Жұмбақ жағдайда жоғалған шатыр және ұзаққа созылған сот: Алматының қақ ортасындағы аурухана неге қаңырап қалды?

02.04.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Алматының қақ ортасында ұзақ уақыттан бері бұрынғы теміржол ауруханасының ғимараты (Түрксіб ауруханасы ретінде де белгілі) қаңырап бос тұр. Нысан 1950 жылы салынып, қазақтың ұлттық стилі қолданылған сәулет шешімдері үшін әрдайым жоғары бағалаып келген. Tengrinews.kz редакциясы қала орталығындағы сәулет ескерткіші неге қараусыз қалғанын, оның шатыры қалайша жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін және ғимараттың тағдыры қандай болатынын анықтап көрді.

Алматының қақ ортасында ұзақ уақыттан бері бұрынғы теміржол ауруханасының ғимараты (Түрксіб ауруханасы ретінде де белгілі) қаңырап бос тұр. Нысан 1950 жылы салынып, қазақтың ұлттық стилі қолданылған сәулет шешімдері үшін әрдайым жоғары бағалаып келген. Tengrinews.kz редакциясы қала орталығындағы сәулет ескерткіші неге қараусыз қалғанын, оның шатыры қалайша жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін және ғимараттың тағдыры қандай болатынын анықтап көрді.

Алматылық шенеуніктер бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратын қалпына келтіру жақын арада басталатынын бірнеше рет мәлімдеді. Жұмысты 2022 жылғы қарашада аяқтау, кейін 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы мамырда бастау жоспарланғаны туралы айтылған. Бірақ осы уақыт ішінде ғимарат шатырынан айырылып, өрттен кейін бүлініп, жасөспірімдер жиналатын орын мен үйсіз адамдардың баспанасына айналды. 

Қараусыз қалған Түрксіб ауруханасының жағдайы 

Tengrinews.kz бұрынғы Түрксіб ауруханасының жағдайын көріп келді. Алдымен редакция ғимаратты жоғарыдан көру үшін дрон ұшырды. Көрініс көңіл көншітпейді.

Нысан Амангелді - Абай - Масанчи - Құрманғазы көшелері арасындағы тұтас аумақты алып жатыр. Мұндай үлкен ғимаратта шатыр мүлдем жоқ.

Оны құрылыс жұмыстары басталмай тұрып не үшін алып тастағаны белгісіз. Шатырдың жоғалуы расында жұмбақ, біз оның қашан жоғалғанын анықтау үшін шағын зерттеу жүргіздік. Бірақ бұл туралы кейінірек.

Бір анығы - бұл сәулет ескерткішінің сақталуына кері әсер етпей қоймаған.

Алматыдағы бұрынғы Түрксіб ауруханасы, жоғарыдан көрініс. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Мұқият қарасақ, кей жерлерде төбе құлай бастағанын байқауға болады. Бұл таңқаларлық емес. Шатырсыз жауын-шашын ағаш конструкцияларға тиіп, олардың тез шіруіне әкеледі.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Біз түсірілімді 26 наурызда жүргіздік. Сол күні ғимарат реставрация кезінде қолданылатын жасыл матамен ішінара жабылып, толықтай қоршалған. Бірақ ұзақ жылдар бойы мұндай жабын болмады. Қоршау да бірден қойылмаған. Оның үстіне, орнатылғаннан кейін ішке кіргісі келгендер оны жиі бұзып отырған.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Алайда қоршау мен мата тым кеш пайда болған сияқты. Ғимараттағы терезелердің көпшілігі сынған, есіктері жұлынып, қабырғалары ішінен де, сыртынан да граффитимен боялған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Ғимараттың Масанчи көшесі жағынан да жағдайы сондай - бірде-бір бүтін терезе қалмаған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Төмен қарай жүре отырып, біреулердің аумаққа кіру үшін қоршауды қайтадан бұзып тастағанын көреміз. Неге бұл тесік жабылмағаны белгісіз.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Амангелді көшесі жағынан қарағанда ғимаратта өрт ізі байқалады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бұл жағында да бүтін терезе қалмаған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қараусыз ғимарат қабырғасындағы махаббат туралы жазудан асқан романтика бар ма? 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бұл нысанды ешкім күзетпейтіндей әсер қалдырады. Алайда олай емес. Күзетшілер бар. Біз оларға журналист куәлігін көрсеткеннен кейін, кедергісіз аумаққа кіргізді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Артқы ауласы да қоқысқа толы. Бұл жағында да барлық терезе сынған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Аулада ескі көлік те тұр. Ол да ғимарат сияқты вандалдардың қолынан зардап шеккен.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қабырғалардағы күйе іздері ғимаратты сыртынан өртемек болғандай немесе түтін қабырға саңылауларынан шыққандай әсер қалдырады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Ішке кіреміз. Мұнда әдейі сындырылған гипсокартон қабырғалар, жыртылған және күйген аспалы төбелер көрінеді. 

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бұрын мұнда жылыту жүйесі мен батарея болғаны байқалады - қазір жоқ. Біреулер кесіп әкеткен сияқты.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Барлық жерде қоқыс жатыр. Мұнда түнеп жүрген үйсіз адамдар әкелген болуы мүмкін.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Тарихи ғимаратты қалпына келтіру: әкімдіктің ресми жауабы

Tengrinews.kz редакциясы Алматы әкімдігіне ресми сауал жолдап, тарихи ғимараттың не себепті қаңырап қалғанын және оны әрі қарай не істеу жоспарланып отырғанын сұрады. Жауап құрылыс басқармасынан келді.

Айта кету керек, ауруханадан кейін мұнда Оқу-клиникалық орталық орналасқан, кейін бұл ғимарат үшін ұзақ соттасты - бұл да жеке тоқталатын әңгіме. Кейін нысанды балаларға арналған оңалту орталығына айналдыру жоспарланған.

Алматы құрылыс басқармасының мәліметінше, 2022 жылғы 15 тамыздағы әкімдік қаулысына сәйкес, бұрынғы аурухана дәл осы басқарманың балансына өткен. 

"2021 жылғы тамызда басқарма мен "Жетысу Сәулет Құрылысы" ЖШС арасында аталған нысанды реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шарт жасалды. Жобалау барысында барлық қажетті бастапқы-рұқсат құжаттары алынып, сондай-ақ ғимараттың тірек конструкцияларының физикалық жағдайын анықтау мақсатында техникалық тексерулер жүргізілді", - делінген жауапта.

Сол кезде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірге оңалту орталығы үшін бөлмелердің функционалдық жоспарлануын және жабдықтарды орналастыруды көздейтін медициналық-техникалық тапсырма әзірленген.

"Нысан жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра ескерткіші болғандықтан, оның тарихи келбетін сақтау үшін "ҚАЗРЕСТАВРАЦИЯ" АҚ-нан ғылыми-жобалық құжаттама алынды. 2025 жылғы 3 наурызда әзірленген жобалық-сметалық құжаттама "Мемсараптама" РМК-ға жолданды", - деп жалғастырды басқарма өкілдері.

Алайда, 2025 жылғы 10 маусымда мемлекеттік орган жоба-сметалық құжаттаманың барлық бөлімі бойынша №06-0143/25 мемлекеттік сараптама теріс қорытындысын алды.

"Қазіргі уақытта нысанға қайта техникалық тексеру жүргізіліп, мемлекеттік сараптама ескертулерін ескере отырып жобалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Түзетілген құжаттама "Мемсараптама" порталына жүктелді", - деді басқарма өкілдері.

Қорытынды 2026 жылдың мамырында алынады деп күтіліп отыр. Оның оң болатынына кепілдік жоқ.

Оң болған күннің өзінде, бюджет бекіту мен мердігерлерді таңдау ұзақ уақыт алады.

Жалпы, бұл ғимаратты қайта жаңғыртуға рұқсат беріле ме, әлде апатты деп танылып, қала сәулет ескерткішінен айырыла ма?

Түрксіб ауруханасының шатыры қашан және қайда жоғалды?

Қазір Түрксіб ауруханасы ғимаратынан барлық шатыр алынған. Бірақ бұл қашан болған, егер құрылыс жұмыстары немесе реставрация әлі бекітілмеген болса кім және не үшін алды?

Бұл – жұмбақ. Қандай да бір жауап табу үшін біз шағын зерттеу жүргіздік. 

Осы мақсатта біз картографиялық онлайн-қызметтерге жүгіндік, оларға бірнеше жыл сайын әртүрлі елдегі әртүрлі қала көшелерінің панорамалық суреттері жүктеледі, соның ішінде Алматы да бар. Осы сервистерді пайдаланушылар да ғимараттар мен басқа локациялардың суреттерін бөліседі.

Мәселен, онлайн-карталардан 2016 жылғы қарашада түсірілген аурухана суретін табуға болады. Сол суреттен ғимарат маңында автокөліктер тұрғанын, ол әлі де жұмыс істейтінін көруге болады ― ол кезде онда стоматология, массаж бен денсаулық орталығы орналасқан. Шатыр, әрине, орнында тұр.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі, 2016 жыл. Фото: 2gis.kz

2017 жылғы жаздағы панорамада нысан әлі де жұмыс істейтінін, тұрақта автокөліктер тұрғанын, айналасындағы ағаш жапырақтары арасынан "массаж" деген көк тақтаны да байқауға болады. 

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай көшесі жағынан көрінісі, 2017 жылғы жаз. Фото: Яндекс.Карта

2017 жылғы қыркүйектегі суреттерде ғимаратта стоматология мен денсаулық орталығының тақталары жоқ, ал "массаж" деген тақтаны жақында ғана алып тастаған сияқты.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі, 2017 жылғы күз. Фото: Яндекс.Карта

Келесі панорама 2022 жылғы. Тақталар жоқ, бірақ шатыр әлі орнында екені көрінеді.  Ғимарат терезелері сынбаған.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі, 2022 жыл. Фото: Google Maps

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай көшесі жағынан көрінісі, 2022 жыл. Фото: Google Maps

Ал 2023 жылғы панорамада шатырды бұзу басталғаны көрінеді, бірақ қоршау жоқ.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі, 2023 жыл. Фото: Яндекс.Карта

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай даңғылы жағынан көрінісі, 2023 жыл. Фото: Яндекс.Карта

Сол кездің өзінде бұл қоғамда сұрақ туғызған еді. 2023 жылғы қарашада осы жағдайды архитектор Давид Каминский Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында былай түсіндірген:

"Бұл сәулет ескерткіші әрі мемлекеттік мүлік. 2023 жылдың басында шатыр жабынын кім алып тастағаны белгісіз, сол себепті (ағаш жабыны мен кірпіш қабырғаларды ескере отырып) ғимарат бір жыл бойы баяу бүлініп жатыр. Ғимараттың жылу контуры сақталмаған - көптеген терезе сынған. Ешбір мемлекеттік орган тергеу жүргізген жоқ - мемлекеттік нысанда шатырды кім бұзды, неге күзет қойылмады?"

2024 жылғы панорама шатыр толығымен алынғанын, дегенмен ғимараттың айналасында қоршау тұрғанын көрсетеді. Сол жылы мұнда өрт болған.

Бұрынғы Түрксіб ауруханасының Абай көшесі жағынан көрінісі, 2024 жыл. Фото: Яндекс.Карта

Содан бері тағы бірнеше жыл өтті, бірақ шатырды кім және не үшін алып тастағаны әлі де жұмбақ болып тұр. Бұған құқықтары болды ма?

Әсіресе, 2022 жылдан бастап нысан Алматы құрылыс басқармасы балансында болғанын және сол уақытта тек жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанын, ол әлі мемлекеттік сараптамадан өтпегенін ескерсек. Бұл сол кезде жұмысқа мердігерді таңдау мүмкін болмағанын білдірмей ме?

Түрксіб ауруханасының тарихы: бірегей жобадан құлдырауға дейін

Түрксіб ауруханасының ғимараты 1950 жылдары архитектор Михаил Кудрявцевтің жобасы бойынша салынған. Сол уақытта ол "Басты арықтағы теміржол ауруханасы" деген атқа ие болған.

Сол кезде Басты арық деп қазіргі Абай даңғылын атаған, өйткені оның бойымен үлкен арна (арық) өткен.

Аурухананың сәулеттік шешімі негізінде классицизм элементтері, Орталық Азия сәулет дәстүрлері мен ұлттық ою-өрнектердің синтезі жатыр.

Мамандардың айтуынша, бұл ғимарат қалада "ұлттық стильде" сақталған аз нысандардың бірі, классикалық және аймақтық дәстүрлердің синтезін көрсетеді: Алматының негізгі магистральдары бірінің маңызды құрылыс элементі.

Салынғаннан кейін кешен аурухананы, сондай-ақ емхана мен көптеген қосалқы ғимарат пен құрылыстарды - стационар мен шаруашылық ғимараттарды қамтыған. Солтүстік жағында ішкі ауласы және оңтүстік жағында сквері бар.

Алматы әкімдігінің 2018 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен ғимарат тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

Тарихи ғимарат үшін соттасу: ол мемлекетке қалай қайтарылды?

Аурухананың тағы бір күрделі тарихының бөлігі – ол үшін ұзақ сот болды. 

Мысалы, "Информбюро" басылымы Алматы әкімдігі инвестормен қалай соттасқанын егжей-тегжейлі баяндаған. 2018 жылы ғимарат "Оқу-клиникалық орталығы" ЖШС меншігінде болған, ал баланс иесі ІІМ ТЖ комитеті атынан Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті болған.

"Оқу-клиникалық орталығы" ЖШС мемлекеттік медициналық мекеме болып, ақылы да, ақысыз да қызмет көрсеткен. Ауруханада хирургиялық, гинекологиялық, терапевтік және офтальмологиялық бөлімдер, сондай-ақ емхана жұмыс істеген. Ғимараттың бірінші қабаты 14 компанияға жалға берілген.

2018 жылғы қазанда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті үкіметтің "2016–2020 жылдарға арналған кейбір объектілерді жекешелендіру жоспары туралы" қаулысына сәйкес бұл ғимаратты басқаруға беру үшін тендер жариялады.

Тендерде "Парасат" медиңиналық-косметологиялық институт" ЖШС жеңіп шықты. Онымен "Оқу-клиникалық орталығы" ЖШС-дегі 100 пайыз үлесті сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім жасалды. Келісім құны 2,6 миллиард теңге, кейін сатып алу құқығымен басқару мерзімі үш жыл. 

Бұл кезеңде инвестор қаржылық мәселелерді реттеп, аурухананы жаңғыртып, оның бастапқы қызмет мақсатын сақтауы керек еді.

Алайда кейін Алматы мәдениет және мұрағат басқармасы "Парасат" ЖШС мен  Мемлекеттік мүлік комитетін сенімгерлік басқару келісімін жарамсыз деп тану үшін сотқа берді. Сот қалалық басқарманың пайдасына шешім қабылдады.

2019 жылғы 29 қазанда мемлекеттік мүлікті беру туралы келісім жарамсыз деп танылды. Кейін апелляция бұл шешімді күшінде қалдырды.

Инвестор болса, келісім жасалғаннан бері бір жылдан астам уақыт өткенін және аурухананы жаңғыртуға 600 миллион теңгеден астам қаражат салынғанын айтқан: жабдықтар сатып алынып, жөндеу жүргізілген.

Нәтижесінде ғимарат Алматы әкімдігінің меншігіне өтті. Ал 2021 жылғы наурызынан бастап ол жергілікті маңызы бар қала құрылысы және сәулет ескерткіштеріне жатады. Дегенмен, осы жылдар ішінде ғимарат тез тозып, өзінің бірегей келбетін жоғалтып келеді.

Авторы: Никита Данилин

Суреттерді түсірген: Болат Айтмолда

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью