Жұматайдың көшесі бар...

27.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Бұл тәуекелдің артында бір­неше жылға созылған қоғамдық сұраныс пен әдеби қауымның табанды талабы жатыр. Әсіресе былтыр Жұматай Жақыпбаевтың мерейтойына арналған жиында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ақын есімін ұлықтау мәселесіне арнайы тоқталып, Талдықорған қаласынан көше беру жөніндегі ұсыныстың қолдау табатынын айтқан еді. Сол кезде өңір басшысының сөзі әдебиет жанашырларының үмітін оятқан болатын. Биыл сол уәде нақты іске айналып, жыр қағанының есімі облыс орталығының картасынан өз орнын тапты. Бұл – сөз бен істің қабысқанын, руханият мәселесіне қатысты берілген уәденің жерде қалмағанын көрсететін маңызды қадам.

«Жұматай Жақыпбаевтың жырлары – қазақ руханияты­ның асыл қазынасы. Оның есімін облыс орталығындағы көшеге беру арқылы біз ұлт әдебиетінің көрнекті өкіліне тағзым жасап қана қоймай, жас ұрпақтың санасында рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашып отырмыз. Бұл – елдің аманаты мен халықтың тілегінен туған шешім», деді Б.Исабаев.

Иә, Жұматай Жақыпбаев – Же­­тісу­дың ғана емес, күллі қазақ поэ­зиясының көркемдік көкжиегін кеңейткен сирек талант. Оның жырларындағы сыршылдық пен сұлулық, ұлттық рух пен адам жанының нәзік иірімдері бірнеше буын оқырманның жүрегіне жол тапты. Ақынның шығармашылық әлемі қазақ өлеңіне өзгеше өрнек, жаңа тыныс әкелді. Сондықтан оның есімі туған өлкесінің картасынан орын алуы заңды да тарихи шешім болды.

Кезінде Халық жазушысы Қуан­­дық Шаңғытбаевтың: «Жетісу­лықтар, жарты байлықтарыңды сатсаңдар да ақынға арнап көше беріңдер» деген жүрекжарды сөзі әдеби ортада аңыз болып қалған еді. Сол сөздің салмағы арада жыл­дар өтсе де жеңілдеген жоқ. Кері­сінше, уақыт өткен сайын оның мәні тереңдей түсті. Өйткені ұлт­тың рухани байлығы оның дарынды перзенттерін ардақтай білуімен өлшенеді.

«Ақын атындағы көше Талды­қор­ған қаласына қарасты Береке қалашығында орналасқан. Ар­найы аллея соғатын жер қалды. Бола­шақта ақынның ескерткішін болмаса бюстін орнатуға болады», дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Ақшабаев.

Оның айтуынша, Жұматай есімінің көше атауына айналуы – кейінгі ұрпаққа бағытталған тәрбие. Күн сайын сол көшенің атауын көрген жас буын «Жақыпбаев кім еді?» деген сауал қояды. Сол сауал оларды ақынның жыр әлеміне жетелейді. Бір көшенің аты тұтас ұрпақты әдебиетке жақындататын рухани көпірге айналуы мүмкін. Сондықтан мұндай шешімнің мәні әкімшілік құжаттың шеңберінен әлдеқайда кең.

Шын мәнінде, ақын атындағы көше халық жадындағы әдеби картаның бір бөлігіне айналды. Өйткені көше атауы – күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегі. Ал күн сайын айтылып, жазылып жүретін есім ешқашан ұмытылмайды. Бұл жаңалықты ұзақ жыл бойы көтеріп келген қаламгерлер қа­уымы да қуанышпен қабыл­да­ды. Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының директоры, ақын Жангелді Немеребай кезінде Жұматай есімінің лайықты дәрежеде ұлықталмай жүргеніне қынжылысын білдірген еді. Бүгінде ол бұл шешімді руханият үшін маңызды жеңіс деп бағалайды.

«Жұматай Жақыпбаевтың шы­ғар­машылығы – қазақ поэзия­сы­ның алтын қорындағы асыл мұра. Оның туған өлкесінде көше атының берілуі – көптен күткен әді­леттің орнауы. Бұл тек әдеби қауым­ның ғана емес, жалпы жұрт­шылықтың қуанышы. Ендігі міндет – ақын мұрасын кеңінен насихаттап, жастардың оқып-тануына жағдай жасау. Жақыпбаев көшесі сол жолдағы маңызды белгі болады деп сенемін»,  дейді Ж.Немеребай.

Расында, ұлт руханияты көше­лер­дің атауынан да көрінеді. Бір кезде өзге жұрттың тұлғаларына телінген атаулардың арасында қазақ әдебиетінің алыптарының есімі аз көрінетін. Бүгінде елдік сананың жаңғыруымен бірге тарихи әділет те қалпына келген секілді. Жұматай Жақыпбаев атындағы көшенің пайда болуы – соның нақты дәлелі.

Жыр қағанының өзі бір өлеңінде:

«Бізге бақтың қолы бүгін

жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?» деп толғанған еді. Арада жылдар өткенде сол бақ ақынның туған өлкесіне де қонғандай. Оның есімі енді Талдықорғанның көшелерінде жаңғырып тұр.

Ең бастысы, бұл көше ақынның атын ұмыттырмайды. Керісінше, әр буынға қайта таныстырып оты­рады. Көше бойымен жүрген әр адам, әр оқушы, әр оқырман сол атау­дың астарында тұтас бір поэ­зия әлемі жатқанын сезінеді. Сон­дық­тан Жақыпбаев көшесі – жай ғана мекенжай емес, Жетісу­дың әдеби жадын сақтайтын рухани ке­ңістік. Ұлттың ұлы ақынына көр­сетілген құрметтің көрнекті белгісі.

Ендігі кезекте Талдықорған қала­сының әкімдігі ақын атындағы көшенің бойынан немесе маңынан шағын әдеби аллея ашу мәселесін қарастырса, ақынның қанатты сөздері мен өлең жолдары жа­зыл­ған композициялар орнатылып, жастардың рухани тынығатын орнына айналса, бұл Жұматай мұрасын насихаттаудың тағы бір жарқын көрінісі болар еді.

Жетісу облысы 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью