Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Кездесудің басты мақсаты – медициналық қауымдастықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату болды. Партия өкілдері ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады және медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ұсыныстар алдағы заң шығару жұмыстары мен Ұлттық құрылтайға енгізілетін бастамаларды әзірлеу барысында ескерілетін болады.
Кездесуді І.Жанғали ашып, партияның кәсіби қауымдастықтармен тұрақты әрі ашық диалог жүргізуге ерекше мән беретінін атап өтті.
«Біз бүгін мұнда әдемі есеп беру үшін емес, күн сайын өз иықтарыңызбен көтеріп жүрген мәселелерді ашық талқылау үшін жиналдық. Бүгінде отандық денсаулық сақтау саласына ең алдымен әділдік жетіспейді», деді І.Жанғали.
Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын А. Рахимжанов таныстырды. Ол медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, пандемия кезеңіндегі жанқиярлық еңбектеріне алғыс айтты.
«Біз Құрылтайға дәрігердің үні шенеуніктің дауысынан биік естілуі үшін барамыз. Денсаулық сақтау – бюджет шығыны емес, елдің болашағына салынған инвестиция. Дәрігердің басты міндеті қаржылық көрсеткіштерді орындау емес, адамды емдеу болуы тиіс», деді А.Рахимжанов.
Сонымен қатар ол ЖСДП-ның денсаулық сақтау саласын тікелей бюджеттік қаржыландыруды күшейту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалау, мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөніндегі бастамаларын таныстырды.
Кездесуді А.Алшынбай жалғастырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, аурулардың алдын алу шараларын күшейту және сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жөніндегі партия ұстанымын баяндады.
«Біз сіздерге ұранмен емес, нақты өзгерістер жоспарымен келдік. Басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін кеңейту және әрбір азамат үшін сапалы медициналық қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету», деді А.Алшынбай.
Қазақстан Халық партиясы өкілдері механизаторлармен кездесті
Пленарлық бөлімнен кейін ашық сұрақ-жауап сессиясы өтті. Медицина қызметкерлері партия өкілдеріне кадр тапшылығы, жоғары кәсіби жүктеме, еңбекақы деңгейі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық медициналық ұйымдардағы еңбек жағдайлары бойынша сұрақтар қойды.