Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Аяқталған оқу жылы Ертіс-Баян өңірі үшін аса нәтижелі болды. Павлодарлық жас өрендер түрлі деңгейдегі беделді зияткерлік жарыстарда 307 медаль жеңіп алып, жыл қорытындысы бойынша облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда – 2026» атанды.
Оқушыларды жетістіктерімен құттықтаған өңір басшысы жас таланттардың табыстары бүкіл облыс үшін ерекше мақтаныш екенін атап өтті.
– Бүгін осы залға жиналған талантты жастар – Отанын шынайы сүйетін патриот ұрпақтың үздік өкілдері. Биыл облысымыз 307 медаль жеңіп алып, еліміздің көшбасшы өңірлерінің қатарына енді. Халықаралық деңгейдегі 56 марапат баршамызға үлкен мақтаныш. Бұл павлодарлық оқушылардың жоғары зияткерлік әлеуетінің айқын дәлелі, – деді Асайын Байханов.
Ол қазіргі әлемнің технологиялардың ықпалымен қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтіп, бүгінгі оқушылар ертеңгі жаңашыл өзгерістердің көшбасшылары болатынын айтты. Сонымен қатар адалдық, жауапкершілік, әділдік секілді құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Ұстаздар мен ата-аналарға да алғыс сөздер айтылды. Әрбір жоғары жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, отбасының қолдауы мен ұстаздардың кәсібилігі тұрғанын ерекше атап өтті.
Өңір басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғысхаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Ал оқушылар облыс басшылығына көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.
– Өңірімізде мақтан тұтуға тұрарлық талантты әрі дарынды жастар өте көп. Жас дарындарға қолдау көрсету бізді одан әрі дамуға, жаңа білім алуға ынталандырады, – деді Павлодар қаласындағы ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы, ашық халықаралық олимпиаданың және биология пәні бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Ерсұлтан Қайыркен.
«Бүгін осы жерде болу – әрқайсымыз үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш. Олимпиадалардағы жеңістеріміздің артында облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін үлкен қолдау тұр. Жастардың әлеуетіне сеніп, әр таланттың ашылуына жағдай жасап отырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз», деді Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейінің оқушысы Юлия Катунина. Ол қыздар арасындағы Еуропалық олимпиаданың және республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасы мен «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының қола жүлдегері.
Павлодар облысы