Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен жалған үлестік қатысу шарттарын пайдалана отырып, пәтерлерді заңсыз иемденуге қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Схема
Тергеу мәліметтері бойынша, Б. А. "Төленді" тұрғын үй құрылыс кооперативін басқара отырып, 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқыру схемасын ұйымдастырған. Осы дерек бойынша ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
"Кейіннен тұрғын үйлердің құрылысы Астана әкімдігінің қатысуымен аяқталды. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал санаттарына беруге арналған еді. Б. А. түзеу мекемесінен босап шыққан соң, сыбайластарымен бірге аталған жылжымайтын мүлікті иемденудің жаңа схемасын жасап шығарған", - деп хабарлады ҚМА.
Ведомствоның нақтылауынша, ол үшін іс жүзінде үлескер болып табылмайтын және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына өткен күнмен жалған пайлық жарна шарттары ресімделген. Содан кейін "жалған үлескерлердің" атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық туралы арыздар берілген. Соның негізінде қылмыстық істер қозғалып, арызданушылар жәбірленуші деп танылған.
Алынған сот шешімдерін пәтерлерді меншік ретінде ресімдеу үшін пайдалану жоспарланған. Кейіннен жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғаларға сатып, түскен қаражатты схемаға қатысушылар арасында бөліске салу көзделген.
"19 адам - күдікті"Тергеу барысында схемаға 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны, олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын ресімдеу жоспарланғаны анықталды. Осылайша, жалпы құны 4,4 миллиард теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
"Схемада рөлдер нақты бөлінген: қатысушылардың бірі жалған үлескерлерді тауып, оларға жалған шарттар ресімдесе, екіншілері оларды үшінші тұлғаларға сатып, қылмыстық істердің сүйемелдеуін қамтамасыз еткен. Жалған пайлық жарна шарттары азаматтарға сатылған. Оларға келтірілген шығын көлемі 400 миллион теңгеден асты", - деп мәлімдеді ҚМА.
Сонымен қатар, ҚМА мәліметінше, полиция қызметкерлерінің де қатысы бар екені анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау фактілері бойынша тергеу амалдары тіркелді.
"19 тұлға күдікті деп танылды, олардың 9-ына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Олардың құны 250 миллион теңгеден асатын мүлкіне арест қойылды", - деп нақтылады ведомство өкілдері.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға көшті. ҚМА өкілдерінің ақпаратынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінген 251 миллион теңгені жымқыру ісі тергеліп жатқаны хабарланған болатын. ҚМА мәліметінше, субсидия алу үшін жалған құжаттар пайдаланылып, қаражаттың бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға жұмсалған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу