Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Аймақтағы жол құрылысындағы кадр тапшылығының аса өзекті жағдайда қалғанын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақмола облыстық филиалының басшысы Талғат Қайратхан да ашық мойындады. Филиал басшысының мәліметінше, қазір өңірде жол құрылысы саласы бір мезетте екі бірдей күрделі мәселеге тап болған. Жол жөндеу құрылысына мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат жұмсалып, тиісті техникалармен сақадай сай жабдықталып жатқанымен, білікті кадрлар жетіспей отыр.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы басшысының айтуынша, салада тек инженерлер емес, нақты құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін жол шеберлері, сметашы, зертхана, механизатор мен арнайы техника машинистері жетіспейді. Бұл дегеніңіз – жолдың нақты сапасына тікелей жауап беретін мамандар. Егер жолдың құрылысын бес саусағындай білетін сапалы әрі білікті маман болмаса, заманауи озық жобалардың да еш нәтижесі болмауы мүмкін.
– Әрине, бүгінде барлық саланы алаңдатып тұрған кадр тапшылығы жол саласында да аса қатты сезіліп тұр. Кадр тапшылығын еңсеру үшін орталық оқу орындарымен қатар, мектептермен де жұмыс істей бастады. Тұтас ел көлемінде «2 000 мектеп» профориентациялық акциясы іске қосылып, мамандар оқушыларға жол саласының мүмкіндігін түсіндіруде. Осы мақсатта мамандарымыз білім ордаларына арнайы барып, мектеп жасындағы жасөспірім балаларға жол саласы кәсібі, карьералық өсу мүмкіндіктері, жалақы деңгейі мен мамандықтың аса қажеттілігі туралы әңгімелейді. Орталық мамандары тек былтырдың өзінде өңірдің 120 мектебін аралап шықты, – дейді Талғат Қайратхан.
Маман тапшылығының алдын алу мақсатында аймақта мамандандырылған колледждермен де жұмыс жүргізу қола алынғаны айтылды. Аталған мақсатта орталық Көкшетау жоғары техникалық колледжімен меморандум жасасып, «Виртуалды жолшы тренажері» атты VR-жабдық берілген. Студенттер осылайша өндірістік процестерді виртуалды ортада пысықтай алуға мүмкіндік алыпты. Бұл жол құрылысы мамандығының технологиялық жаңа кезеңге өткенін білдірсе керек. Бірақ қандай құрылғы болса да, жауапкершілікті сезінетін мамансыз сапа да мықты болмайтыны тағы рас. Іс жүзінде орталықтың басты міндеті оқыту емес, жүргізіліп жатқан жол құрылысын бақылау. Мұны орталық филиалының басшысы да растады.
– Қызметкерлер республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жол нысандарына күн сайын шығып, жұмыстың толық циклін қадағалайды. Асфальтобетон, қиыршық тас, битумнан сынамалар алынып, зертханалық тексерістер жүргізіледі. Жолдардың тығыздығы, беріктігі стандарттарға сәйкес анықталады. Бұл орайда бақылау нақты уақыт режимінде іске асатындықтан, технологиялық қателік те бірден тіркеледі. Біздің міндетіміз ақауларды анықтап қана қоймай, олардың пайда болуының алдын алу, – дейді Талғат Қайратхан.
Мамандар аймақтағы жол жөндеу жұмыстарын бақылауға алғанымен, жол сапасының сын көтермейтін жағдайға жеткені, тіпті жол жөндеу жұмыстарының да шалалығы айқын байқалған. Былтыр 493 заңбұзушылық анықталыпты. Оның 329-ы жедел түрде жойылғанымен, қалғандары бақылауға алыныпты. Бұл бір жағынан қадағалау жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын көрсетсе, екінші жағынан мердігерлердің мемлекеттік бақылаудан еш тайсалмай жатқанын айғақтаса керек. Тексерістер барысында ең жиі кездесетін кемшіліктер – асфальтобетон төсеу технологиясының сақталмауы, сапасыз материалдарды қолдану, жабын қалыңдығының талапқа сай болмауы, мерзімін кешіктіру.
Филиал басшысы жүйелі түрде талап бұзатын компанияларға қатысты жауапкершілікті күшейту, тіпті лицензиядан айыру мәселесін де көтерді. Өйткені жол – эксперимент алаңы емес. Өңірде кейінгі жылдары аз да болса серпіліс бары байқалады. Бұрын техникасын жалға алып, асфальтты сырттан сатып алып, тек уақытша жобалармен шектелетін компаниялар көп болса, қазір олардың қатары біршама азайған. 2022 жылы жүзден астам мердігердің тек 20-сының ғана өз асфальтобетон зауыты болған. Қазір өңірде 33 зауыт және 41 толыққанды мердігер ұйым бар болып шықты. Бұл – сапаға бетбұрыс. Дегенмен бақылау да босаңсымауға тиіс.
Күрделі жөндеу бірнеше жылға созылса, орташа жөндеу бір маусымда-ақ жүзеге асады. Оның аясында тек жабынды ауыстыру емес, жолды кеңейту, жарық орнату, аялдамалар мен қоршаулар қою жұмыстары да жүргізіледі. Мысалы, былтыр Көкшетау мен Зеренді арасындағы жол орташа жөндеуден өтіп, ені 6,8 метрден 11,5 метрге дейін кеңейтілді.
Жолдың тез бұзылуына әсер ететін басты факторлардың бірі – ауыр жүк көліктерінің көптігі. 25 тоннадан асатын жүк тасымалына толық тыйым салу мәселесі талай мінберде қаралғанымен, инвестициялық ахуалға кері әсер етпеу үшін одан бас тартылған. Оның орнына автоматтандырылған салмақ өлшеу кешендері енгізіліп жатыр. Қазір облыс аумағындағы республикалық трассаларда – 4, облыстық жолдарда екі кешен жұмыс істейді. Олар көлікті тоқтатпай-ақ, тәулік бойы салмақты тіркей алады. Алайда республикалық жолдардағы жабдықтар әлі де тұрақты режимде жұмыс істей алар емес.
Бір көңілге қонары, бақылау процестері толық цифрландырылған. Барлық дерек электронды жүйеде тіркеліп, инженерлер планшет қолданып, фото және видеофиксация жүргізуге көшіпті. Жол сапасының формуласы қарапайым көрінгенімен, оның орындалуы аса күрделі һәм мұқият болуды қажет етеді. Рас, өңірдегі жол саласы біршама жаңарып келеді. Бірақ оның болашағы бөлінген қаржы көлемімен емес, талаптың қатаңдығымен өлшенбек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы