Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Бүгіннен бастап «Хабар» арнасынан «Жолдар» телехикаясы көрерменге жол тартады. Кинокартина пойыздағы шынайы өмірді көрсетеді.
Ондағы қарапайым жұмысшылар мен жолсеріктердің күнделікті қызу тірлігінен сыр шертеді. Яғни жұмысшы мамандығын дәріптейді. Осы арқылы көрермен жолаушының жайлылығы үшін еңбек етіп жүрген жандарды тереңірек тани түседі.
«Жолдар» сериалы шытырман оқиғаға толы. Жанры комедия болғанымен онда драма мен музыка да көрініс тапқан. Кинокартинада теміржолшылардың көпшілік назарына түсе бермейтін тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Пойызға Асхат есімді жас жігіт бастық болып келеді. Негізгі оқиға соның төңірегінде өрбиді. Ол бұрынғы басқару жүйесін бұзып жаңашылдық енгізуге ұмтылады. Ал оған ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан жолсеріктер көнгісі келмейді. Режиссерлар осы арқылы бүтіндей бір саланың кейінгі жылдары қандай өзгерістерді бастан өткізіп жатқандығын, мамандардың көзқарасы арқылы беруге тырысты.
Әділет Жұмабек, қоюшы режиссер:
- Бұл кісілер туралы қарапайым халық көп біле бермейді. Біз ол кісілердің жұмысы жөнінде тек пойызға кірер кезде және шығар кезде ғана білеміз. Сонымен қатар шәй ішкіміз келген кезде ғана оларды шақыратын боламыз. Олар қалай өмір сүреді, олардың өзара қарым-қатынастары қандай екенін біле бермейміз. Енді осы телехикая арқасында біздің көрермендеріміз жолсеріктер кім екенін біледі деп ойлаймын, сол енді негізгі мақсаты сол болды.
Асхат Мұхаметқали, сценарий авторы:
- Бізде теміржолды ешқашан жас кісі басқарған жоқ, жас кісі басқарса қалай болады дегеннен идея пайда болды. Біздің елде де жастар мен үлкен кісілер күшті жұмыс істеуі керек. Бір- бірін қолдап, үлкен кісілер өзінің тәжербиесімен бөлісіп, жастар өзінің идеяларын қосып, бір күшті тандем болуы керек.
«Жолдар» 15 бөлімнен тұрады. Жолсерік рөлін кәсіби актерлермен қатар темір жолшылардың өздері де ойнап шықты. Осылайша, қарапайым еңбек адамының тағы бір қырын ашуға мүмкіндік туды.
Дидар Төлеген, актер:
- Ибрагим деген кейіпкер болды. Кейіпкердің рөлін сомдаған Нұрсұлтан деген актер. Негізі теміржолда жұмыс жасайтын қызметкер бізге сіңісіп, бізбен бір тілде сөйлесіп, біздің жанымызда дос болып кетті. Сонысымен де осы сериалдың ерекшелігі бар. «Жолдар» телесериалында мен Асхаттың рөлін сомдаймын.
Телехикая Алматыдағы 2-ші темір жол вокзалында түсірілді. Қазіргі уақытта еліміздің теміржол саласында 100 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жылына 13 млн адам поезбен жүреді.
Оған қоса миллиондаған тонна жүк тасымалданады. Сондықтан оның ең маңызды қатынас құралы екені анық. «Хабар» арнасының бұл жұмысшы мамандығына арналған алғашқы жобасы емес. Сонымен қатар көпшілік еңбек адамын мадақтайтын «Жарық күн» телехикаясын да жылы қабылдады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев