Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Президент Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындысы туралы есепті тыңдады.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақталуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлесе қабылдаған жан-жақты шаралары ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі жылдық мәнде 17,1 пайызға ұлғайған.
"Бұл ретте шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттің өсуі жыл басындағы 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған", - деп жазылған хабарламада.
Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларды құрады.
Ал Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге ұлғайып, 27,8 триллион теңгені құрады.
Сүлейменов Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша тапсырмалардың орындалу барысын таныстырды.
"19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банктің клиенттеріне өзара QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін тетік іске қосылды. Жүйе жұмыс істей бастаған сәттен бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді", - деді Ұлттық банк басшысы.
Қазір Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.
Президент Ұлттық банк қызметі бойынша бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңызына назар аударды.