Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
1994 жылы қазан айының ортасында Жоғары Кеңес Назарбаев ұсынған Әкежан Қажыгелдинді премьер-министрлікке бекітті. Әйтсе де премьердің орынбасарлығына ұсынылған Алтынбек Сәрсенбайұлына қарсылық білдіріліп, Назарбаевтың бетін қайтарып тастады. Алтынбек Сәрсенбайұлы Жоғары кеңестің мінберіне шыға бергенде-ақ, "бұл жолы президент қателесті" деген дауыс жұртты селт еткізді. Ол – депутат Алтыншаш Жағанова еді.
Сол кезде Алтыншаш Жағанова:
"Мен тек бір нәрсені айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің кандидатураңызды қолдады және әлі де қолдап келеді. Бұл жолы ол қателесті", – деді.
Ал өз кезегінде Алтынбек Сәрсенбайұлы:
"Болашақта баспасөз туралы заң керек болмауы да мүмкін, сөз бостандығына кепіл болатын Конституцияның өзі де жеткілікті болады", – деп жауап берді.
Бұл тамаша уәж еді...
Өтпелі кезең де өтті. БАҚ туралы заң – заң күйінде қалды. Осыдан соң Әбіш Кекілбаев дауысқа салып, 58 депутат жақтап, 61 депутат қарсы дауыс берді. Бұл оқиғаның мәнісін Алтыншаш Жағанованың өзінен де сұрадық.
"Президент қатты ренжіді. "Алтеке, мұныңыз не, ол жақсы жігіт" деді. "Жақсы емес, Нұреке! Көресіз әлі" дедім. Міне, айтқаным келді. Өйткені біз депутат болардың алдында мен бір жыл Алматы қалалық кеңестің депутаты болдым. Сосын бір жылдан Жоғары Кеңестің депутаты болғасын, мен ол жақтағы жұмысымнан бас тарттым. Сол уақытта қалада бұл да (Алтынбек Сәрсенбайұлы – ред.) депутат болды. Жұртты менсінбей, айтқан адамдарды қатты тойтарып отырды. Тәртібі сондай болды. Принциптері басқаша болатын. Маған ұнамайтын әйтеуір", – деді Алтыншаш Жағанова.
Осы жайтты Алтынбек Сәрсенбайұлы еске алып:
"Мені бекітпегеніне әлі күнге ризамын, рақмет! Менің орныма болған вице-премьердің кезінде бүкіл әлеуметтік саланың тас-талқаны шықты. Мектептер қысқарды, ауруханалар жабылды, кітапханалар ғайып болды. Ол кезде мен жастау едім. Солақай шешімдердің бәріне табандап қарсы тұрар едім деп айта алмаймын. Егер сол кезде вице-премьер болсам, тас-талқан болған дүниенің обалы әлі күнге дейін мойнымда тұрар еді. Мені сол жолы Құдай қақты. Әлі күнге сол апайымызды көрсем, рақмет айтқым кеп тұрады", – деген еді.
Асылхан МАМАШҰЛЫНЫҢ
"Қилы кезең" деректі фильмінің 12-бөлімінен үзінді.