Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 17 тамыз – Sputnik. Жүргізушілерге тасжолдарда жылдамдықты асырғаны үшін қате салынған айыппұлдар келіп жатыр. Ішкі істер министрлігі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ІІМ мәліметінше, 13-14 тамыз аралығында "ЕРАП" ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыруға қатысты кейбір құқық бұзушылықтар бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.
"Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деп хабарлады министрлік.
Полиция қате рәсімделген айыппұлдардың барлығы анықталғанын және олардың автоматты түрде жойылатынын мәлімдеді. Жүргізушілерге полицияға барудың немесе қосымша дәлел ұсынудың қажеті жоқ.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде жүргізушілерге негізсіз айыппұлдар салынып жатқаны туралы ақпарат тарады. Олардың айтуынша, кейбір жүргізушілерге бірден бірнеше айыппұл келген.