Жолбарысты жерсіндіру жолында

11.06.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Экология тарихында бұрын-соңды болмаған жобаның алғашқы дайындық кезеңі аяқталып, негізгі жұмыс кезеңі басталды. Тып-типыл жойылып кеткен тұқымды қайта жаңғырту бағдарламасы қалай жүзеге аспақ?

Тарихтан бір тармақ

Қазақ жерінде салақұлаш сарыала жолбарыстар XX ғасырдың ортасына дейін тіршілік еткен. Ерте заманда Сыр­дария жағасында, қамысы қалың Шу бойында, Іленің етегінде тарғыл шерілер қаптап жүрген. Жолбарыс аулау қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері болған. Білегін арқанмен орап, үстіне қалың тері жамылған қазақ аңшылары жыртқышты садақпен атып, жалаң қанжармен жайратқан деседі.

Патшалық Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы бір санында Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы туралы мақала басылған. Шақан аңға кеткен түні адам­жегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қамысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйінген Шақан жолбарыс атаулы­ның тұқымын тұздай құртам деп ант-су ішеді. Уәдесін орындаған аңшы бірнеше жыртқыштың көзін жояды. Бұл жайында Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романында егжей-тегжейлі жазылған. «Тоқсан үйлі тобырды» аңшылықпен асыраған Қамбар батырдың жолбарысты құйрығынан ұстап, басынан айналдыра лақтырып өлтіргені де жырда көркем суреттеледі.

Дегенмен еуропалықтар келгенше Қазақстандағы жолбарыс популяциясы біршама жақсы еді. Аң патшасын жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталады. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс әскері отарланған жерді жыртқыш­тардан тазалау үшін арнайы отрядтар құрған. Жекелеген аңшылар да түгі құл­пырған қымбат терісіне қызығып, жолбар­ысты қынадай қырған. Кеңес өкіметі 1947 жылы жолбарыс аулауға тыйым салғанымен, бұл кеш қабылданған шара болды. Дегенмен осы тыйымның арқасында Амур жолбарысы сақталып қалды. 1960 жылдардың ортасынан бастап Тұран жол­барысы біржола жойылып кеткен түр ретінде Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілді.

Жазба деректерге сенсек, Тұран жолбарысының салмағы 250-300 келі тартқан. Тағы бір ерекшелігі, жирен түсті жүнінің бояуы қанық болыпты. Қыстыгүні терісі, әсіресе бауыр жүні қалыңдай түс­кен. Тұмсық тұсына қою мұрт өскен. Бұ­ған дейін Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысы екі бөлек түрше деп есептелетін. 2009 және 2017 жылы жасалған зерттеулер ол түсінікті түбегейлі өзгертті. Ғалымдар Тұран жолбарысының мұражайда сақталған тұлыбындағы митохондриялық ДНҚ үлгілерін Амур жолбарысымен салыстырып, екеуінің генетикалық кодында бір ғана нуклеотид айырмасы бар екенін анықтады. Яғни, бұлар екі басқа субтүр емес, бір түрдің екі жердегі популяциясы ғана екен. Олардың арасын бірнеше ғасыр бұрын адамдардың экожүйеге араласуы, Жібек жолындағы аймақтардың игерілуі бөліп тастаған дейді.

Жобаның маңызы орасан

2010 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі Тұран жолбарысын тарихи мекені­не қайтару жобасын қолға алды. 2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға жол аша­тын меморандумға қол қойылды. Сол жылы әлемге әйгілі актер Леонардо Ди Кап­рио өзінің Instagram парақшасында осы мәселеге қатысты пікір білдірген.

«Қазақстан – жарты ғасыр бұрын жойылған жолбарыстарды Орталық Азия­ға қайтаратын тұңғыш ел. Бір кезде жолбарыстар Түркияның шығысынан Бали аралдарына дейінгі аралықта жортып жүрген, алайда содан бері таралу аймағы 90 пайызға тарылып кетті. Қазақстанның жолбарысты жерсіндіру жоспары – таби­ғатты қорғауға қосылған қомақты үлес», – деп жазылған жарияланымда.

2010 жылы Леонардо Ди Каприо жол­ба­рыстың әлемдік популяциясын құтқару саммитіне қатысып, жолбарысты сақтау бағдарламасына екі миллион дол­лар сыйлайтынын мәлімдеген. Табиғатты қорғау жобаларына атсалысқаны үшін актер «Жолбарыстар елшісі» атанған.

2018 жылы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, аумағы 415 мың гектардан астам жерге қатаң күзет қойылды. Жолбарыстарға арналған 3,5 гектарлық вольер кешені, заманауи ветер­инарлық бекет салынды. Инспек­торлар кәсіби даярлық курсынан өтті. WWF Ресей өкілдігінің президенті Игорь Чес­тиннің айтуынша, жолбарысты жерсін­діруге Қазақстан аумағы кездейсоқ таңдалмаған.

– Жолбарыс популяциясына көлемі үлкен, адам аяғы баспайтын жерлер қажет. Амал қанша, жыртқыштың тарихи ареалы саналатын Әзербайжан, Армения, Грузия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия жерінде жолбарыс тір­шілік ететін жер қалмады. Кейбір ша­ғын өлкелер кездескенімен, жан-жа­ғын­да халық тығыз қоныстанған. Ауғанстан мен Иракты қарастырған да жоқпыз, себебі бұл елдердің саяси ахуалы күрделі. Ақыры, Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы ыңғайлы деген ше­шімге тоқтадық. Осы өңірді ұңғыл-шұң­ғылына дейін барлап, Қазақстан ғы­лым академиясының зоология инсти­тутымен бірлесіп үлкен есеп әзірледік, – дейді эколог.

Оның сөзінше, Іле-Балқаш өңірінде халық аз, бір шаршы шақырымға екі адам­нан айналады. Экожүйесі де жол­барысқа қолайлы. Жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс әкелінсе, теория бойынша жарты ғасыр ішінде 64-98 басқа дейін көбейту әбден мүмкін екен.

Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сондықтан резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен апарылған. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтаған. Бірақ ол жеткі­ліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыш еттен тарықпауы үшін қабан саны 30-50 мыңға жетуі керек, қазір бұл бағытта жүйе­­лі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2018–2024 жылдар аралығында қорыққа 200-ден аса тоғай бұғысы, 100-ден аса құлан көшірілді. Орманды өрттен қорғау, өсімдіктер дүниесін байыту бағыты да басты назарда. Себебі бой тасалайтын жиделі тоғайы, қалың қамысы болмаса, жолбарыс ешқашан жерсінбейді. Био­алуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скля­ренконың пікірінше, бәрінен бұрын резерваттың эконожүйесін сауықтырған дұрыс.

– Осы жобаның аясында қаншама шаруа бітті, алда атқаратын жұмыстар әлі де көп. Ең алдымен резерватқа судың жеткілікті мөлшерде баруын қамтамасыз етуге тиіспіз. Іргелес жатқан шаруашы­лықтар суды жөн-жосықсыз ысырап қыла­ды. Соған тосқауыл қоюға кірістік. Өртпен, орман ағаштарын заңсыз отаумен күресуіміз керек. Бұл – бір күннің, бір жылдың жобасы емес, миллиондаған ақша тұратын қымбат жоба, – дейді зоо­лог. Бағдарлама барысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды пайдалану мөл­шері қатаң бақыланады. Өйткені Іле-Балқаш бассейнінде су деңгейі төмендесе, орман-тоғай қуарып, жолбарыстың өмір сүретін ортасы тозады. Балқаш көлі тар­ты­лып, Іле өзенінің атырауы құрғаса, осы уақытқа дейін инфрақұрылымға, азық базасына, логистикаға жұмсалған мил­лиондаған қаржы желге ұшып, есіл еңбек еш кетеді. Қытаймен Іле суын тұ­ты­ну мәселесін келіскенде «Жолбарыс бағ­дарламасы» басты уәжіміз болуы ық­т­имал.

2024 жылы Қазақстанға Нидерландтағы хайуанаттар бағынан Богдана мен Кума деген екі жолбарыс әкелінді. Ол екеуі қол­да өскендіктен, жабайы ортада аң аул­ап үйренбеген, сол себепті ашық та­биғатқа бірден жіберілмейді. Есесіне, осы­лардан туған шөнжіктер адам көзінен таса жерде бағылып, өз қорегін өзі тауып жеуге дағдыланады. Есейген соң еркіндікке шығады. Биыл 28 мамырда Іле-Балқаш резерватына Ресейдің қиыр шығысынан тағы да төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Еуропадан келген алдыңғы жұптан айыр­масы, бұл төртеуі – тайгадан ұсталған, аң аулау түйсігі қалыптасқан жырқыштар. Алты жолбарыстың да жобаны жүзеге асырудағы маңызы жоғары.

Айтпақшы, жолбарыстар жергілікті тұрғындардың мал-жанына қауіп төндіре ме деген сұрақ бар. Мамандар оны да ойластырған.

– Жолбарыс ғасырлар бойы осы өңірде өмір сүрген. Олар адамнан қорқады, жай­дан-жай біреуге тиіспейді. Малға шапса, жолбарыс өлтірген түліктің әр басы үшін өтемақы төленеді. Жолбарыстың оралуы халыққа пайдалы. Мысық тұқымдас жыртқыш бар жерден қасқырлар қашады. Ал қасқыр жеген малға өтемақы төлен­бейтіні анық. Сонымен қатар әр жолбарыс­тың мойнына жерсеріктен басқарылатын қарғыбау тағып, қайда жүргенін қадаға­лаймыз, – дейді WWF Ресей өкілдігі Орта­лық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц.

Қорытып айтқанда, жолбарысты жер­сіндіру жай ғана экологиялық бағдар­лама емес. Бұл – мемлекеттің басқару жүйе­сі, стратегиялық көрегендігі, жаһан­дық міндеттемелерді орындау қабілеті безбенге түсетін сынақ. Демек, еліміз тарихи миссияның табалдырығында тұр десек, қателеспейтін шығармыз.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью