Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Әлемде жүктілік кезінде қан қысымының көтерілуіне байланысты аурулар жыл сайын шамамен 42 мың әйелдің өліміне себеп болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы мәселемен күресудің жаңа халықаралық жоспарын жариялады.
Ұйымның 8 қазандағы мәліметінше, әлемдегі жүктіліктің 10-15 пайызы қан қысымының жоғарылауымен байланысты асқынулармен өтеді. Мұндай аурулар ана өлімінің шамамен 16 пайызына себеп болады.
Сонымен қатар жыл сайын осы ауруларға байланысты 500 мыңнан астам нәресте өлі туылады немесе дүниеге келгеннен кейін шетінеп кетеді.
Мамандар әсіресе преэклампсияның қауіпті екенін ескертеді. Бұл – жүктілік кезінде пайда болатын, қан қысымының жоғарылауымен және ағзалардың қызметі бұзылуымен сипатталатын ауыр асқыну. Уақтылы анықталмаса, ана мен баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
ДДСҰ мәліметінше, көптеген елде жүкті әйелдер қан қысымын тұрақты өлшеу, зәрдегі ақуызды анықтау және қажетті дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігіне толық қол жеткізе алмай отыр.
Ұйым 2026–2035 жылдарға арналған жаңа халықаралық жол картасын қабылдады. Құжатта ауруды ерте анықтау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жаңа емдеу тәсілдерін зерттеу қарастырылған.
Мамандар жүктілік кезіндегі қан қысымының жоғарылауы әйелдің босанғаннан кейінгі денсаулығына да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай асқынуды бастан өткерген әйелдерде кейін жүрек-қантамыр және бүйрек ауруларының даму қаупі жоғарылайды.