7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бүгін Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Бозымұлы Сары би және қазақ қоғамындағы билер институты: тарихы мен ұрпақтар сабақтастығы мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлының «Бозымұлы Сары би» атты кітабының тұсаукесері болды.
Конференцияға көрнекті мемлекет қайраткерлері, академик ғалымдар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
XVII ғасырда өмір сүрген Бозымұлы Сары (1636-1690) – қол бастаған батыр, ел басқарған би ретінде қазақ тарихында ерекше орын алады. Ол Тәуке ханның билер кеңесіне тұрақты қатысқан, атақты «Жеті жарғы» заңдарын жасауға атсалысқан қайраткер. Архивтерден табылған тарихи деректерге сәйкес, Сары би Бозымұлы Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасындағы саяси-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында елшілік миссия атқарады.
1690 жылы Тобыл қаласында елшілік сапарында жүргенде жазықсыз жабылған жалаға қарсы әділдік үшін күрес кезінде түрме қысымынан қаза табады.
«Бұған дейін өмірі мен қызметі арнайы зерттеліп, хатқа түсіп, тасқа басылмаған тұлғаның бірі – Бозымұлы Сары би. Ел жадындағы даланың ауызша тарихнамасының деректеріне құлақ ассақ, ол – алдымен батырлығымен даңқы шыққан, шешендігімен ел құрметіне бөленген, әділ би атанған және тарихи құжаттар бойынша елші де болған тұлға. Бозымұлы Сары би есімін ғылыми айналымға қайтару – ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы», – дейді «Бозымұлы Сары би» кітабының авторы, филология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Сағатбек Медеубекұлы.
Кітапта бұрын жарияланбаған архивтік деректер, зерттегілер мен көнекөз қариялар айтқан естегілер ұсынылған. Бұл еңбек – қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттерді толықтыруға бағытталған маңызды қадам.
Сары би ұрпақтары бүгін Алматы облысы, Кеген ауданын мекендейді. 2025 жылы «Сары би» қоғамдық қорын құрып, ата-баба мұрасын түгендеу бағытында жұмыс істеуде.