Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Шоқпартоғай ауылында ауданның негізгі мал басы шоғырланған жерде, су тартылып барады: бес су қоймасының екеуі ғана қалды, олардың өзі лайланып, батпаққа айнала бастаған.
Фермерлер қазірдің өзінде су тапшылығын айтып, алдағы жазды қалай өткеру жолын іздеуде.
Ауданның басым көпшілігіндегі төрт түлік мал осы ауылдың далалығына шоғырланған. Көрші ауылдардың мал жайылысы осы жерге ұйысқан. Бүгінде ауыл адамдары мен шаруа қожалықтары мал ішетін суаттардың тартылып кетуіне алаңдаулы.
- Бес суат болса, соның екеуінде су бар да, ал қалған үшеуі құрғап қалған. Сумен уақтылы толығып отырмағасын суаттар шіруге айналған. Малға су қоры әлден жетпей жатқанда жазда не болады, қырылып қалады ғой,-дейді шаруалар.
Шаруагерлер ҚР Үкіметіне үндеу тастағанымен көмек әлі берілген жоқ. Аудандық әкімдік Шоқпартоғай ауылында жиналыс өткізгенімен нақты жауап берген жоқ.
Ауылдың кейбір адамдары амал жоқтықтан топырақпен жартылай бөгет (видеода көрініп тұр) жасамақ болған. Топырақпен бөгет тұрғызу заңсыз болып табылады, қылмыстық іс көтеріледі. Бұл жөнінде әкімдік тұрғындарға шегелеп ескертуде.
Жалпы Ақтөбе өңірінен келетін өр суы азайған, қарлар еріп біткен. Жемге жеткілікті су келмегесін қуаңшылық болуы мүмкін екенін шаруагерлер әлден ескертуде.
Әкімдікте мәселені шешу үшін сорғылар арқылы су жеткізу нұсқасы қарастырылып жатқанын хабарлады. Бұл үшін Жайық–Каспий бассейндік кәсіпорнымен және су ресурстары органдарымен келісім қажет болады. Алайда нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Фермерлердің айтуынша, уақыт барған сайын қысқарып барады: жаз жақындап қалды, ал су көздері күн сайын азаюда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бүгін, 12:50