280 орындық ғимараты бой көтеруде.

“Мерей” шағынауданында (Махамбет) және Жалғансайда жаңа электр желілері мен 16 МВт қосалқы станция салынды, Бейбарыста электр желілерін жүргізу жұмыстары толық аяқталды. Алғада электр, газ және сумен қамту желілерін салу аяқталып, нысанды қабылдау жүріп жатыр. Сарайшықта да электр, газ және су құбыры желілері тартылып, жол салынып жатыр.

Жаға бекіту жұмыстары жалғасуда: Махамбетте 4,5 шақырым жаға линиясы нығайтылған. Алға мен Талдыкөлде 3,2 және 1,7 шақырым жаға бекітілу үстінде. Бейбарыста биылға 1,8 шақырымға жоба әзірленді, Сарайшық, Сарытоғай, Есбол және Махамбет — Сарытоғай бағытында 3,5 шақырымдық бөгет салу бойынша жобалар әзірленуде.

Ауданда абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Талдыкөл көшелері жарықтандырылды. Жыл аяғына дейін Ортақшыл, Есбол және Еңбекші көшелерін жарықтандыру жұмыстары аяқталады. Ақтоғайда 12 шақырымдық жарықтандыру желісі 85%-ға дайын, желтоқсанға дейін толық аяқталады. Ал Таңдайда 4,8 км желі дайын.

12 елді мекенде су тазарту құрылыстары қайта жаңартылған. Талдыкөл, Ақтоғай, Жалғансай, Таңдай, Сарайшық, Ақжайық, Алға, Бейбарыс, Есбол, Сарытоғай және Ортақшыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді, ал Махамбеттегі ескі құрылыстар толық ауыстырылды.

Ортақшылда спорт кешенінің құрылысы аяқтала келді, қазанда пайдалануға беріледі. Бейбарыс пен Ақтоғайда ашылған кешендер жұмыс істеп тұр, мұндай нысандар Жалғансай мен Талдыкөлде де салынып жатыр. Бес ауылда “КҚК-К”АҚ қолдауымен төрт спорт және бес балалар алаңы салынды.

Тұрғындар көтерген барлық өтініш бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Кеше, 15:43

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью