Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank дисциплинасында үш күнге созылған іріктеу кезеңі мен финалдық бәсекенің қорытындысы шығарылды. Қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан 17 Gaming командасы бас жүлдені иеленді.
PUBG аламанында көрермендер үш күн бойы тартысты матчтардың куәсі болды. Халықаралық турнирдің чемпионы атанған 17 Gaming командасы 131 ұпай жинап, 300 мың доллар көлеміндегі сыйақыға ие болды. Екінші орын алған GAM The Expendables командасы 120 мың доллар еншілесе, 106 ұпай жинаған Team Vitality 100 мың доллар сыйақымен үшінші орынға жайғасты.
Еліміздің намысын қорғаған DIGA Esports командасы 59 ұпаймен 14-орыннан көрінді. Қазақстандық команда 15 мың доллар көлеміндегі жүлде иеленді. Бұл DIGA Esports үшін Астанада өткен алғашқы халықаралық турнир болды. Әлемнің үздік командаларымен бәсекеде жерлестеріміз тәжірибе жинақтап, өз деңгейін сынап көрді. Beeline Arena кешеніне жиналған жанкүйерлер де отандық командаға ерекше қолдау көрсетті.
«Бізбен бірге әлемнің ең үздік 15 командасы өнер көрсетті. Сондықтан ойын өте қиын болды. Осындай беделді турнирге қатысудың өзі біз үшін үлкен мәртебе. Жанкүйерлердің қолдауын естіп, сезіну бізге ерекше күш берді. Бірінші күн бейімделу кезеңі болды. Екінші күні ойнау әлдеқайда жеңілдеді, ал үшінші күнді сәтті өтті деп есептеймін. Командамыздағы кейбір ойыншылар бұған дейін ірі жарыстарға қатыспаған. Ал бұл жолы бізге әлем чемпиондары қарсы тұрды. Сондықтан осындай деңгейдегі командалар арасында жүлдеге таласып, мол тәжірибе жинадық», деді DIGA Esports ойыншысы Санжар Қалиев.
Team Vitality ойыншысы Артем Баскаков та бірнеше күнге созылған тартыстың оңай болмағанын айтты.
«Үшінші күн біз үшін ауыр өтті. Ойын өтетін аймақтардың орналасуы бізге қолайлы болмады. Соған қарамастан ұпай жинап, үздік үштікке ену үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Өз стилімізден таймай, тартыста мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстық. Әр қадамды ақылмен жасап, сабырмен ойнадық», деді Артем Баскаков.
Елорда төрін дүбірге бөлеген халықаралық турнирде Phygital Basketball Presented by Halyk Fund сайысының финалистері де анықталды. Сонымен қатар MOBA PC Dota 2 Presented by CenterCredit дисциплинасында қатысушылар шешуші кезеңге өтті.
«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінің алаңында командалар финалға шығу үшін барын салып, цифрлық және физикалық спорт додасын қыздырды.
Wilders командасы Triada ұжымын 34:26 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Цифрлық кезеңде Wilders 20:12 есебімен айқын басымдық танытса, физикалық паркеттегі бәсекеде командалар тең түсті – 14:14.
Ал LIGA PRO TEAM командасы Dangerous ұжымын қоссайыста 30:26 есебімен ұтты. Цифрлық бәсекеде LIGA PRO TEAM ойыншылары 20:14 есебімен басым түссе, физикалық кезеңде Dangerous командасы 12:10 есебімен жеңіске жетті. Алайда жалпы есеп бойынша LIGA PRO TEAM финалға жолдама алды.
LIGA PRO TEAM командасының ойыншысы Владислав Мелешкин әріптестерінің өнеріне көңілі толатынын жеткізді. «Бұл біздің команда үшін үшінші финал. Бірақ мен физикалық бөлімдегі ойын барысында сәл қобалжыдым. Диджиталда жақсы ойнадық, ал паркетте біраз ұпай жоғалттық. Алайда ертеңгі ойынға деген көңіл күйіміз жоғары. Себебі бізде бір ғана ұран бар – жеңіске жету. «Болашақ ойындарында» қатарынан үшінші рет өнер көрсетіп жатырмыз. Бәйгелі болу үшін барымызды саламыз», деді турнир қатысушысы.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының аренасында да BO3 форматындағы шешуші матчтар басталды. Алғашқы кездесулерде PlayTime командасы Execration ұжымын 2:1 есебімен жеңсе, Team Resilience дәл осындай есеппен Yellow Submarine командасынан басым түсті.