Жүргеновтерден қалған сандық

31.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Оқушылар өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды жәдігерлер жинақтап, оларды ғылыми тұрғыда сипаттап, зерттеген экспонаттары бойынша тың деректер ұсынатын байқау талаптарына биыл өзгерістер енгізіліп отыр. Осы жылдан бастап балалар белгілі бір тарихи тұлғаға қатысты мұраларды зерттейді. Осындай жолмен музей қорына Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылынан жеткен шағын сандықша музей мамандарының қызығушылығын тудырып отыр.

Сандық ХХ ғасыр басында кәдімгі қарағаштан жасалған. Темірмен қапталған бетінде қос жапырақты гүл мен қошқар мүйізіне келетін ою бар. Жасаған шебердің әр оюдың жиегіне шекіп түсірген бедері майда тас қондырғандай жылтырап көрінеді.

«Бір ерекшелігі – сандықтың қақпағы мен қос бүйіріне ою түскен. Сол заман­дағы көп мүлікке ұқсамайтын ерекше жәдігерді жан-жақты зерттейміз», дейді өлке тарихы бөлімінің меңгерушісі Перизат Ашанова.

Сандықшаны тапсырған – Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылындағы №119 орта мектеп оқушысы Арсен Кенжебек. Жетекшісі Айнұр Нұрылданың көмегімен құнды затты біраз зерттеген оқушы дерегінше, сандық – белгілі Жүргеновтер әулетіне тән мүлік.

Сандық бастапқыда Темірбек Жүргеновтің әкесі Қараның үйінде болыпты. Әулет басына қара бұлт үйіріл­ген жылдары олардың жақындары Тұңғыш­баевтар сақтап қалады. Қайраткер Темірбек Жүргеновтің туған-туысын жіпке тізгендей түгендеп жатқанда сан­дық­пен бірге текемет, тұскиіз, кебежені түйеге артып, Ырғыздан Жалағаш­тың Жаңаталабына жеткізген екен.

«Бастапқыда сандық Жүргеновтерге жақындығы үшін күйеуі мен екі қайын ағасы  жаза тартқан Меруерт деген әжейдің қолында болыпты. Құнды затты көзінің қарашығындай сақтаған ол кісі кезінде жәдігер аудандық музейге кеткелі тұрған жерінен «бұл текті әулеттің мүлкі» деп бермей қалған екен», дейді музей­дің ғылыми қызметкері Ләззат Жал­ғас­байқызы.

Жалпы, жоба аясында музей қоры жыл сайын толығып келеді. Олардың қатарына ескі диірмен, күбілер, өрнегі өзгеше текеметтер бар.

Қызылорда

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью