Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстанда жұмыс істей жүріп білім алып немесе ғылыми зерттеумен айналысатын азаматтардың құқықтарын кеңейту ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еңбек заңнамасына енгізілетін түзетулер Сенатта қаралып жатыр.
Егер заң жобасы қабылданса, қазақстандықтар жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, алты айға дейін оқу демалысын ала алады. Бұл мүмкіндік ғылыми зерттеу жүргізетін, диссертация жазатын, кәсіби біліктілігін арттыратын немесе оқуын жалғастырып жатқан қызметкерлерге қатысты болмақ.
Қазіргі таңда оқу демалысы негізінен емтихан тапсыру, зертханалық жұмыстар мен диссертация қорғау кезеңінде ғана беріледі. Жаңа түзетулер бұл тізімді кеңейтуді көздейді.
Заң жобасына сәйкес, демалыс ғылыми зерттеу жүргізуге, диссертация жазып, қорғауға және өзге де ғылыми жұмыстарға берілуі мүмкін. Сонымен қатар әскери резервтік даярлық бағдарламаларын аяқтап жатқан азаматтарға да осындай мүмкіндік қарастырылған.
Маңызды өзгерістердің бірі — қызметкердің табысын сақтау кепілдігінің заңмен бекітілуі. Бұған дейін мұндай мәселелер көбіне жұмыс берушінің шешіміне байланысты болса, енді бұл норма Еңбек кодексінде нақты көрсетілмек.
Яғни қызметкердің лауазымы, жұмыс орны және орташа жалақысы демалыс кезеңінде толық сақталады.
Алайда халықаралық Болашақ бағдарламасымен шетелге оқуға немесе тағылымдамадан өтетін қызметкерлерге бөлек шарттар қарастырылған. Бұл жағдайда жұмыс орны сақталғанымен, жалақы төлеу жұмыс берушінің шешіміне байланысты болады.
Сондай-ақ заң жобасында тараптардың келісімімен оқу демалысын бірнеше бөлікке бөліп пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.