Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Құрсай каналының үстінен өтетін автомобиль және жаяу жүргіншілерге арналған көпірді өткен жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланған еді. Алайда арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, нысан әлі пайдалануға берілген жоқ: құрылыс бірнеше рет тоқтап, мердігер ауыстырылды, ал қала тұрғындары күн сайын кептелісте тұр.
Әңгіме У. Абдрахманов көшесіндегі көпір туралы болып отыр. Оның ұзындығы небәрі 25 метр болса, екі жақтағы кіреберіс жолдарымен бірге жалпы ұзындығы 158 метрді құрайды.
Құрсай өзегінің бойына орналасқан көпір 2024 жылы болған су тасқыны кезінде қатты кедергі болған еді. Яғни, өзек суының ағысына тосқауыл болып, қиындық туғызады. Ендігі мақсат ескі көпірді бұзып, жаңасын салу жоспарға енеді.
Сөйтіп 2025 жылдың 10 маусымында көпір құрылысы басталады. Бұған бюджеттен 363 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысын мердігер "МарсСтрой" ЖШС жеңіп алады.
- Мердігер көпір құрылысын 2025 жылдың 10 қазанында, яғни бес айдың ішінде бітіріп тапсыруы керек еді. Алайда олар жұмыс кестесінен кейін қалып қойды. Біздің тарапымыздан бірнеше рет ескерту де берілді. Бар-жоғы 40 млн теңгенің жұмысын жасап мүлдем тоқтады,-дейді тапсырысшы аудандық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімінің маманы.
Тұрғындар тарапынан да көпір құрылысына байланысты арыз, шағымдар көбейеді. Көлік кептелісін туғызған көпір қаланың орталығында орналасқан.
"АЖ" тілшісі де көпір құрылысының тұралап тұрғанына көз жеткізді. Өйткені көпір құрылысы басы жым-жырт күйде болды.
Бүгінде көпір құрылысын "БУКА" ЖШС жалғастыруды міндетіне алған. Ал "МарсСтрой" ЖШС-мен тапсырысшы жұмыс кестесінен кейін қалуына байланысты келісім шартты біржақты бұзып тастаған болатын. Жосықшы қатысушы деп тану үшін тапсырысшы, аудандық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімі Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған сотқа берген болатын.
Бүгінде көпірдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Көпірдің екі жақ бөлігінің бетондау жұмыстары толық аяқталып, енді көпір арқалықтары қалған.
- Мердігер тапсырыс берген, бірақ ол арқалықтар қашан келетінін білмеймін, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Көпір құрылысы 1 шілдеде аяқталуы керек. Оған да бір ай уақыт қалды. Қазіргі көпір құрылысына қарағанда дәл сол уақытта аяқталады деу бекер ме дейсің.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
Бүгін, 12:21