Журналистер әуежай жұмысымен танысты

30.06.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

БАҚ қызметкерлері алдымен әуежайдың кинолог мамандарының жұмысына куә болып, күнделікті қызметі жайында ақпар алды. Қатысушылар практикалық бөлімде екі топқа бөлінді. Бірінші топ кинолог пен қызметтік иттің әрекетін бақыласа, екінші топ оқу-жаттығу мақсатындағы жарылғыш заттың баламасын жасырды. Белгі берілгеннен кейін қызметтік ит аумақты тексеруге кірісіп, шартты қауіпті затты қысқа уақыт ішінде тауып, тапсырманы мүл­тіксіз орындады. Ки­нолог Темірлан Ос­­­пановтың айтуын­ша, бүгінге дейін әуе­жай аумағында қауіпті жағдайлар бол­маған.

– Жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр, халықтың қауіпсіздігі үшін жұ­мыс істейміз, әуежай аумағын бақылап, тәртібін қадағалаймыз. Кейде жолау­шылар затын қалдырып кетеді, біз тексеріп, иесіне жеткізуге көмек береміз. Итімнің аты – Бен. Бірге бес жыл жұмыс істеп келемін, қызметімдегі алғашқы сенімді серігім десем болады. Итім жарылғыш заттарды тексереді, бір ит екі түрлі затты анықтай алмайды, әрқайсыcының өз бағыты бар, – дейді кинолог.

Одан соң журналистер экскурсия аясында перронға шығып, әуе кемелерінің жанында фото және бейнетүсірілім жасау­ға мүмкіндік алды. Сонымен қатар әуежай­дың апаттық-құтқару қызметі мамандары­ның дайындықтарын көріп, құтқарушылар жұмысының маңызды бір бөлігіне куә бол­ды.  Апаттық-құтқару қызметіне қарас­ты заманауи Rosenbauer өрт сөндіру авто­көлігінің мүмкіндіктерін көрудің де осы кезде сәті түсті. Rosenbauer әзірге елі­міздегі қуатты қызметтік көліктердің бірі де бірегейі болып отыр. Мамандардың айтуынша, қазір әлем елдері осы көлік түрін қолданады. Арнайы техника төтенше жағдай орнына қысқа уақытта жетіп, қуатты сорғылары мен өрт сөндіру заттарының мол қорының арқасында өртті тиімді сөндіре алады. Бір қуаныштысы, әуежайда бүгінге дейін апаттық жағдайлар болмаған, сол себепті қызметтік көлік тек игі шараларда ғана қолданылып келеді. 

Баспасөз турының тағы бір маңызды кезеңі – Qazaqstan Catering Solutions өндірістік кешенін аралау. БАҚ өкілдері борттық тағамның дайындалуынан бастап оны әуе компаниялары үшін жинақтауға дейінгі өндірістік циклмен танысты. Сонымен қоса халықаралық сапа стан­дарттары, санитарлық қауіпсіздік талаптары, тағамды сақтау және әуе кемелеріне жеткізу технологиялары туралы жан-жақты ақпар жинай алды.

Экскурсиядан кейін Астана халықаралық әуежайы басқарма төрағасы Бекен Сей­дахметовпен кездесу өтті. Жиында әуежайдың негізгі өндірістік көрсеткіштері танысты­рылып, бағыттар желісін кеңейту, инфрақұ­рылымды жаңғырту, халықаралық ынтымақ­т­астықты дамыту, жүк тасымалын ұлғайту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру сынды мәселелер тал­қыланып, жұмыстың нақты жоспары ұсынылды. 

Елордамыз күн сайын өркендеп, турис­тік қала ретінде де танымалдығы арта түс­ті. Қала тұрғындары мен қонақтарының саны артуына байланысты қызмет көрсету сапасы жетілдіріліп, әуежай аумағы да алда кеңейтілмек.

Айсұлу СЪЕЗХАН

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью