Жыл басынан бері Қазақстан іздеу салған 80 қылмыскер елден тыс жерде анықталды

10.06.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстаннан тыс жерде 80 қылмыскер анықталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Жыл басынан бері Қазақстанның құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 80 адам шетелде анықталып, олардың 47-сі ұсталды. Сонымен қатар республика аумағында шет мемлекеттердің бастамасымен іздеуде жүрген 371 адамның жүрген жері анықталды. Олардың 107-сі қолға түсті.

Мысалы, Астанада криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол Алматы қаласында тұрғын үй кешенін салу сылтауымен үлескерлердің ақшасын заңсыз иемденген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.

Сонымен қатар Алматыда Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Хорватияның құқық қорғау органдарымен халықаралық іздеуге жарияланған шетел азаматы ұсталды. Ол ақша жымқыру және оны заңдастырумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 30 миллион еуроны құрайды.

"Сол секілді Тбилисиде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол автокөлік сату барысында бірнеше алаяқтық әрекет жасап, жәбірленушілерге 118 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген", - деп жазылған хабарламада.

Молдова аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдарының бастамасымен халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол Қарағанды облысындағы есірткі зертханасының қызметін криптовалюта аударымдары мен мессенджерлер арқылы үйлестіріп, қаржыландырған. Бұған дейін аталған зертхана жойылып, заңсыз айналымнан есірткі заттары, жабдықтар және прекурсорлар тәркіленген болатын.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью