Жылдам контент жұтаң ойға жетелейді

19.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Әсіресе, мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушылары арасында қысқа форматтағы видеолар мен ойын-сауық контентінің танымалдығы артып келеді. Алайда мұндай үрдіс баланың дамуына қалай әсер етеді? Бұл сұрақ бүгінде ата-аналар мен мамандарды алаңдатып отыр.

Қазіргі балалар – өте еліктегіш, қабылдағыш буын. Олар көргенін қайталап, естігенін тез сіңіріп алады. Сондықтан бала санасына қандай контент жетіп жатқаны аса маңызды. Ұлттық болмыс пен қазақы құндылықтарға негізделген сапалы контент қана өскелең ұрпақтың дұрыс қалыптасуына жол ашады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақ­тастықта жұмыс істеп келе жатқан психолог, ЮНИСЕФ-тің ұлттық тренері Сымбат Нұртазақызы мектепке дейінгі және баста­уыш сынып жасындағы балалар арасында ең кең таралған платформалар қатарында қысқа бейне форматындағы контент ұсынатын YouTube, TikTok, Instagram (Reels), YouTube Kids сынды әлеуметтік желілер барын айтты. Бұл платформалар балаларға визуалды тұрғыдан өте тартымды, бейнелер қысқа, динамикалық және эмоциялық тұрғыдан әсерлі болады.

– ЮНИСЕФ-тің Kazakhstan Kids Online зерттеуі балалардың интернетті негізінен ойын-сауық және бейне көру мақсатында пайдаланатынын көрсетеді. Цифрлық орта белгілі бір деңгейде баланың дамуына пайдалы: танымдық контент арқылы жаңа ақпарат алып, тілдік қорын кеңейтеді.

Сонымен қатар экран алдында ұзақ уақыт өткізу зейіннің тұрақтылығына, эмо­циялық реттелуге және әлеуметтік қа­рым-қатынас дағдыларына кері әсер етуі мүмкін. Психологиялық зерттеулер жылдам ауысатын визуалды контентке жиі үйренген балаларда ұзақ уақыт зейін қоюды қажет ететін әрекеттерге қызығушылықтың төмендейтінін көрсетеді, – дейді сарапшы.

Қысқа видеолардың психикаға әсері

Маман қысқа форматтағы видеолардың бала психикасына әсері бар екенін атап өтеді. Оның айтуынша, мұндай контенттің басты ерекшелігі – ақпараттың өте жылдам берілуі. 

– Нейропсихологиялық тұрғыдан мұн­дай контент мидағы дофаминдік марапат жүйесін белсендіреді. Яғни, бала әр жаңа видеодан тез эмоциялық әсер алып, бірсәт­тік қанағат сезімін бастан кешіреді. Бұл жүйе жиі белсенген сайын бала жылдам әрі жеңіл қабылданатын ақпаратқа бейім­деліп, күрделі немесе ұзақ уақыт зейін қою­ды талап ететін әрекеттерге қызы­ғушылығы төмендеуі мүмкін.

Зерттеулер қысқа видеоларды шамадан тыс қарау зейіннің шашырауына, тез жа­лығуға, есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне және оқу процесіне деген ынтаның тө­мен­деуіне алып келуі ықтимал екенін көрсетеді. Сонымен қатар мұндай контентке тәуелділік белгілері де байқалуы мүмкін, – дейді психолог.

Сондықтан мамандар экран уақытын шектеумен қатар, баланың күн тәртібіне танымдық, шығармашылық және қимыл-қозғалысқа негізделген баламалы әрекеттерді енгізуді ұсынады.

Баланың ерте жастағы дамуы – оның болашақтағы сөйлеу, ойлау және қарым-қатынас қабілетінің негізін қалайды. Соңғы жылдары смартфон мен планшеттің қол­жетімділігі артқан сайын, балалардың экран алдында өткізетін уақыты да көбейіп отыр. 

– Баланың тілдік дамуы ең алдымен тірі қарым-қатынас арқылы қалыптасады: ата-анамен сөйлесу, бірлескен ойын, эмо­ционалдық байланыс негізгі рөл атқарады. Бала ересектердің дауысын естіп, мимикасы мен реакциясын бақылау арқылы тілдік және әлеуметтік дағдыларды меңгереді. Ал экран алдында ұзақ уақыт өткізу осындай табиғи коммуникацияның азаюына әкелуі мүмкін.

Ғылыми әдебиетте бұл құбылыс interaction deficit деп аталады. Яғни, бала тіл мен әлеуметтік сигналдарды экраннан емес, нақты адаммен қарым-қатынас барысында тиімді игереді. Сол себепті ерте жаста экран уақытын шектеу, баламен жиі сөйлесу, бірге ойнау және күнделікті әрекеттерді диалог арқылы жүргізу оның сөйлеу дамуы үшін аса маңызды, – дейді С.Нұртазақызы.

Ата-ана контент таңдағанда нені ескеруі керек?

Маман ата-аналарға контент таңдауда бірнеше маңызды критерийге мән беруді ұсынады. Оның айтуынша, ең алдымен контент баланың жасына сай болуға тиіс. Сонымен қатар агрессия мен қорқыныш элементтері болмауы, білімдік мазмұнның болуы маңызды.

ЮНИСЕФ мамандары ата-аналарға балалармен бірге контент қарап, оны талқылауға кеңес береді. Бұл баланың медианы сыни тұрғыда қабылдауына көмектеседі.

Экранға тәуелділік бір сәтте қалып­таспайды, ол баланың күнделікті дағдыла­ры мен мінез-құлқындағы біртіндеп өз­герістер арқылы байқалады. Психолог С.Нұртаза­қызының пікірінше, бұл құбы­лыс көбіне баланың бос уақытының басым бөлігі гаджеттерге тәуелді болған кезде күшейе түседі.

Зерттеулерде экран алдында ұзақ уақыт отыру баланың эмоциялық күйіне, мінез-құлқына және ұйқы сапасына әсер ететіні көрсетілген. Мұндай жағдайда балада мазасыздық пен ашушаңдық белгілері жиілеп, зейін тұрақтылығы төмендеуі мүмкін.

Баланы экраннан емес, әрекеттен қызықтыру керек

Қоғамның бұл дерті тек біздің елде емес, әлемнің барлық мемлекетінде қауіпті құбылысқа айналған. Сол себепті балаларды экраннан алыстату үшін түрлі амал-айла қолданылып жатыр. Мәселен, Финляндияда бастауыш білім беру жүйесінде балалардың көп уақыты ашық ауада өтеді: олар табиғатта ойнап, зерттеу арқылы үйренеді. Бұл әдіс баланың зейінін, қиялын және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған. Жапо­нияда балаларды ерте жастан бастап өздігінен әрекет етуге, топпен ойнауға және шығар­машылық жұмыстарға баулу кең таралған. Балабақшаларда рөлдік ойындар мен қолөнерге ерекше мән беріледі. Ал Оңтүстік Кореяда соңғы жылдары digital detox бағдарламалары енгізіліп, балаларға арнайы лагерьлерде гаджетсіз уақыт өткізу ұсыны­лады. Бұл тәжірибе олардың эмоциялық тұрақтылығын арттырып, тірі қарым-қатынасқа бейімдейді.

Осы үлгілер көрсеткендей, кітап оқу, сурет салу, спортпен айналысу, үстел ойындары, рөлдік ойындар және ата-анамен бірлескен іс-әрекеттер баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Мұндай әрекеттер баланың қиялын дамытып, сөйлеу қабілетін арттырады және эмоциялық тұрақтылығын нығайтады. Ең бастысы, бала үшін экран емес, шынайы орта мен тірі қарым-қатынас негізгі даму факторы болып қала береді.

Бүгінгі цифрлық заманда баланы экран­нан толық алыстату мүмкін емес. Бірақ оның қандай контент көріп отырғаны мен уақытын қалай өткізіп жатқаны – ең маңыз­ды мәселе. Бала көргенін қайталайды, естігенін бойына сіңіреді. Сондықтан оның ақпараттық ортасы саналы түрде қалыптасуға тиіс.

Ұлт болашағы экранның арғы жағындағы сапалы контенттен басталады. Сол себепті әр ата-ана баласына тек шектеу қойып қана қоймай, мазмұнды, тәрбиелік мәні бар дүниелерді ұсынып, бірге талқылап отырғаны жөн.

Әсет ҚАЛИ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью