Жылына 30 миллион жұмыртқа өндіреді

25.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Жердің көркіне телінген Меркі жерінде «ЭкоФерма» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобаның капсула салу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа нысанның құрылысы уақтылы аяқталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ іс-шараға қатысқан өзге де азаматтар мен мамандар жаңа жобаның жергілікті жұртқа тигізер пайдасы зор екенін алға тартып отыр.

«Кейінгі жылдары өңірдің ауыл ша­руашылығы саласын өркендетуге ай­рықша басымдық беріп отырғанымызды жергілікті жұрт жақсы біледі. Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының өндірістік тізбегін нығайтып, асыл тұқымды қорды қалыптастыруға мүмкіндік туғызатыны талас тудырмаса керек. Нәтижесінде, өнімнің сапасы артып, өндіріс тиімділігі жоғарылай түсетіні анық. Соның арқасында импортқа деген тәуелділік төмендейтінін айтпай кетуге болмас.

Ең бастысы, агроөнеркәсіп кешеніндегі қосылған құн көлемі өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдардың дамуына айтарлықтай серпіне береді деп сенемін. Мұны жергілікті жұрт та айқын сезініп отыр деп есептеймін», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Жоба жетекшісі Бақыт Көкебаев іргелі бастаманы жүзеге асыру арқылы бірқатар мәселені шешуге бел буып отырғаны байқалады. Оның айтуынша, бұл бастама өндірістік нысан салумен толастамайды екен. Ауқымды жобаны жүзеге асыру арқылы кәсіпкер ауыл-аймақты өркендетуге айрықша ден қойып отырғаны көкейге қонады. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өндірістің әлеуетін арттыруға ерекше басымдық берілмек.

Ресми дерекке сенсек, ауқымды жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды екен. Жобаны жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен қаржыландыруға тәуекел етіп отыр. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың тауық өсіріледі деген мәлімет бар. Алдағы уақытта оның қуаты 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Жоба аясында әр тауықтан жылына 300–320 жұмыртқа алу көзделген.

Ауылда қолға алынған іргелі жобаны жергілікті халық та қолдап, қуаттап отырғанын айта кеткен жөн. Олардың айтуынша, құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа бастама жергілікті халық­тың жұмыспен қамтылуына айтарлықтай ықпал етеді.

«Ауылымызда осындай жобаның қолға алынғаны көңіл қуантады. Жаңа кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде жергілікті жастар екі қолға бір күрек табады деген сенім зор. Жалпы, мұндай ілкімді инвестиция тарту арқылы кез келген ауылды көркейтуге мүмкіндік мол екеніне күмән жоқ.

Еліміздің қай қиырында болсын қазіргі кезде елді мекендер көркейіп, гүлденіп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Оған біз шын ниетпен қуанамыз. Өйткені ауыл – әрқайсымыздың алтын бесігіміз. Ал алтын бесіктің гүлденгенінен ешкім ұтылмайды», дейді ауыл ақсақалы Белгібай Айнақұлов.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 20–25 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жұмысқа жергі­лікті тұрғындар қабылданады. Осылайша, жеке кәсіпкер жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ниеттеніп отыр.

Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде Жамбыл өңірі негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша еліміздегі жетекші облыстардың қатарына еніпті. Нақтырақ айтсақ, кейінгі үш жылда эконо­микаға 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында өңір республикадағы инвестициялық өсімі жоғары аймақтардың қатарына қосылып үлгерген.

Ал осы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 млрд теңгені құрайтын төрт жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл көрсеткішті әрмен қарай үстемелеуге ден қойып отыр.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан дерекке жүгінсек, жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланған көрінеді. Ал алдағы бірнеше жылдың бедерінде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 жобадан тұратын инвестициялық пул кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Қалай десек те, кейінгі уақытта Жамбыл өңірінде көптеген зауыт пен кәсіпорын бой көтергенін жергілікті жұрт көзбен көріп отыр. Салынған зауыттардың санатында химия өнеркәсібін дамытуға бағытталған кәсіпорындар да баршылық. Олар өндірген өнім негізінен алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортқа шығарылады.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері өңірге шетелдік инвесторларды тартумен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің де еркін жұмыс істеуіне, жүйелі жобасын уақтылы жүзеге асыруына мүмкіндік туғызып отырғаны көңіл тоғайтады. Ал жергілікті азаматтар өз кезегінде жамбылдық азаматтарды қолдан келгенше жұмыспен қамтуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге ден қойып отырғанын айтпай кетуге болмас.

Жамбыл облысы 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью