Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Маңғыстау облысындағы әскери бөлімдеріне ұйымдастырылған баспасөз турында журналистер алдымен теңіз жаяу әскерлері нысандарын аралап, пейнтбол қалашығындағы екі взводтың шартты қақтығысын тамашалады. Онда әскери қызметшілер тактикалық маневрлерді пысықтап, үйлесімді іс-қимылдарын көрсетті.
25744 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Азамат Сүлейменовтің айтуынша, пейнтбол ғимараттарға шабуылдау, аумақты тазарту, қорғаныс пен шабуыл кезіндегі іс-қимылдар сияқты нақты жауынгерлік жағдайларды модельдеуге мүмкіндік береді. Осындай дайындықтың арқасында теңіз жаяу әскерлері дұрыс қозғалып, тиімді позицияларды иеленуге және бөлімше құрамында өзара іс-қимылды үйлестіруге машықтанады.
Оқу сыныбында қонақтар жас жауынгерлердің әскери техниканы жүргізу және заманауи қару түрлерін қолдану дағдыларын қалай меңгеріп жатқанын бақылап көрді. Одан соң «Оймаша» полигонында көрсетілімдік атыстар ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер мерген мылтықтары мен түрлі гранатаатқыштардан жаттығулар орындап, ұрыс жағдайына барынша жақын ортада тактикалық әрекеттерді пысықтады. Сондай-ақ бригаданың сап алаңында төрт жасар блогер Бек Сәбитті теңіз жаяу әскерлерінің қатарына қабылдау рәсімі өтті. Әскери ант сөздерін салмақты кейіппен әрі мақтанышпен айтқан бүлдіршін жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Әскери-теңіз базасына жасалған сапар да есте қаларлықтай болды. Мұнда қонақтар бөлімнің инфрақұрылымымен, жауынгерлік кемелердің міндеттерімен және елдің теңіз шебін қорғаудағы Әскери-теңіз күштерінің рөлімен танысты. Әскери теңізшілер экипаж жұмысы, кемені шабуылдау тактикалық көрінісі, заманауи навигация және бақылау жүйелерін көрсетті.
Ең әсерлі сәттердің бірі кемемен теңізге шығу болды. Журналистер теңіздің кермек суын ішіп, әскери теңізшілердің бауырластық рухын сезінуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар Әуе қорғанысы күштерінің нысандарын аралау да мазмұнды өтті. БАҚ өкілдері ұшу құрамын даярлау және авиациялық техникаға қызмет көрсету процесімен танысты. Әсіресе, заманауи авиация мүмкіндіктерін айқын көрсеткен көрсетілім ерекше әсер қалдырды.
Медиа өкілдері құрлықта, теңізде және әуеде қызмет етудің ерекшеліктерімен осылай танысты. Олар жеке құраммен тілдесіп, күнделікті тұрмыс жағдайларын, оның ішінде сарбаздардың тамақтануын да бағалай алды.
Осының бәрі кәсібилік, қатаң тәртіп және заманауи технологиялар біртұтас әрі тиімді қорғаныс жүйесін қалай қалыптастыратынын айқын көрсетті.
Баспасөз турының екінші күні де есте қаларлықтай мазмұнды болды. Журналистер Әскери-теңіз күштеріндегі жауынгерлік дайындықтың заманауи бағыттарымен танысып, ұшқышсыз ұшу жүйелері операторларының жұмысына қанығып, тіпті сүңгуір жабдығын тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік алды.
Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде БАҚ өкілдеріне ұшқышсыз авиацияның даму жағдайы және дрон операторларын дайындау туралы жан-жақты ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Әскери-теңіз күштерінде мамандандырылған екі зертхана және бір оқу сыныбы жұмыс істейді. Онда бейінді мамандармен қатар өзге бөлімшелердің әскери қызметшілері де дайындықтан өтеді.
Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының роботтандырылған жүйелерді қолдану жөніндегі аға офицері подполковник Григорий Селивановтың айтуынша, оқыту әскери қызметшілерге ұшқышсыз жүйелерді басқарудың бастапқы дағдыларын үйретіп, заманауи қару түрлері туралы жалпы түсінік беруге бағытталған.
– Бұл бөлімшелердің дайындығын арттырып, жеке құрамның қазіргі заманғы ұрыс жағдайларына бейімделуін қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге журналистерге «бірінші жақтан көретін» FPV-дрондардың мүмкіндігі көрсетілді. Онда оператор дрон камерасынан түскен бейнені көзілдірік арқылы көріп, дронның ішінде отырғандай сезімде болады. Бұл ұшқышсыз аппаратты жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.
Одан кейін баспасөз туры оқу-сүңгуірлік орталығында жалғасты. Бөлімше бастығы капитан-лейтенант Руслан Қунақов орталық барлық мамандықтағы сүңгуірлерді, соның ішінде жауынгерлік жүзушілерді, техникалық бейіндегі мамандарды, сондай-ақ штаттағы және штаттан тыс кеме сүңгуірлерін дайындайтынын атап өтті. Журналистерге ашық және жабық циклді аппараттар, сондай-ақ шлангалы сүңгуір құралдары көрсетілді.
Одан соң баспасөз туры Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлерінде жалғасты. Мұнда десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға әскери-теңіз базасының қолбасшылығы, ардагер теңізшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және әскери қызметшілердің ата-аналары қатысты.
Бөлім басшылығы матростарға әскери борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Әрбір әскери қызметшіге алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Арда БЕКЖАН