Жұмаққа кірмейсің . Қызылордада діни ағымды ұстанушы әйеліне психикалық қысым көрсеткен

28.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Облыстық полиция департаменті үй-үйді аралап, тұрғындарға өмірлік қиын жағдай ұғымын, әлеуметтік көмек түрлері мен оны алу тәртібін түсіндірді. 

— Рейдтік шаралардың негізгі мақсаты — халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру, тұрмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтарға дер кезінде көмек көрсету. Департамент қызметкерлері іс-шараның бір күнінде 300-ге жуық рейд ұйымдастырды. Профилактикалық есепте тұратын 150-ге жуық адам мен тұрмысы төмен қолайсыз отбасының тұрғылықты мекенжайына барып, құқықтық түсіндірме жұмысын жүргізді. 250-ге жуық түрлі құқықбұзушылық дерегін анықтап, 82 адамды профилактикалық есепке алды, — делінген хабарламада.

Қызылорда қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі рейд барысында адамның психикасына қасақана әсер ету арқылы психологиялық зорлық-зомбылық көрсету дерегін тіркеді. 

— Облыс орталығында тұратын діни ағымды ұстанушы отбасы мүшесі өзінің жұбайына «намазың қабыл болмайды», «жаннатқа кірмейсің», «ерінің разылығын алмаған адамның құлшылығы қабыл болмайды» деген сияқты сөздермен қысым көрсетіп, жәбірленушінің психикалық денсаулығының бұзылуына әкелетін әрекет жасаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызмет бөлімшесі агрессормен және жәбірленушімен жеке қабылдау өткізіп, отбасы құндылығы, азаматтың жеке құқығы туралы түсіндіріп, психологиялық кеңес беріп жатыр, — делінген басқарма мәліметінде.

Осы орайда тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда 111 нөмірлі сенім телефонына немесе Қызылорда қалалық полиция басқармасының 102 нөміріне хабарласуға болатынын ескертті. 

— Ал өмірдің қиындығына кезіккен қыз-келіншектер «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорының дағдарыс орталығына жүгіне алады. Аталған орталықтың байланыс нөмірі: 8-777-340-87-34; 8-707-159-35-51, «Жан» дағдарыс орталығы: 8(7242)-27-14-73, «Аналар үйі» қоғамдық қоры: 8-800-080-77-71, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қызылорда облысында заңсыз көші-қонның алдын алу және оны болдырмау мақсатында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен болатын.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью