7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселесі талқыланды. Жөндеу жұмыстарына өтінімдердің аз берілуіне байланысты Алматы облысы «қызыл аймаққа» енген. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның төртеуін, яғни 4 млрд теңгенің жобаларын әкімдік қаржыландырады. Қалған жобалар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ құзыретіне кіреді. Конкурстық рәсімдер 17 шілдеде басталған.
Әкімнің сөзінше, жалпы құны 2 млрд теңге болатын жылумен жабдықтау жөніндегі екі жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Мердігерлермен келісім жасалған, жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ал сумен жабдықтау және су бұруға қатысты жалпы құны 2 млрд теңге болатын тағы екі жоба бойынша прокуратураның ұсынысынан кейін конкурс нәтижелері жойылып, қайта жарияланған. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қайта өткізілген конкурстың қорытындысы 25 тамызға дейін шығарылып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.
Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі аталған екі жобаны қаржыландыруы уақытша тоқтатылатын басым емес жобалар тізіміне енгізгенін айтты. Осыған байланысты ол премьер-министрден оларды бұл тізімнен алып тастауды сұрады.
Бұған жауап берген Олжас Бектенов әкімнің баяндамасынан көрсеткіштердің төмен болуына өз жауапкершілігін сезінбейтіні байқалатынын айтты.
«Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты жеделдетіңіз», – деді премьер-министр.
Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылға арналған ұлттық жобаны іске асыруға әкімдіктердің қатысу деңгейі бойынша рейтинг ұсынды. Берілген өтінімдер саны бойынша Шымкент қаласы, Ұлытау және Алматы облыстары «қызыл аймаққа» енген.