“Жұрт не дейді“: Неге қазақстандықтарға бай болып көріну маңызды?

22.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қымбат телефон көзге түседі. Демалыс бағаланады. Дүркіреген той талқыланады. Ал жұмыссыз қалған жағдайға жиналған ақша ешкімге көрінбейді. Неге жақсы өмір "жеткіліксіз" болып көріне бастайды, неге біз өзгелердің мақұлдауын сатып аламыз және "кедей көрінуден" қорқу қалай несиеге әкеп соғады? Бұл мәселені Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Тақырып: Қазақстандағы демонстративті тұтыну, оның психологиялық және әлеуметтік себептері, бөліп төлеу мен несиелердің рөлі. Сарапшылар: социолог Айман Жүсіпова және психолог Айдос Ибрагим; негізгі ой — көзге көрінетін сатып алулар табыс белгісі ретінде қабылданады, ал қаржылық қауіпсіздік жастығы «көрінбейді». Механизмдер: компенсаторлық тұтыну, әлеуметтік желілер мен референтті топтардың әсері, бала кездегі кедейлік үшін ұялу тәжірибесі; «ел не дейді?» деген ұстаным шығындар мен несиелерді ынталандырады. Статистика: 01.01.2026 жылға қарай 8,95 млн қарыз алушыда 39,4 млн несие бар (орташа есеппен 4,4); тұтынушылық несие портфелі 6,132 трлн теңгеден (01.2022) 16,854 трлн теңгеге (01.04.2026) дейін өсті. Бөліп төлеу: 01.08.2025 жылға қарай шамамен 4,9 млн қолданушы; орташа есеппен 5,37 бөліп төлеу және 501,2 мың теңге қарыз; танымал тауарлар — техника, гаджеттер, жиһаз, киім, туризм; Halyk-тың орташа чегі — 130 038 тг (24 ай), БЦК — 500–600 мың тг (12 ай). Тәуекелдер: бағаны бөлшектеу және «бар болғаны айына N мың теңге» деген ұғым қабылдауды бұрмалайды; төлемдер жиналып қалады; қымбат зат иесінің қаржылық тұрақтылығын көрсетпейді. Ұсыныстар: толық құнын және бюджетке әсерін бағалау, сатып алу алдында үзіліс жасау, контентті қайта қарау, табыстың жеке критерийлерін қалыптастыру; негізгі сұрақтар — «егер ешкім білмесе, мен мұны сатып алар ма едім?» және «Қазір менің бұған жағдайым келмейді» деген фраза.

Қымбат телефон, дүркіреген той және несие: қазақстандықтар неге бай көрінгісі келеді? 

Сіз жұмыс істейсіз, шоттарды төлейсіз, жақындарыңызға көмектесесіз және мүмкіндігінше ақша жинайсыз. Телефоныңыз әлі жұмыс істеп тұр, киіміңіз көңіліңізден шығады, жылына бір рет жазда саяхаттауға мүмкіндік табасыз.

Бірақ әлеуметтік желіні ашсаңыз болды - айналаңыздағылардың бәрі жаңа көлік сатып алған, кең пәтерге көшкен және тағы саяхатқа аттанғандай көрінеді.

Өміріңізде ештеңе өзгерген жоқ. Жалақыңыз азайған жоқ. Бірақ өзіңізді біреулерден қалып қойғандай сезінесіз. "Бұл маған расында керек пе?" деген сұрақтың орнын "неге бәрінде бар, ал менде жоқ?" деген ой басады.

Мұны жалпыұлттық сән-салтанат культі деп атау тым қарапайым әрі асығыс тұжырым болар еді. Біз осы сауалмен жүгінген әлеуметтанушы Айман Жүсіпова бірден мына жайтты атап өтті:

...арнайы зерттеусіз бұл құбылыс Қазақстанда қаншалықты кең таралғанын анықтау мүмкін емес.

Айман Жүсіпова

Әлеуметтанушы, "Нархоз Университетінің" қауымдастырылған профессоры

Банк статистикасы да адамның қымбат затты не үшін алғанын түсіндіре алмайды. Алайда адамдарды дәулетін паш етуге және өзін өзгелермен салыстыруға итермелейтін тетіктерді түсінуге болады. Бұл туралы біз әлеуметтанушы Айман Жүсіпова және психолог Айдос Ибрагиммен - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология магистрі, докторанты және оқытушысымен сөйлестік.

Қаржылық "жастыққа" лайк баса алмайсың

Қаржылық тұрақтылық күтпеген шығындарды еңсеруге, кез келген жұмысқа келісе бермеуге және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл айналадағы адамдарға көрінбейді.

"Депозиттегі "қауіпсіздік жастығын" ешкім бағаламайды: оған лайк басатын жер жоқ, ол туралы дастархан басында сұрамайды. Ал қымбат көлік, сөмке немесе Дубайдағы демалыс бірден көзге түседі, ол туралы бөлек айтудың да қажеті жоқ", - дейді Ибрагим.

Айдос Ибрагим

Психолог, магистр, докторант, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология оқытушысы

Психологтың айтуынша, мәртебелі сатып алу бірнеше қажеттілікті қанағаттандыруы мүмкін: белгілі бір ортаға тиесілі болу, мойындалу, өзін сенімдірек сезіну немесе өмірі бақылауда екенін көрсету.

Сондықтан көрсетпе тұтыну әрдайым менмендікпен байланысты емес. Кейде оның астарында үрей пен өзіне деген сенімсіздік жатады.

Өтемдік тұтыну осылай жұмыс істейді: адам сатып алу арқылы мойындалудың немесе өзінің маңыздылығын сезінудің жетіспеушілігін толтыруға тырысады. Ол қысқа уақытқа көмектеседі, бірақ өзін-өзі бағалау айналасындағы адамдардың реакциясына байланысты болса, бір зат көпке жетпейді. 

Анықтама: Өтемдік тұтыну - адамның сенімділіктің, мойындалудың немесе өзінің маңыздылығын сезінудің орнын толтыруға тырысатын сатып алулары. Мысалы, қымбат зат үрей себебі қалса да, өзін аз уақытқа табысты немесе "өзгелерден кем емес" сезінуге көмектеседі.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова отбасы мен қоршаған ортаның рөліне назар аударады. Бедел мен туыстардың пікірі маңызды жерде өз жетістігін дәлелдеуге деген ұмтылыс күшейе түсуі мүмкін. Ал әлеуметтік желілер өзіңді таныстармен ғана емес, мыңдаған бейтаныс адамдармен салыстыруға мүмкіндік береді.

Неге қымбат зат табыс белгісіне айналды?

Қазақстандағы дәулет туралы түсінік әртүрлі тарихи жағдайларда қалыптасты. Кеңестік тапшылық және 90-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген адамдар үшін материалдық игілік - қиындыққа төтеп беріп, отбасын асырай алғанының ерекше маңызды дәлелі болуы мүмкін.

Жүсіпованың айтуынша, нарықтық экономикаға көшкеннен кейін өз мәртебесін дәлелдеу тәсілдері де өзгерді. Егер бұрын мамандық, білім және лауазым үлкен маңызға ие болса, қазір ақша мен меншік табыстың айқын белгісіне айналды. Үй мен автокөлік айналадағы адамдарға ештеңе айтпай-ақ бәрін түсіндіреді. 

"Адамдар қоғам нені құнды деп жариялайтынына ғана емес, қандай жетістіктер жоғары мәртебе, ықпал мен мойындау әкелетініне бағдарланады", - деп түсіндіреді әлеуметтанушы.

Біліктілік пен табыс арасындағы алшақтық та маңызды. Жақсы білім мен сұранысқа ие мамандық әрдайым өмір сүрудің жоғары деңгейіне кепілдік бермейді. Нәтижесінде материалдық жетістік адамның өзін-өзі дәлелдегенінің нанымдырақ айғағы ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл ретте Жүсіпова барлық буын бағдары бірдей деп есептемейді. Жастарге дербестік, таңдау еркіндігі және қызықты жұмыс маңыздырақ болуы мүмкін. Ақша маңызды, бірақ табысқа қатысты түсінік әртүрлі бола бастады.

Анықтама: Айман Жүсіпова "X, Y, Z және Альфа: Қазақстандағы өмір сүру нормалары қалай өзгерді?" деген мақаласында кеңестік тапшылық, нарықтық экономикаға көшу және цифрлық ортаның жұмыс, тұрақтылық пен табыс туралы ұрпақтар арасындағы түрлі түсінікті қалай қалыптастырғанын талдайды. Ол миллениалдардың жағдайына ерекше тоқталады: олардан әлі де білім алу, тұрақты жұмыс пен отбасының болуын күтеді, бірақ бұл жолды ұстану бұрынғыдай болжамды болашаққа кепілдік бермейді. Әлеуметтік желілер бұл үмітке өзіңді басқалардың жетістігімен үнемі салыстыруды және әрқашан артта қалып қоямын деген сезімді қосады.

Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған

"Ешқашан кедей көрінбеймін"

Қоғамдық түсініктерге жеке тәжірибе де қосылады.

Психолог Айдос Ибрагим былай түсіндіреді: балалық шақтағы кедейлік екі қарама-қайшы шешімге әкелуі мүмкін.

Бірі өзіне: "Енді ешқашан ақшасыз қалмаймын" деп, қор жинайды. Екіншісі: "Енді ешқашан кедей көрінбеймін" деп, бұрынғы осалдығын ешкім байқамауы үшін ақша жұмсайды.

"Мұнда кедейліктің өзі емес, отбасының оны қалай өткергені маңызды. Егер бұл ұятқа ұласса - мектепте ескі киім үшін келемеждеу, ата-ананың ақша тапшылығын жасыру әрекеттері болса, кейін сән-салтанат осы жараның орнын толтыру тәсіліне айналады", - деп түсіндіреді психолог.

Ал егер отбасы шектеуді ашық талқылап, шығынды жоспарласа, ақша тапшылығы тәжірибесі, керісінше, үнемшілдікке үйретуі мүмкін. Кейде қымбат зат сатып алу шешіміне "кейінге қалған өмір" сезімі де әсер етеді: адам ұзақ уақыт бойы өзін шектеп келгендіктен, енді қалағанына қол жеткізгісі келеді. "Мен бұған лайықпын" деген ой түсінікті болғанымен, ол әзірге қаражат жетпейтін заттарды сатып алуға да итермелеуі мүмкін.

"Кейде қымбат сырт киімді ересек адам емес, кезінде ескі бәтеңкесі үшін келемежге ұшыраған сегіз жастағы бала сатып алады", - дейді сарапшы.

Ол балалық шақтағы тәжірибе ересек кездегі шешімдерді толық айқындамайтынын атап өтті. Алайда жеке уәжді түсіну бүгінгі қажеттілікті баяғы реніштің орнын толтыру әрекетінен ажыратуға көмектеседі.

Кедейленген жоқсыз. Лентаны аштыңыз

Әлеуметтік желілер салыстыру ауқымын өзгертті. Бұрын адам көбіне туыстарына, әріптестеріне және көршілеріне қарап бой түзейтін. Қазір лентада оның әдеттегі дүйсенбісі мен біреудің демалыстағы мұқият іріктелген суреті қатар тұрады.

"Адам объективті түрде кедейленбеуі мүмкін, бірақ өзін аз қамтылғандай сезіне бастайды. Оның табысы емес, қандай өмір сүру деңгейі қалыпты саналатыны туралы түсінігі өзгереді", - деп түсіндіреді әлеуметтанушы Айман Жүсіпова.

Бұл салыстырмалы депривациямен байланысты - яғни басқалармен салыстырғанда сізде бір нәрсе жетіспейтіндей сезім. Бұл ретте адам өз шоттарын, қиындықтары мен шектеулерін егжей-тегжейлі біледі, ал өзгенің өмірін жақсы сәттерінен ғана көреді.

"Қымбат заттар, саяхат, мейрамханалар көзге түсіп, қаржылық шектеулер, кредиттер мен қарапайым өмірлік қиындықтар көбіне кадр сыртында қалады", - деп атап өтті әлеуметтанушы.

Әсіресе күн сайын отбасы мен тұрмысы туралы айтатын блогерлердің контенті өте сенімді көрінуі мүмкін. Көрермен оларды жақын танысындай қабылдай бастайды. "Егер бұл адам мен сияқты болса, демек оның өмір салты маған да қолжетімді" деген ой туады. Бірақ табыс пен жағдай мүлдем басқаша болуы мүмкін.

"Мұндай блогерлердің көбі үшін сән-салтанат - бұл реквизит пен бизнес-модель. Заттар мен саяхаттардың бір бөлігі жарнамалық, бартерлік немесе жалға алынған: біз өзіміздің шынайы өмірімізді өзгенің жұмыс контентімен салыстырамыз", - дейді психолог Айдос Ибрагим.

Бұл көрсетілген сән-салтанаттың бәрі жалған дегенді білдірмейді. Тек көрермен нақты бір көріністі жасау қанша тұратынын және оны кім төлегенін біле бермейді. Психолог лентаның мазмұнын ғана емес, оны көргеннен кейінгі өз күйіңізді де бағалауды ұсынады. Кейбір хикаялар оқуға, жұмыс істеуге және жоспар құруға шабыт береді. Ал басқалары өзіңді төмен сезінбеу үшін дәл сондай затты шұғыл сатып алуға итермелейді. Егер белгілі бір контент бұл сезімді үнемі күшейтсе, одан бас тартуға болады.

"Жұрт не дейді?": туыстардың пікірі шығынға айналғанда

Аудиторияның бәрі интернетте емес. Кейде ең күшті қысым туыстар мен таныстар тарапынан болады. Айман Жүсіпова негізгі референттік топ - пікірі біз үшін маңызды адамдар туралы еске салады. Олардың әдеттері қандай шығындар міндетті екені туралы түсінік қалыптастырады, адам мұны сыртқы қысым ретінде қабылдамаса да. Оған тән мысал - той. Салтанаттың ауқымы қонақтарға деген құрметпен, отбасылық беделмен және өзара міндеттемелермен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтанушы мәселені жеңілдетпеуге шақырады: үлкен той міндетті түрде мақтану үшін жасалмайды.

"Мұндай шешімдерді тек әсер қалдыруға ұмтылумен түсіндіруге болмайды. Олардың астарында қарым-қатынасты сақтау және маңызды адамдардың үмітін ақтау ниеті тұруы мүмкін", - деп түсіндіреді Жүсіпова.

Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған

Бірақ қымбат салтанаттан бас тарту туыстарды сыйламау ретінде қабылданса, таңдау қаншалықты еркін болмақ? Ибрагимнің айтуынша, "жұрт не дейді?" деген сөз ақшаның жетіспеушілігін өзің және отбасың үшін ұялу сезіміне айналдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда несие алу - сыннан құтылудың амалына айналады.

"Той өткеннен кейін бір айдан соң мәзір мен тағамдар санын ешкім есіне алмайды, ал төлемдер бір жылға, екі жылға немесе одан да ұзақ уақытқа қалады", - дейді психолог.

Бұл ретте ол қарапайым мерекелер үлгісі қалыптасқан норманы өзгертуге қабілетті деп санайды: егер біреу артық шығыннан бас тартып, күткендей айыптауға ұшырамаса, басқа отбасыларға да осындай таңдау жасау жеңілірек болады.

Қазақстандықтар нені бөліп төлеуге сатып алады?

Бөліп төлеу қалаған нәрсені бірден алып, ақысын біртіндеп төлеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл қазақстандықтардың мәртебе үшін жаппай несие алатынын білдіре ме? Жоқ: мұндай себептерді банктік статистика ашпайды.

Біз бірнеше банктен олардың клиенттері нені жиі сатып алатынын сұрадық.

Kaspi.kz келесі тауарларды атады:

тұрмыстық техника, компьютерлер, телефондар, жиһаз, үйге арналған тауарлар, киім, аяқ киім және әшекей бұйымдар.

Halyk Bank-те сұранысқа ие санаттар арасында:

гаджеттер, тұрмыстық техника, сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарлар, автотауарлар, спорт және туризм тауарлары, зергерлік бұйымдар.

Банк ЦентрКредитте аталған бағыттардың ішінде туризм бірінші орынға шықты, одан кейін:

құрылыс материалдары, телефондар, техника, киім, білім беру курстары.

Сомалар да әртүрлі:

Halyk Bank-те бөліп төлеуге сатып алудың орташа чегі 130 038 теңге, ең танымал мерзім - 24 ай. БЦК-да орташа чек - 500–600 мың теңге, ең көп сұранысқа ие мерзім - 12 айдағы жалақысы туралы анықтама.

Бұл деректер нақты банктердің клиенттеріне қатысты және елдің бүкіл халқын сипаттамайды. Оқу мамандыққа салынған инвестиция, тоңазытқыш - қажеттілік, ал демалыс - алдын ала жоспарланған тынығу болуы мүмкін. Бірақ несиелеудің қолжетімділігі ауқаттылықтың сыртқы белгілерін қабылдауды өзгертеді.

"Автокөлік, қымбат телефон немесе брендтік киім жиналған қаражатқа емес, несиеге немесе бөліп төлеуге сатып алынуы мүмкін", - дейді әлеуметтанушы Айман Жүсіпова.

Сондықтан қымбат затқа қарап, оның иесінің қаржылық жағдайы қаншалықты тұрақты екенін анықтау мүмкін емес.

Бірнеше төлем күнделікті әдетке айналды

Несиелеудің ауқымы біз алдыңғы материалда келтірген деректерден де көрінеді.

Бірінші несие бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,95 миллион қарыз алушыда 39,4 миллион несие болған - бұл бір адамға шаққанда орта есеппен 4,4 несиеден келеді.

Қарыз алушылардың 76,9 пайызында екі және одан да көп несие болған, ал 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 71 пайыз еді.

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, банктік тұтынушылық қарыздар портфелі 2022 жылдың басындағы 6,132 триллион теңгеден 2026 жылғы 1 сәуірге қарай 16,854 триллионға дейін, яғни қазір 2,7 есеге жуық өскен.

Ұлттық банктің жеке зерттеуі көрсеткендей, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 4,9 миллионға жуық қарыз алушы бөліп төлеу қызметін пайдаланған, зерттеуде бұл қызметтер несие карталарынан тыс, нөлдік номиналды мөлшерлемесі бар теңгедегі банктік тұтынушылық қарыздар ретінде анықталған.

Бір пайдаланушыға орта есеппен қолданыстағы 5,37 бөліп төлеу шартынан келді, ал жалпы қарыз орта есеппен 501,2 мың теңге.

Бұлар әртүрлі күндегі әртүрлі көрсеткіштер, сондықтан оларды тікелей салыстыруға болмайды. Бұдан бөлек, несиелердің саны өздігінен борыштық жүктеменің ауырлығы туралы ештеңе айтпайды: бағалау үшін табыс пен төлемдер мөлшері туралы мәліметтер қажет. Оның үстіне, бұл ақша тек өзгелердің ризашылығы үшін жұмсалғанын дәлелдемейді. Бірақ пайызсыз бөліп төлеудің өзі болашақ табыстың бір бөлігін алады. Міне, осы жерде психологиялық тетік іске қосылады.

"Айына небәрі 25 мың"

600 мың теңге тұратын телефон мен екі жыл бойы айына 25 мың теңгеден төленетін телефон - бұл бір сатып алу. Алайда екінші нұсқа қолжетімдірек болып көрінуі мүмкін.

"Бөліп төлеу заттың бағасын емес, мидың оны қалай сезінетінін өзгертеді", - деп түсіндіреді психолог Айдос Ибрагим.

Ірі сома шағын төлемдерге бөлінеді. "Бұл зат 600 мыңға тұра ма?" деген сұрақтың орнына адам "мен айына 25 мың бере аламын ба?" деп сұрайды. Бұл ретте ол сатып алудан ләззатты бірден алады да, шектеулерді болашаққа қалдырады. Мәселе төлемдер жиналып қалғанда басталады.

"25 000 теңгелік бір бөліп төлеуге шыдауға болады. Бірақ оның төртеу-бесеуін жинап алу оңай, сөйтіп ай сайын 100–125 мың теңге баяғыда қуаныш сыйлауын қойған заттар үшін кете бастайды", - деп мысал келтіреді психолог.

Ибрагим сатып алмас бұрын ай сайынғы төлемге ғана емес, тауардың толық құнына қарауға, сондай-ақ төлем жасау кезеңінде басқа қандай мақсаттардан бас тартуға тура келетінін бағалауға кеңес береді.

Неге тағы бір затты сатып алғымыз келіп тұрады?

Бұл жарыстың тағы бір жағымсыз ерекшелігі бар: жаңа заттан алатын ләззат көбіне оның төлемі аяқталмай жатып басылады. Адам көлікке, телефонға немесе киімге үйреніп кетеді де, баяғы таңданыс жоғалады. Жаңа сатып алынған зат сол сезімді қайтаруға уәде бергендей болады.

Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған

Әсіресе, өзін-өзі бағалау өзгелердің мойындауына байланысты болса, тоқтау қиын. Салыстыру ортасы үнемі өзгеріп отырады: кеше ғана адам таныстарының арасында ең ауқаттысы болса, бүгін дәулеттірек ортаға түсіп, өзін тағы да жеткіліксіз деңгейде табысты сезінеді.

"Өзін-өзі бағалаусыртқы растауға ғана сүйенсе, ол тесік ыдысқа ұқсайды: қаншалықты мойындау сезімін құйсаң да, ол бәрібір ағып кете береді", - дейді Айдос Ибрагим.

Психолог мұндай қайталанудың тәуелді мінез-құлық тетіктерімен ұқсастығын көреді, бірақ мынаны баса айтады: қымбат зат сатып алу тәуелділікті білдірмейді. Қауіпті белгілер ескі қарызды жабу үшін жаңа несие алғанда, сатып алынған заттарды жақындарынан жасырғанда, төлем мерзімінің жақындауы үнемі мазасыздық тудырғанда және шопинг көңіл-күйді көтерудің негізгі әдісіне айналғанда пайда болады. Егер ақшаға қатысты уайым ұйқыға, жұмысқа және араласуға кедергі келтірсе, Ибрагим кәсіби көмекке жүгінуге және міндеттемелерді бөлек қарастыруға кеңес береді.

Неге сән-салтанатқа сүйсінеді әрі оны айыптайды

Өзгенің байлығына көзқарас әрдайым біржақты бола бермейді. Айман Жүсіпованың айтуынша, адамдар ақша беретін мүмкіндіктерге сүйсінуі мүмкін, бірақ оны табу жолдары мен көрсету тәсілдеріне сын көзбен қарайды.

"Артында еңбек, қабілет пен кәсіби жетістік тұрған байлық, қайнар көзі күмән тудыратын дәулетке қарағанда басқаша қабылдануы мүмкін", - деп түсіндіреді әлеуметтанушы.

Сондықтан қымбат көлік құрметке кепілдік бермейді. Адамның беделі, оған деген сенім және әділдік сезімі маңызды: басқалардың да осындай деңгейге жетуге мүмкіндігі бар ма? Қоғам алдында жүрген тұлғалардың мінез-құлқы ерекше мәнге ие болады. Өз бизнесін құрған кәсіпкер тапқан табысын жасыруға міндетті емес.

Алайда мемлекеттік қызметшілерге қоғамдық жауапкершілік талаптары қойылады, ал Әдеп кодексі қызметтен тыс уақытта да қарапайымдылықты сақтауды қарастырады.

Көзбояушылық байлық тақырыбын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. 2024 жылғы 28 маусымда БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде ол былай деді:

"Сән-салтанатты өмір мен "жеңіл ақша" культін дәріптеу дұрыс емес. Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді".

Бірақ Айман Жүсіпова табыс туралы түсінік жария үндеулердің арқасында ғана өзгермейтінін атап өтті. Егер білім, кәсібилік пен қабілет адамға лайықты табыс табуға мүмкіндік берсе, дәл осы қасиеттер табыстылықтың сенімді белгілеріне айналады.

Ешкім білмейтін болса, мұны сатып алар ма едіңіз?

Жақсы өмір сүруге ұмтылыс пен айналаңдағы адамдарға өз мәртебеңді дәлелдеу қажеттілігі арасындағы шекара қай жерден өтеді?

Психолог Айдос Ибрагим бірнеше сұрақтан бастауды ұсынады.

Егер бұл затты ешкім көрмейтін болса, оны сатып алар ма едіңіз? Сізге оны пайдалану маңызды ма, әлде ең алдымен өзгелердің реакциясын көру ме? Сатып алуды міндетті шығындар мен жинақтарға нұқсан келтірмей төлей аласыз ба? Шешімді бір айға кейінге қалдыруға дайынсыз ба?

"Қажеттіліктің қанағаттандырылу қасиеті бар. Мысалы, адам ыңғайлы диван сатып алып, содан ләззат алады. Ал бірдеңені дәлелдеу қажеттілігі ешқашан басылмайды, өйткені әрқашан диваны бұдан да қымбат біреу табылады", - деп түсіндіреді психолог.

Ол ірі сатып алулар алдында үзіліс жасауға, бөліп төлеудің толық құнын бағалауға, табыстың жеке критерийлерін қалыптастыруға және одан кейін өз өмірің нашар болып көрінетін контентті қайта қарауға кеңес береді.

Қаржылық "қауіпсіздік жастығы", жақындармен өткізген уақыт және жұмысты таңдау еркіндігі айналаға байқалатын заттардан кем емес қанағат сезімін сыйлай алады.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова былай дейді: мәселе дәулетті бағалауды қоюда емес. Жоғары табысқа ұмтылуға, сапалы заттар сатып алуға болады, бірақ бұл ретте оларды өз қабілеттілігіңнің жалғыз дәлеліне айналдырмау маңызды.

Айдос Ибрагим мынадай қарапайым тіркесті қолданысқа енгізуді ұсынады:

"Қазір бұған мүмкіндігім жоқ".

Мұндағы маңызды сөз - "қазір": сатып алудан бас тарту жеңіліс дегенді білдірмейді, ол басқа мақсаттың пайдасына жасалған саналы таңдау болуы мүмкін.

"Меніңше, нағыз сән-салтанат ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті болмауы", - деп түйіндейді психолог.

Кезекті бір затты сатып алмас бұрын қоятын ең пайдалы сұрақ осы шығар: сатып алғаныңызды ешкім білмесе, бұл өміріңізді жақсарта ала ма?

Тағы оқыңыз:

Жалақысы 1,4 миллион теңгеге жуық: Қазақстанда кімдер бәрінен көп табады?

“Ұнамаса, жұмыстан кет“: қазақстандықтарды қалай тегін жұмыс істеуге мәжбүрлейді және жұмыс берушіні жауапқа тартуға бола ма?

Авторы: Рабиға Дүйсенғұлова

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью