Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
- Қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасының жобасын қалыптастыру мақсатында ұсыныстар, ұсынымдар мен пікірлер жинауға арналған өңірлік фокус топтар өз жұмысын бастады. Құжаттың сапалы әрі мазмұнды болуын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып, кешенді талдау жұмыстары жүргізілуде, - деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметіне қарағанда, волонтерлердің Ұлттық фронт офисінің сарапшылары ел өңірлеріне мониторингтік сапарлар ұйымдастырып жатыр. Оның аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және волонтерлік ұйымдардың жетекшілерімен кездесулер өткізіліп, жергілікті жерлердегі волонтерлік қызметтің өзекті мәселелері бойынша жан-жақты талдау жиналады.
- Қазіргі таңда 5 өңір бойынша (Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалалары) жұмыс толық аяқталды. Биыл қыркүйекке дейін қалған өңірлерді қамту және жиналған деректерді жүйелеп, жылдың соңына дейін елдегі волонтерліктің даму бағытын айқындайтын тұжырымдаманы әзірлеу жоспарланған, - деп атап өтеді Мәдениет министрлігі.
Бұған дейін Волонтердің цифрлық паспорты жыл соңына дейін енгізілетінін жазған едік.