Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Сондай шараның бірі – ЖСДП-ның Қостанай облыстық филиалының кеңсесінде ерекше қажеттелегі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен қамқоршылардың және осы бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуі өтті.
Аталмыш іс-шара Құрылтай сайлауына дайындық аясындағы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін талқылауға бағытталды. Кездесу басында филиал төрағасы Жақанов Дамир қатысушыларға ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, партияның мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Шараның негізгі бөлігі ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Аналар мен қамқоршылар өздерінің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарымен бөлісіп, бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, қамқоршыларға еңбекке жарамсыздық парағын беру, қамқоршы мәртебесін нақтылау, ерекше балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, жеке әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру жағдайлары талқыланды. Одан бөлек, әлеуметтік-инклюзивті жұмыс орындарын құру мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін Әлеуметтік кодексте нақты бекіту қажеттігі айтылды. Кездесуде көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі - ерекше қажеттіліктері бар балалар 18 жасқа толғаннан кейінгі жағдай.
«Балаларымыз кәмелеттік жасқа толғаннан кейін бұрын қолжетімді болған әлеуметтік қолдау, оңалту бағдарламалары мен әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктері шектеліп қалады. Нәтижесінде жас азаматтар мен олардың отбасылары өз мәселелерімен жалғыз қалып жатады. Бұл мәселе әлеуметтік саясаттағы жүйелі өзгерістерді қажет ететін маңызды бағыттардың бірі»,-дейді қатысушылар.
Қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау балалық шақпен ғана шектелмеуі керек деген пікірді қолдайды. Іс-шара барысында Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап алдағы жоспарымен бөлісті.
«Біз қазір қоғамдағы көптеген мәселелерді естіп, көріп жүрміз. Бүгінгі кездесудің өзінде сіздерден бірқатар маңызды мәселелерді тыңдадық. Әр отбасының өзіне тән қиындықтары бар екенін түсінеміз. Алдағы уақытта осы бағыттағы мәселелерді жан-жақты зерделеп, сіздерге қолдау көрсетуге және бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Кездесулеріміз әрі қарай да жалғасып, нақты ұсыныстар мен шешімдерге жол ашады деп сенемін», – деді филиал төрағасы.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтік саладағы қажетті өзгерістерді ілгерілетуге және ерекше балалар мен инклюзивті отбасыларды қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған бірқатар бірлескен қадамдарды жүзеге асыруға уағдаласты.Сонымен қатар азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауға қатысуға дайын екендерін жеткізді.Қостанай облыстық ЖСДП филиалы үшін сайлауалды науқан - тек үгіт-насихат жүргізу ғана емес, халықпен тікелей байланыс орнатып, азаматтардың нақты мәселелерін тыңдау және оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды қалыптастыру мүмкіндігі.
ЖСДП ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ АУТИЗМ СПЕКТРІНІҢ БҰЗЫЛЫСТАРЫ БАР ЖӘНЕ ЦЕРЕБРАЛДЫ САЛ АУРУЫ БАР БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Орал қаласында ЖСДП үгіт-насихат жұмыстары аясында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Анаргүл Абенова мүгедектігі бар балаларды, оның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) және балалардың церебралды сал ауруы (БЦСА) диагноздары бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Анаргүл Абенова ЖСДП-ның «Прогреске жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, денсаулық сақтау жүйесін реформалау, азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту, зейнет жасын төмендету және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Кездесуге қатысушылар медициналық көмек пен оңалтудың қолжетімділігі, қажетті емдеу және күтім құралдарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, инклюзия мәселелері және ерекше қажеттіліктері бар балаларға қоғамның көзқарасы секілді ата-аналар күнделікті кездесетін өзекті мәселелерді талқылады.
«Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік қолдау формалды емес, уақтылы, қолжетімді әрі кепілді болуы тиіс. Әрбір мемлекеттік бағдарламаның артында тұрақты көмекке мұқтаж отбасы мен балалар тұр», — деп атап өтті Анаргүл Абенова.
Ата-аналар өздерінің жеке тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті өмірде кездесетін ең өзекті мәселелерді ортаға салды. 11 жастағы ерекше қажеттіліктері бар баланың әкесі әрі «Аба балама» түзету-дамыту орталығының өкілі Мейрамбек Жексенов түзету-дамыту орталықтарының балаларды қоғамға бейімдеудегі маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс барысында негізгі міндет тек емдеу емес, сонымен қатар баланың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, қажетті дағдыларды меңгеруіне және мүмкіндігінше дербес болуына жағдай жасау болуы керек. Осыған байланысты ЖСДП және мүгедектігі бар балаларды, оның ішінде АСБ және БЦСА диагноздары бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бірлесіп, қоғамдық көліктерде ақпараттық акция өткізді. Акция аясында жолаушыларды аутизмі бар балаларға түсіністікпен және адамгершілікпен қарауға шақыратын ақпараттық плакаттар орналастырылды. АСБ диагнозы қойылған 14 жастағы ұлды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Радина Жанадилова отбасының алдынан шығатын қиындықтары туралы айтты. Оның айтуынша, бала екі жасқа дейін қалыпты дамып, сөйлей бастаған. Кейін кезекті вакцинациядан соң асқыну болып, баланың жағдайы өзгерген. Отбасы қоғамдық көлікте және таксиде жүру, емханаларға бару, талдау тапсыру, кезекте күту кезінде қиындықтарға тап болады екен. Радина Жанадилованың айтуынша, ерекше алаңдайтын мәселелерінің бірі — диагноз қою рәсімі. Оның сөзінше, диагнозды анықтау үшін баланы психиатриялық диспансерде бір ай жатқызуға тура келген. Бұл бала үшін ауыр психологиялық жарақат болып отырғаны анық. АСБ диагнозы бар 4 жастағы қыздың анасы Марина Бигалиева 2026 жылдың наурыз айынан бері мүгедектікті рәсімдеуге қажетті процедуралардан өту үшін психиатриялық диспансердегі қабылдауға қанша жерден әрекет жасап кіре алмай жүргенін айтты. Оның айтуынша, диагнозды растау үшін баланы ұзақ уақытқа ауруханаға жатқызу қажеттілігі ананы қатты алаңдатып отырған көрінеді.
«Қызым ешкіммен сөйлеспейді, жөргек киеді. Дәретке өздігінен баруға қауқарсыз. Кез келген тағамды жей бермейді. Тек өзі ұнатқан кейбір тағам түрлеріне ғана тәбеті соғады. Баламды үнемі бақылау мен сүйемелдеу қажет. Осындай бала болса да, оны ата-анасынсыз ауруханаға жатқызады. Бұл өте күрделі. Сырқаты бар баланы туған ата-анасынан бөліп әкету өте ауыр», — деді.
Ал Марина Бигалиева есімді ана мұндай балалар міндетті түрде не әкесінің, не анасының қамқорлығында болуы керек екенін айтты.
«Біздің балаларымызды кез келген медициналық тексеруден өткізген кезде ата-анасынан бөліп әкетуге болмайды. Балалар қатты күйзеліске ұшырайды. Қажетті тексерулер мен бақылаудан ата-анасынан ұзақ уақыт ажырамай өтуі үшін күндізгі стационар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру аса маңызды болып отыр», — деді ол.
Ашық диалог барысында отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік және медициналық қолдау тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылып, қағазға түсірілді. Негізгі ұсыныстардың бірі — балаларға кешенді көмек көрсететін ірі оңалту орталығын құру. Мұнда медициналық оңалту, массаж, психологиялық және түзету көмегі көрсетіліп, бассейн және басқа да қажетті қызметтер қолжетімді болуы тиіс. Орталықтың қызметтерін аз қамтылған отбасылар үшін толықтай тегін ету, ал ақылы қызметтерді пайдалануға мүмкіндігі бар отбасылар үшін қолжетімді баға белгілеу ұсынылды. Мұндай орталық емдік-оңалту шипажайы қағидаты бойынша жұмыс істеп, балаларға қажетті кешенді көмекті бір жерден алуға мүмкіндік берер еді. Кездесу қорытындысы бойынша ЖСДП ата-аналар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жүйелеп, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың құқықтарын қорғау бағытындағы кешенді жұмысты жалғастыратынын айтты. ЖСДП адамға көрсетілетін қолдау қайырымдылықтың ерекше түрі емес, заңмен кепілдендірілген құқық болып табылатын әлеуметтік мемлекет құруды қолдайды. Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылардың нақты қажеттіліктерін тыңдау, олардың ұсыныстары мен бастамаларын жинақтап, оларды заңнамалық деңгейде одан әрі ілгерілету. Бұл азаматтардың құқықтарына және қажетті көмекке тең қолжетімділікке негізделген әділетті қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі
ЖСДП балаларды қолдау және Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамыту жөніндегі жүйелі бастамаларды ұсынды
Жалпыұттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Қарағанды облыстық филиалы аутистік спектрі бұзылған (АСБ) балаларды және олардың отбасыларын қолдау саласындағы партияның сайлауалды бастамаларын талқылауға арналған сараптамалық-диалогтық кездесу өткізді.
Ашық пікірталасқа ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, бейінді мамандар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар қоғамдастығы, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Кәкімұлы Әубәкіров қатысты. Кездесудің басты мақсаты инклюзивті ортаны дамыту, сапалы білім беру, медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ АСБ диагноз бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау жүйесін институттандыру мәселелерін ашық көтеру болды.
Іс-шараға саланың жетекші сарапшыларының қатысуы ерекше маңыз берді: • Ілияс Жанғали — Құрылтай депутаттығына кандидат, ЖСДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы, инклюзивті қоғам мәселелері бойынша ҮЕҰ республикалық слетін өткізу бастамасының авторы; • Нурия Балтабайқызы — Құрылтай депутаттығына кандидат, «Autism Kazakhstan» Ұлттық қауымдастығының төрайымы.
Сарапшылардың тәжірибесіне сүйене отырып, ЖСДП жүйелі өзгерістерге бағытталған бірқатар басым бастамаларды ұсынды:
Ерте анықтау және көмек: аутистік спектрі бұзылған балаларды ерте анықтау және мерзімді түзету-дамыту.
Кадрлық және білім беру әлеуеті: Инклюзивті білім беру әдіснамасын жетілдіру және арнайы мамандарды даярлау бағдарламаларын кеңейту.
Институттық қолдау: Аутистік спектрдің бұзылуы мәселелері жөніндегі республикалық ресурстық орталық құру.
Заңнамалық реформалар: Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны және мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру.
Қолжетімді орта: Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекет ұсынатын әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру.
Әлеуметтік-мәдени инклюзия: Қоғамда толеранттылықты, құрмет пен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік жобаларды іске асыру.
«Әрбір Қазақстан азаматының білім алуына, дамуына, жұмысқа орналасуына және өзін-өзі жүзеге асыруына тең мүмкіндіктері бар инклюзивті қоғам құру — партиямыздың басты басымдығы. Нәтижелі қолдау мемлекеттің, сарапшылардың, ҮЕҰ мен отбасылардың күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Тек тікелей диалог арқылы ғана біз заңнамалық деңгейдегі тиімді шешімдерді әзірлей аламыз», — деп атап өтті кездесуге қатысушылар.
Талқылау қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар мен сараптамалық ұсынымдар ЖСДП-ның Құрылтайдағы партиялық бастамалары мен заң жобаларының негізін құрайтын болады.
ЖСДП Орталық сайлау штабының баспасөз қызметі
ЖСДП-НЫҢ САЙЛАУАЛДЫ НАУҚАНЫ: КАНДИДАТТАР ИНКЛЮЗИВТІ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАЛАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ
Павлодар қаласында сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Ажар Сағандықова мен Роза Жүсіпова «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» РҚБ Павлодар филиалының өкілдерімен ашық кездесу өткізді.
Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында партия өкілдері мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен олардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, «Прогреске бастар 20 белес!» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Соның ішінде әлеуметтік саланы дамыту шаралары назарға алынды. Атап айтқанда, инклюзивті қоғамды қолдау, медициналық сақтандыру жүйесін қайта қарау (жою), тұрғын үй бағдарламаларын тиімді ету және зейнетақы заңнамасын әділ реформалау мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. VІІІ шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған, Құрылтай депутаттығына кандидат Ажар Сағандықова аналарды әлеуметтік қолдауды түбегейлі реформалау мен медициналық сақтандыру жүйесін жою мәселелеріне баса назар аударды:
«Мына мәселені ашық айту керек: біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендету мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Бұдан бөлек, біз аналарға жәрдемақы төлеуді тоқтатып, оларды өз балаларының әлеуметтік қызметкері ретінде ресімдеуді ұсынамыз. Осылайша олар толыққанды жалақы алып, одан әлеуметтік және зейнетақы аударымдары жүріп отырады. Тағы бір үлкен проблема – МӘМС. Біздің партия бұл жүйені мүлдем жойып, төсек-орын үшін күресетін медициналық мекемелерге емес, пациенттің мүддесіне бағытталған тікелей мемлекеттік қаржыландыру моделіне көшуді талап етеді», – деп атап өтті Ажар Сағандықова.
ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы, депутаттыққа кандидат Роза Жүсіпова инклюзия мәселелеріне жүйелі көзқарастың маңыздылығын қадап айтты:
«Партиямыз инклюзия мәселелерімен айналысып келе жатқанына біраз уақыт болды. Біз сіздердің барлық сұрақтарыңыздың жазбаша түрде хатталуын қалаймыз. Егер біздің депутаттар Құрылтайға өтсе, бұл бастамалар заңнамалық деңгейде көтерілетін болады, өйткені көптеген проблемалар жергілікті жерлерде шешімін таппай отыр. ЖСДП әрдайым адал әрі ашық диалогқа дайын, Павлодардағы филиалымыз тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдауды жүргізіп келеді», – деп мәлімдеді Роза Жүсіпова.
Кездесу барысында айтылған ата-аналардың ұсыныстары мен бастамалары ресми түрде хатталып, заңнамалық тұрғыдан одан әрі пысықталуы үшін ЖСДП сайлауалды штабының тізіліміне енгізілді. Партия өкілдері кездесуге қатысушыларды белсенді азаматтық ұстаным танытуға және алдағы 23 тамызда өтетін сайлауда ЖСДП-ға қолдау көрсетуге шақырды.
ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі
ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ СОЗЫЛМАЛЫ АУРУЫ БАР БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАН АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
ЖСДП САЙЛАУАЛДЫ ҮГІТ-НАСИХАТ НАУҚАНЫ
2026 жылғы 31 шілдеде Орал қаласында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) кандидат Анаргүл Әбенова созылмалы ауруға (қант диабеті және целиакия) шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған аналармен ашық кездесу өткізді.
Кездесу барысында Анаргүл Әбенова денсаулық сақтау жүйесін реформалау, зейнеткерлік жасты төмендету, сондай-ақ созылмалы ауруға шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне арналған «Прогреске бастар жолдағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова: «Қамқорлық пакеті – қайырымдылық емес, әр азаматтың заңмен кепілдендірілген құқығы», – деп ерекше атап өтті. Ол созылмалы аурулары бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау жүйесі, қажетті емдеу құралдарымен қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылап, мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарды ортаға салды. Кандидат мұндай отбасыларға көрсетілетін қолдау қайырымдылық ретінде емес, олардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету тетігі ретінде қарастырылуы тиіс екенін ерекше атап өтті.Кездесу барысында өмірлік маңызы бар дәрілік препараттардың қолжетімділігі, целиакияға шалдыққан балаларды арнайы емдік тағаммен қамтамасыз ету, қант диабеті бар балаларға қажетті медициналық шығыс материалдарын уақытылы беру, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесуде сирек кездесетін туа біткен «гиперинсулинизм» диагнозы қойылған ерекше баланың анасы Марина Нұғымашева сөз сөйлеп, өз отбасылары күнделікті тап болатын өзекті мәселелерді ортаға салды. Оның айтуынша, мұндай отбасылар көбіне өмірлік маңызы бар дәрілік препараттардың жетіспеушілігіне, сенсорлар, тест-жолақтары және басқа да медициналық шығыс материалдарының уақытылы берілмеуіне тап болады. Сондай-ақ арнайы емдік тағамды алу қиындықтары, глютенсіз өнімдердің қымбаттығы, қажетті дәрі-дәрмектерді ұзақ күту, құжаттар мен әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеудегі кедергілер, мемлекеттік органдардың мұндай мәселелерден хабардар болмауы, балабақша мен мектептердегі қолдаудың жеткіліксіздігі және отбасыларға түсетін қаржылық ауыртпалық та өткір мәселелердің қатарында екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстанда диабетке арналған мамандандырылған дәріханалардың және мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жеткізушілердің жоқтығына байланысты көптеген ата-аналар қажетті дәрі-дәрмектерді өз қаражатына Германиядан тапсырыс беруге мәжбүр екенін жеткізді. Кездесу соңында аналар арнайы сауалнамаларды толтырып, оларды «Менің балам күтпеуі керек. Қамқорлық – қайырымдылық емес, құқық» деген жазу таңбаланған арнайы жәшікке салды. Іс-шараның басты мақсаты – отбасылардың нақты қажеттіліктерін тыңдау, олардың ұсыныстары мен бастамаларын жинақтап, оларды алдағы уақытта заңнамалық деңгейде ілгерілету. Бұл азаматтардың құқықтарына және қажетті көмекке тең қолжетімділік қағидатына негізделген әділетті қолдау жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметі