Зияткер тұлғаның құқы мен міндеті

10.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Фото: Жамаладен Ибрагимовтің жеке мұрағатынан

Кіріспеге білім мен ғылым­ды қосу бұлардың қоғам да­муының екінші қатарындағы мәселе емес, ел болашағының негізі ретінде қарастырылып отырғанын білдіреді. Сонымен қатар конституциялық құрылыс негіздерінің (3-бап, 2-тармақ) шеңберінде бұл құндылық алғаш рет әрі нақты бекітіліп, мемлекеттің стратегиялық бағы­ты ретінде танылды. Бұл енді тек декларация емес, жоғары заңдық мандат. Биліктің барлық тармағы – заң шығарушы, атқа­рушы және сот – өз саясатын осы басымдықты ескере отырып қалыптастыруы керек дегенді білдіреді. Бюджеттер, заңдар мен кадр саясаты осы мақсатқа қызмет етуі қажет.

Негізгі заңның 33-бабы білім саласындағы әлеуметтік кепілдік­терді күшейтеді: орта білім берудің міндетті және тегін сипаты тағы да расталды. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін оқуға қабылдау әділдікті және дарынды тұлғаларды іріктеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік білім беру стандарттары (4-тар­мақ) біртұтас білім беру ортасын, жоға­ры сапалы оқыту нәтижелерін қамтамасыз етеді. Еркін академиялық ізденіс пен оқуға қолайлы бейтарап және интеллектуалды ортаны қолдайтын білім беру жүйесінің зайырлы сипаты (5-тармақ) – шешуші қағидат. Шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау – прогрестің драйвері.

23-бапта ғылыми-техникалық шығармашылық еркіндігіне анық кепілдік берілген. Бұл батыл гипотезалардың, іргелі зерттеулердің әрі технологиялық жетістіктердің негізін құрайды. Зияткерлік меншікті қорғау туралы ереже (2-тармақ) ға­лым­дары­мыздың жұмысын коммерцияландыру, стартаптар мен шағын инно­вациялық кәсіпорындар құру үшін құ­қықтық негізді белгілейді. Осылайша, университеттер білікті мамандардың көзі ғана емес, экономика үшін жаңа технологиялар мен идеялардың генераторына айналады.

Жаңа Конституцияда та­биғатты аялау ел дамуының басты бағдары ретінде бел­гілен­ген. Бұл түбегейлі жаңа көзқарасты білдіреді: эко­гиялық мәселелер өмір сүру сапа­сымен, экономикалық дамумен, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ерекше, маңызды саласы ретінде қарастырылып отыр.

Сондай-ақ бұл тұжырым технологиялық прогресс, білім және ғылым қоршаған ортаны қорғаумен және ресурстарды ұтымды пайдаланумен тығыз байланысты болатын тұрақты даму философиясын бекітеді.

Тағы бір маңызды мәселе – жаңа Конституция адамның өміріне, құқықтары мен қадір-қасиетіне негізделген жүйені дәйекті түрде белгілейді (1-бап). Бұл қағида Негізгі заңның бүкіл мәтініне еніп, мемлекет дамуының гуманистік бағытын айқындап тұр. Жеке адамның құқықтары мен бостандықтары, адамның қадір-қасиетін құр­меттеу мен ақпаратқа қол жет­кізу кепілдіктері (21-бап) азаматтың шығармашылық, ғылы­ми және зияткерлік әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасайды.

Дәл осы білімді, еркін, сыни тұрғыдан ойлайтын әрі жауапты тұлға – елдің ең үлкен байлығы әрі дамудың негізгі ресурсы. Бұл мақсатты азаматтар жаңа Ата заңды жүзеге асыруда негізге алады деп ойлаймыз.

Жамаладен ИБРАГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью