Жұмыста жауапкершілік, алаңда жігер: Көкшетауда ерекше спартакиада басталды

15.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Көкшетауда мыңнан астам мемлекеттік қызметші бас қосқан додада командалық рух пен спорттық шеберлік сынға түсуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Қала бұл күндері еліміздің спорттық өміріндегі маңызды орталықтардың біріне айналды. Ақмола облысының орталығында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиада өз мәресіне қарай жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам мемлекеттік қызметші қатысуда.

Айтулы жарыс заманауи Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешенінде бастау алды. 

– Биылғы дода Ақмола облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – өңірдегі спорт инфрақұрылымының қарқынды дамуының нәтижесі. Соңғы үш жылда облыста 50-ден астам спорт нысаны пайдалануға берілсе, қазіргі таңда тағы 30-ға жуық нысанның құрылысы жүріп жатыр, - дейді ұйымдастырушылар.

Спартакиада қатысушылары 10 спорт түрінен бақ сынайды. Олардың қатарында футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, теннис және киберспорт бар. Биыл жарыс бағдарламасына алғаш рет теннис пен киберспорт қосылды.

Жарыстың ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спорттың қоғамды біріктіретін маңызды күш екенін атап өтті.

«Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Осындай жарыстар мемлекеттік қызметшілерді жақындастырып, командалық рухты арттырады. Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және ортақ мақсатқа жетуге тәрбиелейді», – деді облыс әкімі.

Спартакиаданың негізгі алаңдарының бірі – Kokshe Arena кешені. Мұнда олимпиадалық спорттың 12 түрі бойынша жаттығу өткізуге және республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.

Спорттық дода тек жарыспен шектелмей, қала өміріндегі мәдени шаралармен де сабақтасты. Қатысушылар мен қала тұрғындары үшін Көкшетаудың жаңа жағалауында JANA JAGALAU FEST жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оның аясында жаңа скейт-парк ашылып, Street Ride Contest жарысы, түрлі интерактивті алаңдар мен ойын-сауық бағдарламалары өтпек.

Көкшетаудағы бұл спартакиада – тек спорттық бәсеке емес, мемлекеттік қызметшілерді біріктіретін, салауатты өмір салтын дәріптейтін және өңірдің жаңа мүмкіндіктерін танытатын маңызды шараға айналды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью