Жүрсін Ерман, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Отты да жігерлі шағым айтыс өнерінде өтті

14.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Сөз өнерінің сардары елу жылдан астам уақыт бойы айтыс өнерінің жандануына өлшеусіз үлес қоса білді. Таяуда ақынның дәл туған күнінде ағамыздың шаңырағына арнайы жол түсті. Жетпістің бел ортасына келген қазақ руханиятының көрнекті өкілін мерейтойымен құттықтап, сүбелі сұхбат құрып қайттық. Сұхбат барысында ақын сәулелі ғұмырындағы қуанышы мен өкініші, өмірден өткен достары туралы жан-сырын ақтарды.

– Жүрсін аға, өлең дейтін өлке­де өмір сүргеніңізге көп болды. Өлең сізді тапты ма, сіз өлеңді іздедіңіз бе?

– Өлең мені тапқан жоқ, мен өлеңді тапқан жоқпын. Ақын­дық – адам баласына Құдайдан бері­ле­тін, аспаннан түскен ғайып өнер. Сол өнер менің де басыма қоныпты.

– «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, аузында жүру сыздаған ауыр жараның» дейді Төлеген ақын. Сіз үшін ақын болу деген не? 

– Ақын болу – жүректе туған жан сырыңды елге бөлісу. Мүм­кін­дігің болса барыңды ашып айту, халыққа жеткізу деп білемін. Ақын­дық деген одан басқа ештеңе де емес. Төлегеннің де, Мұқағали­дың да, Қасымның да ақындық қа­ғидасы осы ғой деп ойлаймын. Өзім де сол жолдамын. Ақын бо­лудың негізгі миссиясы – ішіңде жиналған ой-пікірді, жүрегіңді ма­залаған сезімдерді халқыңа жет­кізу, сол арқылы рухани үн­дестік табу.

– Қаламгер саясаттан бөлек өмір кеше ала ма?

– Кешеді. Қазір менің саясат­пен шаруам жоқ. Алайда ел ішінде болып жатқан саяси үдерістен тыс қалмай, назарымда ұстаймын. Қазіргі уақытта конституциялық реформаларға байланысты қо­ғамдық пікірталас қызу жүріп жатыр. Бұл жағдайдың бәрін жіті бақылап отырамын. Осындай сая­си оқиғаларға қатысты менің де өз пікірім бар. Бірақ оның барлығын айтып, жұртқа жария етпеймін.

Айтыс өнері менен көп нәрсені алып қойды

– «Айтысты тірілтемін деп жүріп, өзім өлуге айналыппын» деген едіңіз. Ғұмырыңыздың көп уақытын айтысқа арнадыңыз. Бұл өнер сізге не берді? 

– Иә, айтылған сөзде шындық бар. Айтыс өнері менен көп нәр­сені алып қойды. Алтын уақытым, отты да жігерлі шағым осы жолда өтті. Сол себепті біраз уақыт өлең­нен шет қалғаным да рас. Осы жағдайым үшін өкінемін. Бір­шама уақыт бойы көп дүние жа­зылмай қалды. Дегенмен тағ­дырдың бергеніне шүкір етемін, осыған да тәубе деймін.

– «Жалаң аяқ жар кешіп жү­ріп», айтысты тірілттіңіз. Осы өнерді қолға алған кезде алдыңызда қандай мақсат тұрды?

– Мен айтыс өнерін сонау 1974 жылы бастадым. Содан бері арада жарты ғасырдан астам уа­қыт зулап өтіпті. Бұл өнерді қолға алған кезде алдымызда тұрған негізгі мақсат – ақсүйек өнерді ті­рілту, қазақтың шапан киген өз өлеңін шекпен кигізіп өзіне қай­тару еді. Сол арқылы ұлттық рух­ты көтеріп, елдік мұраттарды на­сихаттауға күш салдық. Бар ғұ­мы­рымның елеулі бөлігі осы жол­мен сабақтасып жатыр. Елу жылдан астам уақыт бойы сол мақсатқа жету жолында қызмет еттім.

– Манап Көкенов, Тәушен Әбуо­ва, Әселхан Қалыбекова, Қо­нысбай Әбіл, Ерік Асқаров, Әзім­бай Жанқұлиев... Айтыс өнерінде ізі қалған тағы кімдерді жоғалттық? 

– Негізгі адамдар өзіңіз атап өткен сол есімдер ғой. Табиғи ай­тыстың үлгісін көрсете білген Әсел­хан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Қонысбай Әбіл сынды ірі тұлғаларымызды қазір сағыныш­пен еске аламыз. Кезінде Көпбай Омаров деген талантты ақын бол­ды. Кейін Ташкентте жүріп, 60 жасында дүниеден өтті. Әсияның мақамы, Қалыбекованың ешкімге ұқсамайтын өзгеше дарыны, Қо­нысбайдың шындықты ту еткен жырлары халықтың жадында қа­луға тиіс. Олардың әрқайсысы ай­тыс өнеріне жаңалық әкеліп, көне дәстүр мен жаңа заманның ара­сын жалғаған ірі таланттар болды.

– «Батпақтап Торғайға барып, батпақтап Оралға барып ақын іздеп жүргенімде айтыстың ешкімге қажеті жоқ еді. Бүгінде бұған еге болатындар табылды» деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Қазір де сол пікірдесіз бе?

– Қазір бұл пікірімнен айны­дым. Менің батпақ кешіп, ақын іздеп жүргенім 1984 жылдың көк­темі болатын. Батпақтап Торғайға да, Оралға да бардым. Ал қазір айтыс өнеріне бет бұрған жастар шет-шетінен өздері келе жатыр. Әсіресе, студенттер, аспиранттар айтысты өздері іздеп келетін бол­ған. Бұрын мен оларды іздесем, енді олар мені іздеп келеді. Айыр­машылық осыдан-ақ аңғарылады.

Бір жаманның бір жақсысы болады

– Айтыс деп жүріп, шығарма­шылығыңыз сырт қалып қоймады ма?

– Шығармашылығым сырт қалып қойғаны рас. Шынында айтыс көп уақытымды алып қой­ды. Осы үшін өкінгеніммен, бірақ бұл – халыққа қызмет ететін өнер. Айтыс өнері жеке шығармашы­лығыма көп зиянын тигізгенімен, халыққа пайдасын беріп жатыр деп ойлаймын. Бір жаманның бір жақсысы болады емес пе?!

– Өмірде бірге жүрген доста­рыңыздың да шеті ыдырап жатыр. Әсіресе, «Несағаның қайғысы жаныма қатты батты» деген едіңіз. Достық деген ұғым қандай болуы керек? Сіздің жан аяспас доста­рыңыз кім еді?

– Кіммен өмір сүрсең, өзің де сондай боласың. Өкінішке қарай, талай аяулы достарым бұл дү­ниеден өтті. Ең жақын досым Не­сіпбек Айтұлы еді. Ол – қазақ­тың сұрапыл талантты ақыны болған. Одан бөлек, профессор Асқар Егеубаев, Намазалы Ома­шев, «атағы жоқ академик» Тұр­сын Жұртбай, қазақ журналис­тикасының көшін бастап тұрған Жанболат Аупбаев сияқты аза­маттар бар. Менің достарым осы кісілер еді. Айналаңдағы доста­рың қандай болса, өзің де соған ұқсай бастайсың. Бұл достыққа ештеңе де жетпейді. 

– Елімізде нағыз айтыс өнері­нің мектебі қалыптасты деп айта аламыз ба?

– Иә, қалыптасты деп айта аламын. Бұлай деуге толық негіз бар. Оның бірден-бір көрсеткі­ші – қазір барлық облыста Айтыс одағының филиалы жұмыс іс­тейді. Қазақстанның біршама об­лысында айтыс өнерінің мек­те­бі ашылған. Орал өңіріндегі Жым­питыда Жүрсін Ерман атын­дағы ақындар мектебі бар болса, Қызылжарда Ерік Асқаров атын­дағы жас ақындар мектебі талапты балаларды тәрбиелеп отыр. Тү­п­теп келгенде, осының барлығы айтыс өнерінің жетістігі деуге болады. 

Қазір айтысқа қуатты, қарымды жастар келіп жатыр

– Қазір айтыс өнерінде жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Осы бір ұлттық өнерге ден қойған жас толқынның ізденісіне көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі буынға көңілім то­лады. Қазір айтыс өнеріне қуатты, қарымды жастар келіп жатыр. Бір толқынды бір толқын қуып, бірінен-бірі асып түсетін небір дарынды ақындар көптеп келе бастады. Осындай таланттардың арқасында қазақ айтыс өнерінің дариясы толысып, кемелдене түспек. Мәселен, Қызылордадан шыққан Орынбасар деген жігіт әуелде жыршы, термеші болып шықса, қазір айтыстың алдыңғы шебіне шықты. Бұдан өзге Нұрбол Жауынбаев атты ақтөбелік ақын­ның өнері қандай тамаша?! Айтыс өнеріне келіп жатқан бүгінгі жас­тардың аяқ алысы қуантады.

– Сол бір буынның арасынан айтыс өнерінде қарым-қабілетімен көзге түсіп жүрген, орамды ойлары­мен көрерменге қуат беретін қандай есімдерді атар едіңіз? 

– Қайсыбірін айтайын?.. Оның бірін атасам, бірі қалып қояды. Дегенмен қазіргі қазақ айтыс өнерінің көшін бастап тұр­ған – Мұхтар Ниязов. Сонымен бірге елуге аяқ басқалы отырған түркістандық Бекарыс Шойбеков бар. Олар айтыс өнеріне жаңалық әкелді, әкеліп те жатыр. 

Сырласым да, мұңдасым да – өлең

– Бүгінгі айтыс өнері қоғамда болып жатқан түйіткілдерге қан­шалықты үн қосып отыр?

– Негізінен, айтыс өнерінің қамтымайтын тақырыбы жоқ. Қоғамда қандай құбылыстар болса, соның бәріне айтыс үн қатып келе жатыр. Айтыс кезінде біз қозғайтын тақырыптар да сол ел өмірінде болып жатқан оқи­ға­лардан туындайды. Айтыскерлер еш боямасыз, ағаттығы мен ар­тық-кемі жоқ күрделі мәселелерді батыл қозғап жүр.

– Ақындардың көбі «сырласым да, мұңдасым да – өлең» дейді. Сіз ше? Кімге сыр айтасыз?

– Менің де сырласым да, мұң­дасым да – өлең. Менің ең үлкен досым – Абай. Әр сөзін салмақтап, әрбір ойымды сол Абай арқылы тексеремін. Одан артық дос бола ма?!

Халыққа рухани азық сыйлау жолында еңбек еттім

– Жүрсін аға, бүгін жетпістің бел ортасына қадам басып отырсыз. Жарты ғасырдан астам уақытты артқа шегерген өмір жолыңызға қарап нендей баға берер едіңіз? 

– Аузынан түспейтін темекісі, 

Мен екенмін бүгінгі көне кісі.

Бір жанмын басқалардан бөлек ісі, 

Туған күнім ақпанның 12-сі... 

Артыма көз салсам, өкінетін дүние көп. «Әттеген-ай» дегізген сәттер де аз болған жоқ. Оның қай­сыбірін айтайын?! Бірақ пай­ғамбардың «Өткен іске өкінбе» деген хадисі бар. Сондықтан бар­лық жағдайға үмітпен қараған жөн. Мен мүмкіндігінше қолым­нан келгенін жасадым. Халыққа рухани азық сыйлау жолында ең­бек еттім. Сол үшін еш өкінбей­мін. Бір адамның ғұмырына же­тетін қуаныш пен қиындықты, бейнет пен бақытты қатар бастан кешіріп отырмын. 

– Әңгімеңізге рақмет! Ғұмырлы болыңыз!

Сұхбаттасқан

Гүлзина БЕКТАС,

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью