Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Бүгінге жаңа үлгідегі экономиканы қалыптастыруға да зияткерлік меншіктің қосатын үлесі зор. Өйткені авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын тиімді қорғау мәдениеттің, медиаиндустрияның және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер етеді. Ал елімізде зияткерлік меншікті қорғау күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Тиісті нормативтік іргетас қалыптасты, зияткерлік меншікті қорғау жүйесі тиянақты жұмыс істеп тұр.
Әдетте музыка, фильмдер, кітаптар, телебағдарламалар және өзге де контент күн сайын радиода, теледидарда, кафелерде, сауда орталықтарында және интернет желісінде қолданылады. Бұған көзіміз үйреніп кеткен. Алайда кез келген туындының авторы болады. Өнімдер авторлардың зияткерлік еңбегінің нәтижесінде дүниеге келеді. Ал мемлекет автор еңбегін, зияткершік меншікті қорғауды құқықтық тұрғыда кепілдендірілген. Дегенмен зияткерлік меншікті қорғаудың да түрлі қыры бар.
Айталық, бұл салада «құқықтарды ұжымдық басқару жүйесі» дейтін ұғым бар. Бұл жүйе автордың өз туындыларын пайдалануды жеке бақылауы мүмкін емес жағдайларда қалыптасты. XIX ғасырдың өзінде Еуропада туындыларды пайдаланғаны үшін сыйақы жинау және бөлу жұмыстарын жүзеге асырған алғашқы ұйымдар пайда болды. Технологиялар дамыған сайын бұл жүйе кеңінен таралып, оның ішінде Қазақстанда да қолданыла бастады. Қазір ол авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды буыны болып есептеледі.
Бұл жүйеде құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар (ҚҰБҰ) ерекше рөл атқарады. Әдетте қоғамдық бірлестіктер, жеке мекемелер және заңды тұлғалардың бірлестіктері сипатында құрылатын бұл құрылымдар коммерциялық емес ұйымдар қатарына кіреді. Олардың негізгі міндеті – авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақыны жинау, бөлу және төлеу. Мұндай ұйымдар авторлар, құқық иеленушілер және пайдаланушылар арасындағы делдал ретінде әрекет етіп, барлық қатысушы мүдделерінің теңдігін сақтауға қызмет етеді. Бүгінде Қазақстанда мұндай 13 ұйым тіркелсе, олардың алтауы аккредитация алған.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жүйенің тиімді жұмыс істеуіне мұндай ұйымдардың саны тым қатты әсер ете қоймайтыны байқалады. Кейбір мемлекеттерде мұндай ұйымдардың саны мол болса, енді біреуінде санаулы ғана кездеседі. Тіпті, халқы көп кейбір елдерде осындай ұйымдардың саны айтарлықтай аз. Демек, мұндай ұйымдардың көп болуы зияткерлік меншікті қорғау мәселесінде шешуші рөл атқармайды деген сөз. Керісінше, ұйымдарға авторлар мен құқық иеленушілердің сенуі, ұйым жұмысының ашықтығы мен сыйақы бөлудің тиімді тетіктері алдыңғы қатарға шығады.
Елімізде зияткерлік меншікті қорғау саласында нақты институционалды база қалыптасқанымен, әлі де бірқатар мәселе бар. Бұл мәселелер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар жұмысына байланысты туындап жатады. Айталық, ұйым жұмысының жеткілікті деңгейде ашық болмауы, пайдаланушылар үшін рәсімдердің күрделі болуы, сондай-ақ авторлардың өз туындыларының пайдаланылуы, жиналған, бөлінген және төленген сыйақы көлемі туралы ақпаратқа толық деңгейде қол жеткізе аламуы қатарлы өзекті мәселелер бар. Дегенмен құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар біршама қаржы жинайды. ҚҰБҰ есептеріне қарағанда 2024 жылы олар 1,7 млрд теңгеден астам қаражат жинаған. Оның ішінде 1,2 млрд теңгеден астамы бөлінген, ал авторларға шамамен 920 млн теңге төленген. Ал 2025 жылдың есебі биыл сәуірдің ортасына қарай жарияланады. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғау мен авторлардың еңбегін бағалау мәселесіне былтыр қандай нәтижеге қол жеткізілгенін көп кешікпей бағалау мүмкіндігі туады. Әзірге біз алдыңғы жылдың деректерін басшылыққа алдық.
Әрине, жиналған қаржының көлемі аз емес. Бірақ авторлар мен құқық иеленушілердің өтініштері есептің ашықтығы мен сыйақыны уақытылы төлеуге қатысты мәселелердің бар екенін көрсетті. Авторлар әрдайым өз туындыларының пайдаланылуы туралы толық ақпарат ала алмайды. Бұл сыйақының есептелуін бақылауды қиындатып, жүйеге деген сенім деңгейін төмендетеді.
Сонымен қатар салада қағаз құжат айналымының үлесі әлі де жоғары. Пайдаланушылармен жасалатын шарттар, сондай-ақ туындыларды пайдалану туралы есептер көп жағдайда дәстүрлі (қағаз) түрде рәсімделеді, бұл деректерді есепке алу мен талдау үдерістерін қиындатады.
Жекелеген рәсімдер, соның ішінде пайдаланушылармен есеп айырысулар, одан әрі стандарттауды және заманауи цифрлық шешімдерге көшуді талап етеді. Аталған факторлар құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жаңғырту қажеттілігін айқындады.
Осы ретте 2025 жылғы 24 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында көзделген құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформаны енгізу авторлық сыйақының ашықтығы мен уақытылы төленуін қамтамасыз етудегі негізгі қадамға айналып келе жатқанын да атап өту керек.
Сонымен қатар алғаш рет Қазақстан Республикасы Конституциясы деңгейінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бекітілді, бұл креативті экономиканың және инновациялық белсенділіктің дамуына тың серпін береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында да атап өтті.
Осыған байланысты бірыңғай цифрлық платформа жай ғана технологиялық құрал емес, авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын іске асырудың толыққанды тетігі болып саналады. Ол авторлар, құқық иеленушілер, ҚҰБҰ және пайдаланушылар өзара әрекеттесетін бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастырады, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді, өзара іс-қимылды жеңілдетеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және рәсімдерді ыңғайлы етеді.
Құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін цифрландыру «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бағытына және заманауи сервистерді дамытуға да сәйкес келеді. Жаңа платформа авторларға өз туындыларының пайдаланылуын дербес бақылауға мүмкіндік береді.
Шолпан АБДРЕЕВА,
Әділет министрлігінің
Зияткерлік меншік құқығы
комитетінің төрағасы