Жұқтырғандардың 96% балалар: Астанада қызылша қайта өршіді

03.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева айтты.

— Бүгінгі таңда қызылша ауруының өршуі байқалып отыр. Қаулы шыққан кезде 403 жағдай тіркелді. Ал қазір, төрт аптаның қорытындысы бойынша 887 бастапқы диагноз анықталды. Оның 581 диагнозы зертханалық нәтижемен расталған. Қызылша көбіне 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Бұл жас тобындағы балалардың 90–95 пайызы екпе алмаған. Сондықтан да олар қызылша ауруын жұқтырған. Екпе алмаған балалардың көбінде ата-аналары екпеден бас тартқан немесе уақытша медициналық көрсетілім бойынша алмаған. Кейбір ересектер арасында бұрын екпе алғанын немесе алмағанын растайтын құжаттары жоқ жандар бар, — дейді маман.

Фото: Видеодан скрин

Спикердің сөзінше, Астана қаласының бас санитарлық дәрігері арнайы қаулыға қол қойған. Енді мектептерде екпе алмаған оқушылардың тізімі жасалады. Бұл шара аурудың одан әрі таралуының алдын алу үшін қолға алынған.

— Қызылша — тез таралатын вирус. Ол ауада екі сағат бойы сақталады. Егер балалар екпе алмаса, міндетті түрде жұқтырып, ауырып қалады. Аурудың қаупі оның асқынуларында. Қызылшамен ауырған балаларда пневмония, панэнцефалит сияқты ауыр асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан екпе алу талап етіледі. Қаулы бойынша, жоспарлы түрде ауруханаға жататын балалардың екпе туралы мәліметі болмаса, олар жатқызылмайды. Шұғыл жағдайда ауруханаға жатқызу қажет болса, екпесі жоқ балаларды қабылдауға болады. Ал жоспарлы ота немесе созылмалы аурумен жатқызылатын балалардың құжаттарында міндетті түрде қызылшаға қарсы екпе туралы мәлімет болуы тиіс. Себебі ауруханаларда әртүрлі халдегі балалар жатыр, олардың иммунитеті әлсіз. Егер екпесі жоқ бала қосылса, науқастарды жұқтыруы мүмкін, бұл олардың жағдайын одан әрі әлсіретеді, — дейді ол.

Осы орайда Жанна Пралиева екпеден бас тартқан ата-аналарға қызылшадан қорғанудың маңызын түсіндірді.

— Ата-аналар екпе алуға міндетті түрде жауапты. Егер бала екпе алмай, қызылшамен ауырса, дұрыс күтім болмаған жағдайда ауру асқынып кетсе, жауапкершілік ата-ананың өзіне тиеді. Сондықтан алдын ала екпе алу маңызды. Сол кезде ел бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып, ауру өршуі тіркелмейді, — дейді Жанна Пралиева.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде де балалар арасында қызылша жұқтырғандар көбейді.

Аружан Арманқызы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью