Жүлде қоры 1 млн доллар: Астанада халықаралық AI фильмдер байқауына өтінім қабылдау басталды

25.05.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция және үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.

Байқаудың негізгі талабы – фильмнің full AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни, жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны жасаудың негізгі инструменті ретінде қолданылуы тиіс. Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week – жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Байқауға жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан кез келген адам тегін қатыса алады. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеуі қажет.

«Өтінім фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады. Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисіне жүктеп, сілтемесін жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі және жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мәртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ», деді жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн.

Оның айтуынша, YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі тиіс.

ЖИ арқылы жасалған отандық фильм Канн кинофестивалінде көрсетілді

Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 және ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады. Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астана қаласында өтеді. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 млн доллар құрайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы желісімен ЖИ-фильм түсірілген болатын.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью